Елбасы биылғы Жолдауының «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» атты екінші міндетінде қатты тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қажеттілігіне тоқталғаны белгілі. Соған орай Батыс Қазақстан облысында да тиісті іс-шаралар қолға алынуда.
Облыста жылына орта есеппен 108 мың тоннадай қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинақталады. Бүгінгі күні өңірімізде 6,2 млн. тонна қалдық бар. Аудандарда 318 қоқыс орны және Орал, Ақсай қалаларында 2 ҚТҚ полигоны орналасқан. Қоқыс орындарын заңнамалар талаптарына сәйкестендіру мақсатында бүгінгі таңда аудандық әкімдіктермен қоқыс орындарына 247 жер телімі (77%) ресімделді, қалғаны ресімделу үстінде.
Дәстүрлі тәсіл, яғни қалдықтарды қоқыс орындарына тасып шығару тиімсіз әрі қауіпті екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Содан келіп қазіргі қоқыс орындары қоршаған ортаға шектен тыс салмақ түсіруде және ол топырақтың, жер асты сулары мен атмосфераның негізгі ластаушы болып табылады. Ал қалдықтарды басқару бойынша еліміздегі тәжірбие көрсеткендей, ірі қоқыс өңдеу зауыттарын салу тиімсіз. Қазақстан үшін ең оңтайлы әдіс қоқыстарды бөлек жинау және сұрыптау, ҚТҚ-ны кіші және орта бизнес кәсіпорындарында өңдеу болып табылады. Соған орай ел үкіметімен бірқатар іс-шаралар қолға алынып, республикамызда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кәсіпорындар құрылып, жұмыстарын бастады. Алайда олар қосалқы шикізаттардың тапшылығына кезігуде. Тұрғындар қоқыстарды бөліп, сұрыптамай, барлығын бір жерге тастай салуы оған себеп болып отыр. Ал жеңіл ақша тауып отырған қоқыс орындары бұл қалдықтарды сұрыптауға мүдделі емес.
Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне және заңнамаларға тиісті талаптардың енгізілуіне байланысты облысымызда да қалдықтарды бөлек жинау бойынша жұмыстар басталды. Қалдықтарды бөлек жинау және кәсіпкерлік нысандарын қалдықтарды басқару саласына тарту оң нәтиже беруде. Соңғы үш жылда ҚТҚ өңдеу 0,8 %-дан 2,14 %-ға дейін артты.
Облыста 2020 жылға дейінгі тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды, кәдеге жаратуды және қайта өңдеуді енгізу бойынша төрт жол картасы жасақталып, бекітілді. Өңірде қалдықтарды бөлек жинау үшін 1084 торлы контейнер, оның 767-сі Орал қаласына, 317-сі аудандарға қойылды. Ақсай қаласында 2016-2017 жылдары қалдықтарды жинау үшін 118 бірлік жерасты контейнері орнатылды. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында үкімет қаулысымен «ӨКМ операторы» ЖШС құрылды. Бұл серіктестік шығарылған өнімнің қоршаған ортаға залалын барынша төмендету бағытында жұмыс істейді. Өңдеуші кәсіпорындар қалдықтарды жинағаны және қайталап пайдаланғаны үшін ӨКМ операторынан тиісті өтемақы алады. Мысалы, республика бойынша 2016 жылы автокөлік шиналарын өңдеуші кәсіпорындар 540 млн. теңгеден астам қаржы алса, ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға тапсырған заңды және жеке тұлғаларға 849,1 млн. теңге төленді. Сонымен қатар тұрғындарды қалдықтармен сауатты жұмыстануға шақыратын экологиялық білім беру жүйесін де қолға алуда. Серіктестік сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды, батарейкаларды жинау үшін облысымызға 54 арнайы контейнер орнатты, оның 27-сі Орал қаласына және 27-сі аудан орталықтарына қойылды.
Оставить комментарий