Ақтөбе нарығына «ENI» және «GENERAL ELECTRIC» ірі трансұлттық компаниялары келмек

/uploads/thumbnail/20180926100839519_small.jpg

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданы Бадамша ауылында қуаттылығы 48 МВт болатын жалпы сомасы 33 миллиард теңгеге жел электр стансасының құрылысы басталмақ.

Кешен келер жылдың соңында пайдалануға беріледі. Бұл туралы кеше «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Трансұлттық корпорациялар. Жаңғырту және инвестициялық жобалар» тақырыбында өткен бизнес-кеңесте мәлім болды. Бизнес-кеңеске «Қазхром», Орталық Азиядағы «Sinopek Group», «CNPC» сынды трансұлттық корпорациялар және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарының өкілдері, жаңа инновациялық жобалардың бастамашылары, бірқатар аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаетың алдымызға үлкен міндет қойғанын, яғни төртінші өндірістік революцияны ұйымдастыру, соның нәтижесінде Қазақстан экономикасын дамыту, оның ішінде, өндірістің қарқынын күшейту, экономикалық көрсеткішті көбейту керектігін, соның есебінен елімізді дамыған отыз елдің қатарына тезірек енгізу қажет екенін атап өтті.

— Елбасы берген осы тапсырманы орындау мақсатында сіздер мен біз өзімізге міндет алған болатынбыз. Естеріңізде болса, былтыр Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа 2018-2019 жылдары облыста қанша кәсіпорынның жаңғыртылатынын, оған салынатын қаражат мөлшерін, жалпы сіздердің көмектеріңізбен өңір экономикасын қанша пайызға дамытатынымыз турасында айтқан болатынбыз. Біз облыс экономикасының даму қарқынын 5 пайыздан төмендетпеу турасында міндет алғанбыз. Ол үшін берілген тапсырмаларды, яғни мұнай-газ шығаруды, хром, түсті металдарды өндіру көлемін көбейтуіміз қажет. Әрбір кәсіпорын өзіне алған міндеттемесін толығымен орындауы тиіс. Бірінші жартыжылдықты 5 пайыз өсіммен аяқтадық. Мұнай бұрғылау ісінің төмендеуіне байланысты жеті айдың қорытындысы 4,8 пайыз болды. Қазіргі болжамымыз бойынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша 5 пайыз өсім болуы керек, — деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы аймақта инвестиция көлемі 465 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 530 миллиард теңгеге жеткізу межеленген. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша, инвестиция көлемі шамамен 260 миллиард теңгеге жетіпті. Бұл орайда Бердібек Машбекұлы облыс экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосып отырған «СНПС-Ақтөбемұнай» кәсіпорнының қолдауын ерекше атады. Бүгінгі күні облыс әкімдігі мен аталған кәсіпорын басшылығы арасында инвестиция көлемін өткен жылдан төмендетпеу турасында келісім бар.Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңірдегі өндірістік кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы турасында баяндады. Оның айтуынша, биыл Ақтөбеде 85 миллиард теңгеге 42 кәсіпорын жаңғыртылады.

Кәсіпорындардың жаңғыртылып, цифрландырылуы есебінен өңір экономикасының даму қарқыны 2 пайызға артпақ. Бизнес өкілдері бас қосқан кеңесте «Sinopek Group», «СNPC» трансұлттық компаниялары мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС өкілдері кәсіпорынды технологиялық жаңғырту бағытында әрі әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарылып жатқан жұмыстар турасында айтты. Сондай-ақ, олар алдағы 3-5 жылға арналған жоспарлары туралы да сөз қозғады.

Бүгінгі таңда облыста өнеркәсіптің түрлі салаларында 5 трансұлттық корпорация жұмыс жасайды. Осылайша биылдан бастап меншік иелері «ENI» (90 пайыз) және «General Electric» (10 пайыз) екі ірі трансұлттық компанияcы болып табылатын «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық жобасымен Ақтөбе нарығына келмек.

Связанные Статьи