Жастар, ерлік, патриотизм

/uploads/thumbnail/20190302103455526_small.jpg

2019 жылы 22 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және этнология факультетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасы оқытушы профессорларының ұйымдастыруымен  «Айналаңды нұрландыр!» жобасы аясында, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына арналған «Жастар, ерлік, патриотизм» тақырыбында Интернациолист жауынгер ағаларымыздың қатысуымен танымдық-тәрбиелік, патриоттық іс-шара өткізілді.

Танымдық-тәрбиелік, патриоттық іс-шараға Ауған соғысының ардагерлері «Құрмет» орденінің иегері Сайлан Болат Санабайұлы, «Айбын» орденінің иегері Дәркенбаев Байдәулет Құрманқожаұлы, «Ерлiгi үшiн» медалінің иегері Асқар Жорабаев Абдалыұлы және тарих, археология және этнология факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Ауған соғысының ардагерлері Ауған соғысы жайлы бастарынан өткен жанкешті оқиғалары жайлы бүге-шігесіне дейін айта келіп, мұғалімдер мен студенттер қойған сұрақтарға түсінікті, мағыналы етіп жауап берді. Кездесу барысында ағаларымыз жастарға бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етуге және ел мен жердің қадір – қасиетін ұғынатын, білімді де саналы ұрпақ болуға шақырды.

Еске алсақ, осыдан отыз жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері ауған жерінен біржолата шықты. Он жылға созылған бұл соғыстан елге қайтқан жауынгерлердің көбі мүгедек болып оралды. Талайы жат жер топырағын құшты. Бұл соғыста ТМД елдерінің 15000 – жуық адамы құрбан болды. Ерлік қашан да елге мұра, ұрпаққа – ұран болатыны белгілі. Кеңес одағы басшылығының қаулысымен олар Ауған халқы алдында интернационалдық борыштарын өтеді. 14 мыңға жуық кеңес жауынгерлері бұл соғыста үйлеріне оралмады. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар еді.

Ауған соғысы туралы статистикалық мәліметтер 1976 жылы желтоқсан айында, Совет үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешім қабылданды. Тарих жылнамасының өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтардың бірі – Ауған соғысы. Соғыс даласындағы Қазақстандықтар саны – 22 мың 269 жауынгер болса, соғыс барысында Қазақстан 924 боздағынан айырылды. Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 жас елге мүгедек болып оралды. Хабарсыз кеткендер – 21. Кеңес Одағының батыры атағын алғандар – 86.

Қайғы мен қасірет әкелген бұл соғыс Қазақстан жерін де айналып өтпеді. Ұрыста қаза тапқан жауынгерлердің ерліктерін есімізде мәңгіге сақтау қасиетті борышымыз. Оларды ұмытпас үшін естеліктер айтылып, мәңгілік алаулар жағылады. Соғыстың адам баласына әкелер зардабы мен қасіреті шексіз екені баршаға аян.

Бұл соғыстан қанша боздақтар оралмады, сол боздақтардың аналары әлі күнге дейін қара жамылып қасірет шегуде. Әр ана баласының кеміс те болса тірі келгенін құдайдан тілемей ме? Сол үмітінің ақталмай, баласының өлі денесін алудан артық анаға бұл дүниеде тең келер қандай қасірет бар? Ауғанстан туралы біз не білеміз? Ауғанстан бұл ертеден қалыптасқан мұсылман мемлекеті. Бірақ, бұл ел бізге ұмтылмас қайғы мен қасірет әкеледі деп ешқашан ойлаған емеспіз. Біреудің жүрек жарар ұлын, біреудің бауырын бұл жалғанда жұлып әкетерін кім білген.

Бұл кездесудің біздерге, яғни, жастарға берері мол болды. Осындай ағаларымыздың ерлігі батыр да батыл, ел еңсесін еңселеген жүрегі елім деп соққан жастардың көбеюіне септігін тигізері анық. Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Бүгін өзімізбен бірге елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп – құрметтеу – біздің борышымыз.

Қ.Т. Жұмағұлов,

т.ғ.д., профессор 

Жақсылықова Гүлнұр Асанқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің 1 курс магистранты

Оставить комментарий

Связанные Статьи