Space X – Илон Масктың Марсқа бару арманынан пайда болған жекеменшік компания. Басында Илонға ешкім сенбеді, тіпті оның үстінен күлгендер де болды. Алайда 17 жылдан кейін SpaceX 6 000 қызметкері мен 12 миллиард долларлық келісімшарты бар беделді компанияға айналды. Кеше біздің университетке сол SpaceX компаниясының президенті Гвин Шотвелл келіп, лекция оқыды. Шотвелл Northwestern-нің инженерлік мектебін бітірген. Ол SpaceX-тің болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Өткен жылы SpaceX 21 рет ұшырылым жасаған. Жекеменшік компанияның ұшырылым саны бүкіл Роскосмостікінен көп. Бүгін, Алла жазса, Канаверал мүйісіндегі Кеннеди ортағылынан Falcon 9 зымыран-тасығышы ғарышкерлерді тасымалдауға арналған және бірнеше рет қолдануға болатын Dragon 2 ғарыш кемесін алып ұшады. Егер тесттік ұшырылым сәтті өтсе, онда шілдеден бастап АҚШ өз күшімен ғарышкелерін космосқа жібермекші. Осылайша Роскосмостың дәуірі аяқталатын сияқты. Одан бөлек SpaceX жүздеген адамды Марсқа жеткізуге мүмкіндік беретін Starship зымыран-тасығышын әзірлеу үстінде.
P.S. Айдын Айымбетовтің космосқа ұшуын биліктегілер тәуелсіз Қазақстанның ерекше жетістігі ретінде көрсетті. Айекең “Дастархан-6” деп алатын эксперимент жасапты-мыс. Қарапайым тілмен айтсақ, 20 миллион долларға қазақтың қазысы мен қартасын космоста жеп қайтты. Шынымды айтсам, мен біздің космонавтика үшін ұялдым. Ғарышкерлердің санын көбейту үшін ғарышқа ұшатын заманнан әлдеқашан өтіп кеттік. Бізге ғарыш туристтері мен гедонисттері емес - ғарыш ғалымдары керек.
Нұрбек Матжани,
Солтүстік-Батыс университетінің студенті
Оставить комментарий