Қазіргі таңда спорт саласына көп көңіл бөлінуде. Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевамен сұхбаттасқан едік.
-Әсия Рахымқызы, БҚО-дағы олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерінің дамуы мен болашағы туралы айта кетсеңіз.
- Өңірде спорт саласының дамуы көңіл қуантарлық. Айта кетсек, биыл олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар сапына 237 батысқазақстандық спортшы ілікті. Яғни жазғы олимпиадалық спорттан 205, қысқы олимпиадалық спорт түрінен 32 спортшы болашақта спорттық додаларда өнер көрсетпек. Былтыр ұлттық құрамада 219 спортшы болған еді. Облыс спортшылары спорттың олимпиадалық емес 26 түрінен, жазғы олимпиадалық спорттың 24 түрінен, қысқы олимпиадалық спорттың 4, паралимпиадалық спорттың 20, ұлттық спорттың 8 түрі бойынша саралаудан өтті.Ағымдағы жылдың бес айында Қазақстан Республикасының чемпионаттарында бақ сынаған 34 ересек, 12 жас, 46 жасөспірім спортшы жүлдегер атанды. Республикалық, халықаралық спорттық-бұқаралық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына 554 спорттық шара енгізілді. Бүгінгі күні аталған жоспардың 83,1 пайызы орындалды. Бұл көрсеткіш күнтізбелік жоспардың сапалы бекітілгенін және қаржының тиімді игерілуде екенін көрсетеді. Қысқы олимпиадалық спорт түрлерін, соның ішінде шаңғы жарысы, сондай-ақ жеңіл атлетика бойынша білікті жаттықтырушылардың жеткіліксіздігінен аталмыш ойын түрлерін дамытуда қиындықтар кездесіп отыр. Облыста балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде олимпиадалық спорт түрлерінен үш халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 25 спорт шебері, 270 спорт шеберлігіне кандидат болса, 327 спортшының разряды бар.
- Өңірде спорттық кешендер жеткілікті ме? Яғни материалдық техникалық базасы туралы айта кетсеңіз.
- Былтыр «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жергілікті бюджет есебінен аудандарда 24 спорттық алаң бой көтерсе, Орал қаласында «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Street Workout» Қазақстан қауымдастығы есебінен 10 спорттық алаң салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ былтыр ҚПО б.в. компаниясының есебінен Ақсай қаласында және жергілікті бюджет есебінен Зеленов ауданының орталығында 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Қазіргі таңда ҚПО б.в. компаниясының есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталмыш кешен тамыз айында пайдалануға берілмек. Облысымыз бойынша Орал қаласы мен Бөрлі ауданында ғана дербес дене шынықтыру және спорт бөлімдері бар. Қалған 11 ауданда мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдері жұмыс істейді. Ауылдық округтерде спорт клубтарының нұсқаушы-әдіскерінің жоқтығына байланысты бұқаралық спортты дамыту жұмысымен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары айналысып отыр. Биылғы оқу жылында әйелдер күресі мен тоғызқұмалақтан бөлімшелер ашылды. Олимпиада резервтерін даярлау орталығында академиялық есу, бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, әйелдер күресі, велоспорт, шорт-трек, садақ ату, таэквондо, волейбол, жеңіл атлетика, ауыр атлетика секілді спорт түрлері дамытылуда. Аталмыш мектеп-интернатында 247 бала тәлім алып, 26 жаттықтырушы қызмет етіп жүр. Жас спортшылардың 44-і ұлттық құрама командасының мүшелері.
-Ақ Жайық өңірінде жасөспірімдерге арналған қанша спорт клубы бар?
-Өңірде 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болса, оның екеуі олимпиада резервінің мамандандырылған мектебі. Сонымен қатар олимпиада резервтерін даярлау орталығы, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі, спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты, 11 спорт клубы, оның ішінде «Ақжайық» спорт клубы, «Жайық» волейбол клубы, «Ақжайық» футбол клубы секілді кәсіпқой клубтар жұмыс істейді. Қазір 12 ауданның жетеуінде бұқаралық спортты дамыту бойынша спорт клубтары жұмыс жасайды. Олар Ақжайық ауданындағы «Жігер», Бөрлідегі «Ақсай», Қазталов ауданындағы «Айбын», Қаратөбе ауданындағы «Қаратөбе», Сырымдағы «Қайсар», Тасқаладағы мәдени-сауықтыру клубы мен Шыңғырлаудағы спорт клубы.
Оставить комментарий