ҚР Еңбек және әлеуметті қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ұлы Жансұлтан Сапарбаевтың карьерасына байланысты журналистердің сұрағына жауап берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі
«Конституцияға сәйкес, менің ұлым Қазақстан азаматы ретінде оған толық құқығы бар. Бұл – оның өз таңдауы, менің қатысым жоқ. Ондай әдеттен адамын. Мемлекеттік қызметті өзі таңдады, енді бәрі өзіне байланысты. Жұмысын жақсы істесе – карьерасы да өседі», - деді Сапарбаев журналистерге.
Айта кетейік, кеше Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Жансұлтан Бердікбекұлы Сапарбаев 1991 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша бітірді, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесі бар.
2012-2014 жылдары "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-де әртүрлі лауазымдарды иеленген.
2015 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі – хатшылық басшысы болып тағайындалды.
2016 жылы "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ басқарушы директоры болған.
Мемлекеттік қызметтегі мансабын 2016 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрінің кеңесшісі болып бастады.
2017 жылы Ұлттық экономика министрлігі өңірлерді сараптау және бағалау департаменті өңіраралық ынтымақтастық басқармасының басшысы болған.
2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратын басқарды.
Ұсынған: Гүлім Жақан