Орал қаласында мемлекеттік тапсырысты орындайтын 44 жеке балабақша бар. Ал баланы мемлекеттік балабақша кезегіне қою, жолдама беру толығымен автоматтандырылғаны белгілі. Бұл бағытта арнайы портал қызмет етеді. Осы орайда Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова мен ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы жұмыс тобының мүшесі Евгений Щербановтан аталмыш жүйенің артықшылығын білген едік.
Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Меңешқызының айтуынша, білім беру саласындағы цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында құрылған. Бір жағынан ата-аналарға да ыңғайлы. Олар құзырлы органдарға бармай-ақ, үйде, жұмыста отырып балабақша кезегін бақылай алады. Ал бағдарламаны құрастырушы Евгений Щербановтың сөзінше, балаларды балабақша кезегіне қою және балабақшаларға қабылдау ережесі 2017 жылы өзгерген.
- Бұл барлық елде сыбайластыққа жол бермеу мақсатында жасалған бағдарлама. Электронды жүйе кезегіне білім беру бөлімі, бөбекжай басшылары араласа алмайды. Кезекке әр ата-ана бала дүниеге келген жылы тіркеледі. Себебі бүлдіршіндер балабақшада жас ерекшелігіне қарай бөлінеді. Мәселен, «бөбекжайдан 100 балаға орын босады, менің балам неге қабылданбады» дегендер қай жылғы балалардың бұл орынды босатқанын қарауы керек,- дейді ол.
Бөбекжайдан орын бөлу жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Әсіресе, балалардың біразы балабақшадан мектепке кететін жаз айында орын көп босайды. Ақпараттық жүйеге өтініш беру электронды Үкімет порталы арқылы, ХҚКО және білім беру кеңсесі арқылы жүргізіледі. Барлық өтініштерді робот тексереді. Жеңілдіктер екі санат бойынша жасалады екен. Кезектен тыс әскери және арнайы орган қызметкерлерінің балалары қабылданса, бірінші кезекте ерекше санаттағы балғындар мен мүмкіндігі шектеулі ата-ананың, көпбалалы отбасының балалары мен қамқорлықтағы балғындар тұр. Мәселен, Зашағандағы «Заңғар» балабақшасын мысалға алсақ, бұл ауданда әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметкерлер көп тұратындықтан, мұнда баланы балабақша кезегіне тұрғызу оңай емес. Өз кезегінде Жансұлу Меңешқызы жеке балабақшалар да мемлекеттік тапсырысты орындайтындықтан, онда төлемақы 12 мың теңгеден аспайтынын ескертті.
Оставить комментарий