Әлемдегі ең құрметті мамандықтардың бірі осы ұстаз мамандығы десек, қателеспейміз. Кеңес өкіметі кезінде педагогтық мамандары тек ғана ғылым-білім емес, сонымен бірге ең бастысы тәрбие мен идеологияға жауапты болғандықтан олардың қоғамдағы беделдері де жоғары болған еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік блокқа жататын білім беру де басқа салалар сияқты біраз ақсаңқыраған еді. Дегенмен еліміздің бәсекеге қабілеттілігі жақсарған сайын білім щберу саласы да жақсарып келеді.
Биылғы қазан айының басында Елбасы өзінің Жолдауында ұстаздар туралы көп мәселелер көтеріп, оның ішінде ең бастысы мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау керектігін шегелеп айтты. Осы бағытта заң жобасын дайындау үшін қазір Білім және ғылым министрлігі тарапынан жұмыс топтары құрылып, тиісті құжаттар мен ұсыныстарды қабылдау үстінде. Аталған министрлік барлық ұстаздар қауымы, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, ата-аналар, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдардан ұсыныстар күтетінін хабарлады. Ол үшін bilimdiel.project@mail.ru электрондық поштасына хат-хабар жазуға болады.
Ұсыныстар министрліктің ресми интернет-ресурсы edu.gov.kz сайтында, оған қоса www.bilimdinews.kz электрондық ресурсында және «Білімді ел» республикалық газетінде жарияланып, талқыланатын болады.
Заң жобасы дайындалып болғаннан кейін министрлік барлық облыстар мен аймақтарда жұмыс тобының педагогтық ұжымдармен, ата-аналармен және жергілікті қоғам ұйымдардың белсенділерімен кездесу ұйымдастырып, мұғлім мәртебесі туралы құжатты тағы да пысықтап шықпақшы.
Әлеуметтік саланың ең негізгі басты қаһарманы мұғалім мен дәрігер десек, алда қабылданатын заң ұстаздар қауымы үшін біраз түйткілді мәселелердің шешімін табатын мүмкіндік болатыны сөзсіз. Ол үшін мұғалімнің қандай мәселелері бар екендігіне көз жүгіртейік.
Алдымен ауызға алынатыны жалақы жағдайы. 60-80 мың теңге арасында айлық алатын маманға көп талаптар қойып, одан керемет нәтижелер күте алмайтынымыз түсінікті. Яғни, заң жобасының қаржы-ақаражат бөлімінде мұғалім мәртебесіне сай келетін, оның атқарған еңбегіне тұрарлық жалақы мөлшері бекітіліуі керек деп қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсыныстар айтылуда.
Мәселенің моральдық жағына да назар аударайық. Қазіргі таңда мектептерден ер мұғалімдерді өте сирек көретін болдық. Әлбетте, оның себептері айтпаса да түсінікті. Жақсы маман ретінде танылған психологтар да мектептерге барғысы келмейді. Елбасының биылғы Жолдауында білім берудің кәсіби нақты диагностикасын жасау, оқытудың жеке траекториясын құру, мұғалім мен оқушының жүктемесін азайту деген сияқты нақты ұсыныстарды айтты. Мұғалім халықаралық стандартқа сай болатын мықты кәсіби маман болуы тиіс. Мектепте сабақ беруге қазір таланттымын деген жастардың көпшілігінің ұмтылмайтынықтан жоғарғы оқу орындарының түлектерін де бірден жұмысқа тарту тетіктерін де қарастырған дұрыс. Осы айтқандардың барлығы жақсылап жүзеге асуы үшін ұстаз қауымына моральдық қолдау аса қажет. Жас маманға стимул тудыратын жағдайлар боуы керек және ол жылдар өте келе еңбегінің жемісін көретіндей сенімі болса, ол басқа салаға кетпей-ақ ұстаздық кәсібін жаластыра берер еді. Осыған байланысты «Қазақстана еңбегі сіңген мұғалім» атағы тағайындау керектігі де айтылып жүр. Жыл сайын өткізіліп жүрген «Жылдың үздік мұғалімі» деген сияқты конкурстар мен маманды ынталандыратын басқадай көптеген іс-шараларды жергілікті жерлерде әкімдер деңгейінде өткізсе, республикалық конкурста үздіктерді Премьер-Министр марапаттап, мұғалім мәртебесін көтеретін
Мұғалім образы да тек оқушылар ғана емес жастар еліктейтін тұлғаны көз алдымызға әкелетін образ болып қалыптасуы керек. Бұл кеңестік дәуірде жақсы жүзеге асқан дүние екендігін білсек те, қазір ондай иделогиялық құралды ұлт қажетіне қолдана алмай отырмыз. Ұстаздың образы оқушыларының алдында шындықты қаймықпай айта алатын, аса жоғары білімді және мәдениетті, қоғамда беделі бар адам ретінде қалыптасуы керек. Заң қабылдануымен қатар жоғарыда айтқан «кейіпкерді» көрсету үшін көркем фильм сияқты туындылар түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылса, ол да өз нәтижесін берер еді.
Мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қорғау осы жаңадан қабылданатын заңда көрініс беріп қана қоймай, сонымен бірге іс жүзінде жұмыс істеп ұстазға қорғаныш болатын құрал ретінде қызмет ететіндей болуы қажет. Елбасы өз Жолдауында айтқандай мұғалімдерді басы артық жұмыстардан босатып, таза білім беруге өзін творчестволық жағынан арнаса тиімділік артар еді.
Заң жобасын дайындауда шетелдік тәжірибелерді де електен өткізіп, керегімізге жаратсақ, құба-құп болар еді. Мысалы, Қытай елінде мұғалімнің қосымша атқарған еңбегі бағаланып, оған ақша төленеді. Оның көлемі, тіпті кей кезде, айлық мөлшеріндей болады. Ондай жұмыстар қатарында түрлі үйірмелерді өткізу, сыныпқа жетекшілік, тәрбие жұмыстарын жүргізу, дәптер тексеру және тағы басқаларды келтіруге болады.
Мұғалімнің еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланып, материалдық тұрғыдан жақсылап тұрып ынталандырылса, маман стимул үшін де, абырой үшінде талмай жұмыс істейтіні айдан анық.
Жоғарыда аталып өткен мәселелер мен әлі келіп түсіп жатқан ұсыныстар қабылданатын «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда ескеріліп, болашақта білім беру саласының дамуына қызмет етеді деп сенім артамыз.
Секен НАЗАР