Алматыда мемлекеттік қызметкерлер үшін ұйымдастырылған семинарда кәсіподақтар қызметін реформалау аясында әзірленген «Жол картасының» таныстырылымы өтті. Құжатта әлеуметтік әділеттілік пен серіктестік принциптерін дамыту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту, кәсіподақтарды нығайту және біріктіру жөнінде ережелер сипатталған.
Алматы кәсіподақтары ұйымы осылайша, бірқатар қол қойылған меморандумдардың арқасында, мегаполис азаматтарының лайықты еңбек ету құқығын, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің өмір сапасын арттыруды, жалақыны, зейнеткерлік және әлеуметтік төлемдерді уақытылы жасауды, бизнесті дамытуды, тұрақты жұмысбастылыққа қол жеткізуді, еңбек нарығының икемділігін, салауатты қауіпсіз жағдай қалыптастыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізуді мақсат етеді.
«Ұжымдық шарттардың ережелерінде әлеуметтік шиеленісті төмендету туралы, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қосымша кепілдіктері жөнінде шаралар белгіленген. Сондай-ақ, Ұжымдық шарттарға салауатты және қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын ұйымдастыру, еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі шараларды қаржыландыру көлемі, денсаулық қорғауды жақсарту туралы ережелер де енгізілген. Сондықтан да кәсіподақтар қабылданған ұжымдық шарттардың санын көбейту мен сапасын арттыру аясында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», — деді өз сөзінде «Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Зәуреш Өмірбаева.
Төраға бүгінгі күні ұжымдық шарттармен қамтылу деңгейі Қазақстан бойынша бар жоғы 34 пайыз екендігіне тоқталды. Ендігі жерде әлеуметтік-еңбек қатынастарының заманауи сипаты мен әлемдік талаптарға сай келетін әлеуметтік және еңбек шарттарының жаңа формалары дайындалуда. Әлеуметтік-өндірістік процестердегі ұжымдық шарттардың орны мен сапасын, рөлін арттыру — кәсіподақтар жұмысының басты аспектісі болып қала береді.
Кәсіподақтар әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс берушілермен жұмыс орындарын сақтау мәселесін де басты назарда ұстап отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау туралы, еліміз бойынша 2,8 миллион жұмыскерлерді қамтитын 115 мыңнан астам меморандумдарға қол қойылған.
«ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ
Бұл ретте қаланың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Кәсіби ауруды, өндірістік жарақат алып қалу деңгейін төмендетуге, өндірісте адам өліміне әкелетін қайғылы жағдайларды болдырмауға және еңбек қауіпсіздігін жақсартуға, өмір ұзақтығын ұлғайтуға, тұрғындардың денсаулығын сақтауға бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілгенін айтқан З.Өмірбаева Өндірістік кеңестердің маңыздылығын да атап өтті:
«Жыл сайын бір жарым мыңнан астам адам өндірісте жарақат алады, жүздеген адамдар қайтыс болады. Осы мақсатта еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі Өндірістік кеңес құру туралы жұмыс жүргізілуде. ҚР Еңбек Кодексінде Өндірістік кеңес туралы арнайы ереже бар екенін еске сала кеткім келеді. Кәсіподағы бар барлық ұйымдарда Өндірістік кеңестер құрылған. Кеңес еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақат алудан, кәсіби ауруларға ұшыраудан сақтандыру, ескерту бағытында жұмыс істейді, техникалдық инспекторлар арқылы жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруді ұйымдастырады».
Кәсіпорындарда жарақат алу деңгейін төмендету мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылды «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы» деп мәлімдеді. Бұл бастама қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласында еңбек заңдылығын сақтауға қоғамдық бақылауды күшейту мақсатын көздейді.
Сонымен бірге, Кәсіподақ орталығы әлеуметтік серіктестерімен бірлесе отырып, «Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті» дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға арналған шаралар ұйымдастыруда. Бұл бағдардың мақсаты — өнімді жұмыспен қамтылу жобасына ықпал ету, тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, тиісті, қажетті жағдай туғыза отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жұмыссыздарға кірістерін көбейтуге көмектесу.
«ЕҢБЕК ШАРТЫН ЖАСАҢЫЗ» АКЦИЯСЫ
2018 жылдың наурызынан бастап 2019 жылдың желтоқсанына дейін «Еңбек шартын жасаңыз» атты республикалық акция өтуде. Акцияның мақсаты – жасырын жасалатын әрі заңсыз еңбек қатынастарын болдырмау, айғақтау, «құпия шарттарды» қысқарту, азаматтардың еңбек ету саласындағы өз құқықтары туралы сауатын ашу.
Алматы кәсіподақ орталығында «сенім телефоны» жұмыс істейді, «Мега», «Променад», №12 қалалық клиникалық аурухана, №21 емхана, Алмалы аудандық зейнетақы төлеу орталығы» және тағы басқа да бірқатар халық көп жиналатын жерлерге «Сенім жәшіктері» орналастырылған. ҚР Кәсіподақ федерациясының базасында күнделікті 9.00—18.00 аралығында Қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауы әр айдың алғашқы сейсенбісінде, 15.00—17.00 аралығында осы мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды.
«Көптеген кәсіпорындарда келісім комиссиялары құрылмаған. Жеке дау-дамайды шешуге дұрыс көңіл бөлінбеген, мән берілмеген жағдайда ол ұжымдық наразылыққа ұласып, үлкен еңбек шиеленісіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Міне, осы тұрғыда, келісім комиссияларын құруда, жұмыскерлердің құқығын қорғау мен сақтауда, кейде жағдай ушығып кеткенде екіжақты ымыраға келтіру мәселесінде кәсіподақтардың рөлі зор болмақ», — деген түсінік берді спикер. Оның айтуынша, шиеленістерді сотқа дейін шешу мақсатында арнайы «Татуласу орталығы» құрылған. Онда кәсіподақтар, Алматы қаласының медиаторлары, Халықаралық құқық қорғау орталығының, Медиацияны дамыту орталығының мамандары, «Кәсіби медиаторлар» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, қаладағы басқа да медиаторлар жұмыс істейді. Жоба даулы, шиеленісті мәселелерді сот және құқық қорғау органдарын араластырмай-ақ, бір алаңда жолығу арқылы өзара келісіммен шешуге бағытталған азаматтық қоғамдағы қарым-қатынастың жаңа пәлсапасын қалыптастырады. Азаматтарға медиатор, адвокат, сот орындаушысы, нотариус, психолог және әкімдіктің әлеуметтік сала мамандарының қызметі бір алаңда көрсетіледі.
Алматы кәсіподағы жұмысының тағы бір бағыты – жастармен жұмыс. Жастарды кәсіподақ қатарына жұмылдыра отырып, оларға жұмысқа орналасуына, талабына, білімі мен білігіне сай лайықты жалақысы бар жұмысқа тұруына, жақсы білім мен сапалы дәрігерлік көмек алуына, мазмұнды да тағылымды демалысын ұйымдастыруға көмек береді.