Ақтөбелік кәсіпкерлерге арналған Ашық есік күні өтті

/uploads/thumbnail/20180926100437482_small.jpg

Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен жергілікті тауар өндірушілерге арналған Ашық есік күні өтті. Шараның мақсаты — кәсіпорындар арасында өзара әріптестік қарым-қатынас орнату және сатып алулардағы отандық құрам үлесін арттыру.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен өткізілген шараға «Восход-Oriel» ЖШС және «АltynEx Company» АҚ секілді өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілер қатысты. Шара B2B түрінде ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың отандық тауар өндірушілерді қолдау, қазақстандық мазмұнды арттыру бағытындағы тапсырмаларын орындау үшін жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар мен жергілікті тауар өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты арттыру қажет.

— Біз әр тоқсан сайын талдау жасаймыз, өкініштісі, кейбір ірі компаниялардың отандық тауар өндірушілермен арадағы байланыс қарқыны төмен. Осы мақсатта облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындарға жергілікті тауар өндірушілердің басын қосып, Ашық есік күнін өткізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Қазіргі уақытта ірі компаниялар мұндай кездесулерді ұйымдастырып жатыр. Облыстағы сондай ірі кәсіпорындардың қатарында «Восход-Oriel» серіктестігі мен «АltynEx Company» акционерлік қоғамы да бар, — деді Қ.Бекенов.

Ашық есік күні ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өткізу нарығын кеңейтуге, кей жағдайда келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы 270 жергілікті тауар өндірушінің тізімін жасаған, соның шінде импорт алмастыру және өңіраралық кооперацияны жүзеге асыру мақсатында бірегей тауар өндірушілерді бөліп қарастырды. Бұған қоса атқарушы органдармен бірлесіп жергілікті үлесті бақылау бойынша комиссия құрылған.

— Облыстағы жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар жыл сайын тендер өткізіп, сатып алулар ұйымдастырады. Біздің пікірімізше, тендерді жыл сайын ұйымдастырудың орнына жергілікті тауар өндірушілермен үш немесе бес жылдық келісімшарттар жасау тиімдірек. Себебі жыл сайын сатып алу үшін тендер ұйымдастыруға көп уақыт, ресурс жұмсалады. Ал тауар өндірушілермен 3-5 жылға шарт жасасса, екі жаққа да тиімді болар еді. Бұл жағдайда тауар өндірушілер жұмыстарын тендерден тендерге дейін емес, бірден 3-5 жылға жоспарлар еді, — дейді Н.Мұқанов.

Кездесу барысында «АЗПО», «АЗАЙА» секілді бірнеше жергілікті тауар өндірушілер тұтынушы компанияларға өз өнімдерін таныстырды. «Восход-Oriel» және «AltynEx Company» компанияларының басшылығына

отандық өндірісті дамытуға қолдау көрсету үшін жергілікті тауар өндірушілердің өтініштерін қарауға басымдық беру туралы ұсыныс айтылды.

Связанные Статьи