Өзбекстандағы атышулы Ферғана көтерілісі 1989 жылы 4 маусым күні бұрқ етсе, Маңғыстаудағы Жаңаөзен көтерілісі 16 маусым күні басталған. Арасы – 12-ақ күн. Бір қызығы, бүліктің екеуі де төбелестен басталған. Месхеттік түріктер төбелесте бір өзбекті өлтіріп қойған. Ал Жаңаөзенде бір кавказдық лезгин өзімен билемей қойғаны үшін қазақ қызын шапалақпен тартып жіберген. Бұған намыстанған қазақ жігіті әлгі лезгинді сабап тастаған. Үш күнге созылған Жаңаөзендегі қақтығыста үш қазақ, екі лезгин қаза болған...
Ал бұрынғы КСРО Орталық Комитетінің ресми мәліметтері бойынша, Ферғана көтерілісінен 113 адам өлген, оның 52-сі түрік, 36-сы өзбек болған, 1011 адам ауыр жараланған. Оған қоса 137 солдат және 110 милиция қызметкері әртүрлі жарақат алған, бір милиция өлген. 757 үй мен 275 көлік өртелген, 27 мемлекеттік мекеме қиратылған.
Ферғана көтерілісінің сұмдық сипат алғанын осыдан-ақ білуге болады. Өзбек тұрғындар месхет түріктердің үйлері мен қора-жайымен қоса, кейбір жерде өздерін де тірідей өртеп жіберген. Не керек, Ферғанамен қоса Ташкент, Самарқанд, Сырдария сияқты жеті облысты қамтыған көтерілісте Өзбекстандағы 100 мыңдай түріктің біреуін де қалдырмай түре қуып шыққан.
Танктің күшімен бір айда әрең басылған Ферғана көтерілісі неден туды? Жаппай тәртіпсіздік шындығында, неден басталды? Бүгінде ұмытылуға айналған ол оқиғаның ұшығына жету енді қиын болар. Алдын ала мұқият ойластырылған саяси акция екені де, стихиялы түрде пайда болғаны да айтылды. Кезінде «Ферғана оқиғасын» мұнаралы Мәскеу ұйымдастырды, осылайша түріктердің Грузияға көшуін тездетіп, ақырында этникалық шиеленіс тудыру арқылы грузин ұлттық азат ету қозғалысын талқандамақ болды деген пікірлер де айтылды. Мұндай пікірді тудырған сірә сол грузиндердің өздері болар. Көтерілісті КСРО арнаулы қызмет орындары ұйымдастырған, яғни жаппай тәртіпсіздікке ұластыру арқылы Өзбекстанды Мәскеудің табанына қайта салмақ болған деген пікірлер де кездеседі. Тіпті бүлікке «ваххабиттер» араласқан деген де сөз бар.
1989 жылы Ташкентте сәуір айында өзбек жастары мен басқа ұлт жастарының арасында үлкен ауқымдағы қақтығыс болған. Артынша болған төбелесте бір өзбекті бір түріктің өлтіріп қоюы жоғарыдағы сұмдық қақтығысқа алып келген. «Месхеттік түріктер тек наша таратумен, ұрлықпен айналысады, пайдалы жұмыспен айналыспайды, бірақ өзбекке қарағанда өте бай тұрады, жас өзбек қыздарын зорлайды, сәбилерді өлтірген» деген жел сөздер жұрттың ашу-ызасын көтеріп жіберген...
Ферғана көтерілісінен соң Өзбекстандағы түріктер тек Қазақстанға емес, Әзірбайжан, Украина, Ресей, кейінгі жылдары Түркия мен АҚШ-қа қарай ауды. Бірақ жылы жер табу оларға оңай болған жоқ. Ресейдің Краснодар өлкесіне ауып барған ахысқа түріктері ондағы жергілікті жұрттың қудалауына ұшырады.
Кеңес одағы құлаған соң Қазақстанға ауып келген басқа халықтар өздерінің шыққан жерлеріне орала бастады, бірақ месхеттік түріктер тарихи отандарына қайтқан жоқ. Туған жерлері Грузия шекарасын тарс жауып алды. Түркия қабылдағысы келгенмен, ол Ахысқа түріктерінің туған жері емес. Сөйтіп, өз үйіндей үйреніп қалған Қазақстан жерінде біржола орнығып қалды.
2004 жылы Ресей мен АҚШ үкіметтері, Халықаралық миграция ұйымы бірлесіп, Краснодар өлкесінде тұратын месхет түріктерді АҚШ-қа қоныстандыру бағдарламасын бастады. Бүгінде сол бағдарламаға іліккен мыңдаған түріктер АҚШ-тың алпыс қаласына жайғасып үлгерген. Ал Грузия парламенті 2007 жылы кезінде Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылған месхет түріктердің тарихи отанына қайтуына болатыны турасында заң жобасын қабылдады. Бірақ ата қонысы – Грузияға барғысы келетін түріктердің саны мүлдем мардымсыз екен.
Міне, бұдан отыз жыл бұрынғы жүзден аса адам өліп, сұмдық ұлтаралық жанжалға ұласқан Ферғана бүлігі де, үш күнге созылған Жаңаөзендегі қатығыс та тұрмыстық деңгейдегі төбелестен бастау алған. «Бір тал шырпының орманды өртеуге жететінін» осыдан-ақ білуге болады.
Оставить комментарий