Кеше Nur.kz порталында "Қазақстан Украинаға 1 млн евро көмек ретінде береді" деген мақала жарық көрген болатын. Мақала авторының сөзіне сүйенсек, жақында Қазақстан Үкіметі "Укрытие" чернобльдық қорына қаржылай көмек ретінде және Украинаға қолдау білдіру мақсатында 1 млн. евро аудару туралы шешімге келген. Бұл туралы ҚР Экономикалық интеграциялық істері министрі Жанар Айтжанова мәлімдеген. Алайда бүгін белгілі сайт редакциясы белгісіз себептермен аталмыш мақаланы алып тастаған. Жақсы, ол жағын қазбалап жатудың қажеті шамалы. Бірақ, айта кететіні, Қазақстан дәл осы Чернобль қорына 2011 жылы 2 млн.евро көмек ретінде аударған болатын.
Енді осының барлығын бір електен өткізіп көрейік. Осы уақытқа дейін тәуелсіз Қазақстан кімге, не бермеді?! "Өзім жемесем де, сен же", дейтін қазақпыз ғой.
Соңғы 15 жылда біздің республика 13 мемлекетке гуманитарлық көмек ретінде қаржы берген, тамақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек т.б. Сондықтан болар, Қазақстанды әлемнің көптеген мемлекеттері нағыз "дос" халық деп таниды. Біздің Үкімет осы мақсатқа мемлекеттің қазынасынан барлығы 29 миллион теңге, 1 млрд. астам доллар және 1,7 миллион евро шығын шығарған.
- Мыңдаған ауған балалары біздің елде оқып, студенттер біздің ЖОО-да, біздің қаржыға жоғарғы білім алуда. Тіпті, үкіметте осы мақсатта 50 миллион доллар бөлу де көзделген. Жақсы, бұл соғыстан көз ашпай келе жатқан елге жасаған жақсылығымыз шығар. Мысалы, 2014 жылы ҚР үкіметі Ауғаныстанға гуманитарлық көмек ретінде 2 миллион доллар берген.
- 2013 жылы Қазақстан, Гватемале және Шри-Ланка Республикаларына 1 млн. доллардың көлемінде материалдық жәрдем берген.
- 2008 жылы 12 мамыр күнгі Қытайдың Сычуань провинциясында болған қатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан 2,6 млн. доллар аударған.
- 2008 жылы Қазақстанның гуманитарлық жәрдемін шалғай жатқан Гаити билігі алған болатын. Дәл осы жылы қатты жер сілкінісінен елдің астанасы Порт-о-Пренс қаласы түгел қирап қалған және 270 мыңдай адам қаза болған. Осы кезде Қазақстан билігі төтенше жиналыс жасап, 100 мың доллардың азық-түлігін жіберген.
- Италиядағы табиғи апат салдарынан қирап қалған ежелгі мәдени мұраларды қайта қалпына келтіруге атсалысу мақсатында Қазақстан "Киелі Биаджо" мұражайының құрылысына 1 млн 700 мың евроны мемлекет қазынасынан бөлген болатын.
- Қазақстан сондай-ақ, әлемнің бірнеше мемлекетіндегі тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, сақтау іш-шараларына белсенді араласып келеді. Мысалы, Египеттегі Сұлтан Бейбарыс мешітінің ревтаврациялық жұмыстарына 4,5 млн доллар бөлген.
- Дамаскідегі Сұлтан Әз-Зариха мавзолейінің жұмысына 54,2 млн теңге бөлінген.
- Тағы 29,6 млн теңге Сириядағы әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы мен мавзолейінің реставрациялық жұмыстарына бөлінген.
- Көрші қырғыздар да Қазақстанның ашыққолдылығынан құралақан қалмады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға экономикалық көмек ретінде бақандай 100 млн долларды сыйға тартты. Аталап келген Атамбаев Нұраға берген 100 миллионды қалтасына басып, алғысын жаудырып кетті. Иә, 2014 жылы болды.
- Ресейдің Благовещенска қаласында тасқын жүргенде Қазақстан тарапы достық көмек ретінде 240 орындық балабақша салып берген болатын. Аталмыш балабақша құрылысына мемлекет қазынасынан 379,3 млн теңге бөлінген болатын.
Сондай-ақ, Қазақстан соңғы он бес жылда Грузия, Тәжікстан, Түркия, Сомали, Ливия, Жапонияға да қаржылар және мартиалдық көмек қолын созған. Сондықтан болар, әлем елдері Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі донорлық елге теңейді. Теңемей қайтсін? Осы кезеңге дейін Қазақстан БҰҰ-ның түрлі агенттіктеріне көмек ретінде 2006 жылы 275 мың доллар бөлген болса, Әзірбайжан 60 мың, Армения 30 мың, Тәжікстан 4000, Грузия 2000 доллар ғана беріпті. Тіпті, Қазақстанның БҰҰ-на беріп отыратын көмек сомасы артпаса, кемімеген. Бүгінде бұл көрсеткіш 1 млн долларға шамалас.
Міне, өзге үшін біз кеңбіз, жомартпыз, баймыз. Ал өзіміз үшін ше?
Нұргелді Әбдіғаниұлы