ОСПАН ОСПАН ОСПАН!...... "... Оспанның жеке өміріне, іс-әрекетіне қатысты біршама дерек көзі – Оспанның Солтүстік Шинжиандағы Алтай қазақтарының қозғалысына басшы ретінде қатыса бастаған 1940-шы жылдың екінші жартысында жүзбе-жүз жолығып, әңгімелескен батыс саяхатшылары, журналистері, арнайы адамдарының жазбаларында, мақалаларында, ақпараттарында, естеліктерінде сақталған. Мысалы: Клубб, Вард, Пакстон, Эквале, Макиэрнан, Барнетт, Моррисон, Бессак, Ранд, Диаке, Лиеберман, Мастерсон, Паркер, Стефенс сияқты адамдарды атауға болады. Мұның сыртында айтылған уақыттағы Шианжандағы оқиға туралы көптеген адамның естелігі, жанды куәгерлердің ақпарлары, жазған мақалалары Оспан жөніндегі қызықты дүниелерді аз да болса, қамтып отырған. Бұл адамдардың берген ақпаратынан кітабымызға енгізілген және қолданылғандарын соңында берілген көрсеткіште арнайы тізгендіктен, осымен сөзімізді қысқартып, соңғы жазылған бір кітапты ғана қысқаша сөз етсек: 2002 жылы Томас Лайрд «Into Tibet The CIA's First Atomic Spy and His Secret Expedition to Lhasa» деп аталатын туындысын көпшілікке ұсынды. Бұл кітапта 40-шы жылдардағы Шинжианның саяси оқиғаларын АҚШ-та сақталған дерек, жазбалар, сол кезде Шинжианда жұмыстаған OSS-тың агенті Бессак пен консулдың жүргізушісі болған Э. Контесчин, журналист П. Паркер және сол кездегі өзге де көптеген куәгерлердің естелік, жазба деректеріне сүйеніп, Оспанға қатысты, дәлірек айтсақ, Үрімжідегі АҚШ консулының қызметкері болған Д. Маккиэрнан мен Оспан екеуінің қарым-қатынасы туралы қызықты мол деректер келтірген... Оспанның іс-әрекеті туралы тағы бір ақпарат аталмыш уақыттағы Шинжианның әскери-саяси және барлау басқармаларының деректерінде көрсетілетін ақпарлар. Әйткенмен, бұл тақырыптағы ақпар, дерек жазбалар мазмұны жағынан алуан түрлі ұстанымда. Себебі, 1940-шы жылдардағы Шинжианның саяси өмірі әр қалай құбылып тұрғандықтан, түрлі бағыттағы саяси күштердің деректеріндегі Оспанға қатысты дүниелер сол саяси күштердің ұстанымына қатысты әсіре бір жақтыланған, таласты деректер. Мысалы: Шинжианның үкімет билігін ұстаушылар, Гоминдан күшінің өкілдері, Қытайдың коммунистік партиясының саясатын тұтынушылар, Шинжианның солтүстік үш аймағын жауаптанған Шығыс Түркістан Республикасының басқарушылары, жергілікті ұлт қозғалыстарының жетекшілері сияқты алуан түрлі саяси күштердің деректеріндегі Оспанға қатысты ақпараттарда тек қана өздерінің ұстаным, көзқарастары тұрғысынан баға бергендігі байқалады. Бұл кездегі тарихи дерек, жазбалардың көбі Қытайдың және Тайуанның мемлекеттік мұрағаттарында сақталынған. Тайуанның мемлекеттік мұрағат деректері Шинжианның тарихи зерттеулерінде салыстырмалы түрде ашық қолданылатындықтан, оларда Оспан туралы ақпараттар айтарлықтай мол қамтылады. Сол кезде Қытайдың әскери барлау қызметінде офицер, инженер болған Жан Дажун (1954;1980) және Давид Ван (1999) қатарлы зерттеушілер сол кездегі Шинжиан тарихына қатысты көптеген материалды Тайуан мемлекетінің мұрағатынан сүзіп жүріп, айтарлықтай еңбектер жазғанын, онда Оспанның іс-әрекеті туралы көптеген тарихи деректерді қамтығанын айтуға тиіспіз. Ал, Қытайдың мұрағаттарында сақталған 40-шы жылдардағы Шинжианның тарихына қатысты жазба деректері зерттеуге алынбағандықтан, ондағы Оспанға қатысты ақпараттар әлі де жабық күйінде, кезінде Шинжианның бұқаралық құралдарында жария етілген ақпараттармен ғана шектеледі. Оспанның өмірін, іс-әрекетін анықтауға ақпар болатын негізгі деректер онымен жақын қарым-қатынаста болған, бірге күрескен адамдардың естеліктерінде айтылады. Мұндай естеліктердің алғашқысы – 1949 жылы Қытайдың халықты азат ету армиясы Шинжианға кіріп, ұлттардың көтерілісі ыдырап, тарай бастаған кезде үлгеріп Түркияға босып шыққан қазақтардың кейіннен жазған естеліктері. Шинжиан қазақтарының ұлт азаттық көтерілісі мен Оспанның күресі туралы ең алғаш жарық көрген естелік – Британ саяхатшысы, жазушы Г. Лиастың 1956 жылы Лондон баспасынан шығарған «Kazakh Exodus» дейтін еңбегі. Бұл еңбек бір кезде Оспанмен иық тірестіре күресіп жүріп, Шинжианға қытайдың коммунистік күштері келе бастаған тұста, үлгере қашып, Түркияға бас сауғалаған Әли Бектің естелігінің желісімен жазылған шығарма. Шығармада Оспанның іс-әрекеті туралы кең көлемде баяндалған, кейбір асыра сілтеген тұстарын қаперге алмасақ, сол кездің тарихын қызықтаушы кез-келген адамның оқуына тұрарлық мұжымы мол, татымды дүние. Бұл еңбектен кейін Түркияға қоныстанған Шинжиан қазақтарының естеліктері жарық көре бастады. Оларда негізінен Оспанды мақтан етіп, мадақтаған тарихи аңыздар көбірек жазылғаны аңғарылады. Соңғы жылдары мұндай мақалалар, баспасөз мәслихаттары тіптен жиілеп, кең қанат жайып келеді. Мысалы: «Шығыс Түркістанның Босқындар Қоғамы («Doğu Türkistan Göçmenler Derneği»: Istandul/Zeytunburnu)» тарапынан Оспанның іс-әрекетін еске алып, жыл сайын көктемде кіші құрылтай ұйымдастыру дәстүрге айналған. Оспан туралы мұндай шаралар өткізу – оның ұлт азаттығының жалынды күрескері екенін айқындаудағы игі іс екендігі мақтан тұтарлық. Бірақ, бұған қоса оның іс-қимылын әр тарапта әсірелеп, әсіре түрлендіріп, 1940-шы жылдардағы Шинжианда болған ұлт азаттық күрестерінінің тарихын Оспанға ғана топтастырып, бір жақты баға беру мәселесі орын алатыны өкінішті. Бұлай ету – Шинжиан ұлттарының ұлт азаттық күрестеріндегі өзге де көптеген ұлттардың қатысын көмескілеуге, тарихи шындықтардың бұрмалануына жол беретін, нақты ғылымға жат көзқарас екені белгілі. Зерттеуші Ж. Жакобс бұл көзқарасты сынға алып, ата-бабасы мен шыққан тегін сағынған босқындардың ішкі тебіренісінен пайда болған ұлтшылдық ұстаным, деп қортындылайды (Jacobs 2010). Соңғы жиырма жылда Қазақстанның қазақтары да өз қандасының тарихын қызыға қуаттап, Оспанның өмірбаяны, іс-әрекеті тақырыбында тарихи- зерттеу, әдеби- көркем туындылар жазып, фильм түсіруді қолға ала бастады..."... деген көлемді еңбекпен алда толықтай танысасыздыр!
Жүкел ХАМАЙ