Ырғыздың кемпингі көптің көңілінен шығуда

/uploads/thumbnail/20180926100218939_small.jpg

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында кемпинг пен демалыс саябағы тұрғындардың игілігіне берілді.

Жол бойындағы «Ұлы дала» кемпингі Ақтөбе мен Арал қалаларының ортасында орын тепкен. Үш жылға созылған құрылыс жұмыстарына «Алтын Әсел» ЖШС 87 миллион теңге жұмсаған. Серіктестік басшысы Хамит Өтеуұлының айтуынша, кемпингте 10 адамға шақталған қонақүй, 70 адамға арналған асхана бар. Әзірге мұнда 8 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл жерде көлік жөндейтін орталық, басқа да сервистік орталықтарды ашу жоспарланып отыр.

— Сіздер кемпингті «Ұлы дала» деп әдемі атапсыздар. Мұнда Еуропа мен Азияны байланыстыратын үлкен дәліз бар. Оның 600 шақырымы Ақтөбе облысының аумағына кіреді. Бұл жерден күніне 10-12 мың көлік өтеді. Ал жүргізушілер мен жолаушыларға ас-ауқат, демалыстың қажет екені айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, біз жол бойындағы адамдарға сапалы қызмет көрсетуге мүдделі болуымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жол бойындағы кәсіпті дамытуға қатысты тапсырма бергені белгілі, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

«Біз үшін бұл табыс көзі. Сондықтан мал шаруашылығынан бөлек, осы кәсіп түрімен айналысуға бел будық. Сол арқылы өзіміздің өнімдерімізді де қамтимыз», — деді Хамит Өтеуұлы.

Сондай-ақ «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның Қарақұдық ауылында демалыс саябағы ашылды. Оны да салған — «Алтын Әсел» ЖШС. Серіктестік бұл мақсатта 5 миллион теңгені жұмсапты. Екі мың жас көшет егіліп, жан-жағы абаттандырылып һәм жарықтандырылған саябақта ана мен балаға арналған «Ару Ана» ескерткіші тұрғызылған.

— Әркімге өзінің туған жері ыстық. Бұл — бәрімізге ортақ сезім. Әр келген сайын сіздердегі тазалықты, жайқала өсіп тұрған жас желекті көріп, көз сүйсінеді. Осы орайда көп нәрсе адамдарға байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте Хамит Өтеуұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өзінің туған жерінің көркеюіне үлес қосып, Қарақұдық пен Құмтоғай ауылдарында стадионның салынуына көмектескен осы азаматқа облыс басшылығы атынан алғысымды айтамын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Серіктестіктің өзі ауылдықтарға жиі көмектесіп тұрады. Аталған азаматтың септігімен ауылда интернат жаңартылып, «Еңбек ерлері алаңы» мен «Боздақтар алаңы» мемориалдары бой көтерді. Серіктестік жұмысшыларына арналған бірнеше үй салынған.

— Хамит ағайдың жәрдемін айтып жеткізу мүмкін емес. Айталық, ол мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартып, ардагерлер үйіне жиһаз алып берді, — деді Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Әл-Фараби Әлібекұлы.

Связанные Статьи