Ақтөбе қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жуырда шаһардың 5-шағын ауданындағы көпір мен төрт жолақты екі айналма жол ашылды.
— Көпір жергілікті тұрғындардың жол қозғалысы үшін маңызды екені мәлім. Осыдан бес ай бұрын осы жерде құрылыс жұмыстарын бастаған едік. Міне, сол құрылыс аяқталып, көпірді халық игілігіне беріп отырмыз. Бұл —қаланың екі аумағын, яғни Астана мен Алматы аудандарын қосатын айналма жолдары бар бірінші көпір болғалы тұр. Бұл көпір батыр Әлия Молдағұлованың атымен аталатын болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай, Ақтөбе еліміздегі миллион тұрғыны бар төртінші ірі агломерациялық орталық. Сондықтан қаламызда осындай игі істер жасалуы тиіс. Алдағы айда жолаушыларға арналған екі жолүсті өткелдері ашылады,— деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Екі айналма жол мен жарықтандырылатын жерасты жолын қамтитын «Тургенев көшесінен Жұбанова көшесіне дейінгі аралықты ұзарту» жобасының жалпы құны — 1 млрд 232 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырған мердігер компания — астаналық «Прогресс KZ» ЖШС. Аталған серіктестік басшысы Бекзат Мусеевтің айтуынша, екі жылға арналған жобаның негізгі жұмыстары аяқталды.
— Бұл өте күрделі құрылыс болды. Жұмысты маусым айында бастадық, көпірге қатысты жұмыстарды 2 ай 20 күнде аяқтадық. Көпір жабылған уақытта шыдамдылықпен күте білген ақтөбеліктерге, қолдау көрсеткен жергілікті әкімдікке, барша жұмысшыларға алғысымды білдіремін, — дейді ол. Б.Мусеевтің айтуынша, жоба аясында отыз жылдан астам уақыт бойы ауыстырылмаған коммуналдық, соның ішінде жылумен, сумен қамту, байланыс желілері жаңартылған, электр желілері жүргізіліп, аумақ жарықтандырылған. Алдағы уақытта төселген жолдар мен адамдар жүретін жолды абаттандыру, айналасын жарықтандыру жұмыстары жалғастырылады.
Жол өткелінің салтанатты ашылуына ардагерлер де келді. Соның бірі — жол құрылысы саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген осы сала ардагері Бағлан Баймағамбетов.
— Бұл көпір 1974 жылы салынған. Осы көпірдің астынан тоннель салып, екі айналма жол құрылысын жүргізу өте маңызды жоба болып отыр. Бұл жол өткелінің ашылуымен қаладағы көлік тығыны біршама азаяды. Бұрынғы көпірмен салыстырғанда бұл жерде көлік нөпірі кемінде 15-20 пайызға артады. Себебі осы жол өткелі арқылы төрт бағытқа қарай еркін қозғалуға болады, — дейді ол.
Тұрғындарды Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин де құттықтады. -Бұрын қалада 300 мыңдай тұрғын болса, бүгінде 500 мыңнан асып отыр. Көлік саны 250 мыңнан көп. Сондықтан бұл жерде жолды кеңейту нағыз дер кезінде қолға алынды, — дейді ол.