Қатерлі ісіктің алдын алу – мемлекеттің денсаулық саласындағы басым бағыты болып отыр

/uploads/thumbnail/20190417105425880_small.jpg

Ұлт денсаулығы қашан да мемлекеттің және Елбасының  назарында. Өйткені дені сау ұлттың болашағы үлкен. Еліміздің тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «басты байлық – халықтың денсаулығы» екенін атап көрсетті.

«Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың  құрылысын бастау керек. Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз»,–деді Елбасы халыққа арнаған Жолдауында.

Ақиқатын атап өту керек. Қазақстанда ғана емес, онкология саласының проблемалары бүкіл әлемде қазіргі уақытта өршіп тұр. Сондықтан еліміздің Тұңғыш президенті осы мәселені ұдайы назарда ұстап келеді.

Оның үстіне  елімізді  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Әрине, әлемдік проблемаға айналып отырған мәселені бірден шешіп тастауға болмас. Бірақ ол үшін мемлекет тарапынан барлық алғышарттар қабылданып жатыр. Бұл орайда «Денсаулық» бағдарламасы тиімді болып отырғанын айта кету керек.

Ал Елбасы тиісті орындар алдына міндет етіп қойған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы  биылғы жылы басталмақ. Әрине аталған орталық соңғы заманауи технологиялық медициналық құрылғылармен жабдықталатын болады. Бұл өз кезегінде онкологиялық сырқаттың алдын алатыны сөзсіз.

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде Ұлттық онкологиялық орталық салу туралы тапсырмасы бекер емес. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінен алынған деректерге назар аударатын болсақ, бүгінгі таңда қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік байқауда 181 000 емделуші  тұр. Бұл 2019 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш екенін айта кетуіміз керек.

Бір ғана мысал, өткен жылы осындай диагнозбен 35753  пациент есепке алынған. Олардың 44,3 пайызын ерлер, ал   55,7 пайызын  әйелдер құрап отыр. Айта кетер бір жайт, мұндай сырқат белгісімен алғаш рет ауырып отырғандардың 60 пайызға жуығы 18-63 жас аралығындағылар. Дерекке жүгінер болсақ,  сүт безінің обыры - 12,6, өкпе обыры -9,9, асқазан обыры  9,9 пайыз. Бірақ көрсеткіш бұлай болғанымен, онкология саласындағы  жағдай соңғы жылдары күрт жақсарып келеді. Өйткені халықтың денсаулығын жақсарту бұрын да, қазіргі уақытта да мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып отырғанын ашық айтуымыз керек. Өйткені мемлекет деңгейінде бағдарламалар орындалып жатыр.

Біріншіден,  2011-2015 жылдар аралығында Денсаулық сақтауды дамыту үшін «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Екіншіден, онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. Одан кейін 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық бағдарламасы жүзеге асты. Айта кету керек, аталған «Денсаулық» бағдарламасының арқасында әлім-жітім азайды. Ана мен бала өлімі төмендеді. Сонымен қатар, онкологиялық аурумен ауыратын адамдардың саны азайды. Дерекке жүгінер болсақ, жүйелі түрде жүзеге асырылған бағдарламалар өз нәтижесін бере бастады. Онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде 100 мың халыққа шаққанда өлім  102,4-тен 95,8-ге дейін төмендеді. Сонымен қатар, қатерлі ісікке шалдыққандарды анықтау 50,1 пайыздан 53,5 пайызға дейін жақсарды. Жалпы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың барысында өлім көрсеткіші де төмендеді.

Атап айтар болсақ, қатерлі ісіктен қайтыс болу деңгейі  100 мың халыққа шаққанда 92,8-ден 80,96 пайызға төмендеді.

Жалпы әдетте халық арасында «қатерлі ісікке шалдыққандар бес жылдан артық өмір сүрмейді» деген түсінік бар. Бірақ адам өзін қараса, өмірден күдер үзбесе және күйзелісте емес, күлімдеп өмір сүрсе, дәрігердің нұсқауын орындап отырса, бәрі де жақсы болатыны сөзсіз. Бұл пайымды кейінгі деректер де анықтап тұрғандай. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен алған дерекке сенсек, 2018 жылғы көрсеткіштер шындығында да көңіл тоғайтады. Атап айтар болсақ, өткен жылы 5  және одан да көп жыл өмір сүретін сырқаттардың үлесі  50 пайыздан 51,0  пайызға дейін өскен көрінеді. Бұл әрине жыл өткен сайын жақсарып бара жатқан көрсеткіш. Бұл қуанышты нәрсе әрине. Өйткені қазіргі уақытта Елбасы атап көрсеткен тапсырмалар орындалуда, ол ең алдымен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен арадағы алшақтықты жою. Расында осыған байланысты Қазақстанда «Денсаулық» бағдарламасына сай жұмыс жүйелі жүргізілуде. Мысалы, бүгінгі күнде елімізде онкологиялық көмек халыққа үш деңгейде көрсетіліп жатыр.

-Бірінші амбулаториялық-емханалық деңгейде.

-Екінші  өңірлердегі онкологиялық диспансерлердің жағдайын жақсарту және жаңғырту.

-Үшінші, жоғары деңгейдегі республикалық медицина мекемелері.

Енді осының әрқайсысына тоқталатын болсақ, бірінші деңгей бойынша қатерлі ісік ауруын ерте анықтау, сонымен қатар  амбулаториялық деңгейде қызмет көрсету. Бұл бағытта бүгінгі таңда   405 онколог кабинеті мен 1604 қарау кабинеті сырқат жандарға қызметін тұрақты көрсетіп тұрғанын айта кету керек.

Ал екінші деңгей ойынша, онкологиялық сырқатқа шалдыққандарға 

Әр аймақтағы 16 өңірлік онкологиялық диспансер медициналық көмек көрсеитді. Сонымен қатар, Көкшетау,  Шымкент, Ақтөбе, Жезқазған, және көппрофильді ауруханаларда 4 онкологиялық филиал өз қызметін көрсетеді.

Ал үшінші деңгейде қызмет көрсететін орталық туралы айтатын болсақ, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты және Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының бұл орайда мединалық көмегі ұшан-теңіз болып тұр.  

Жалпы қатерлі ісіктің қалай алдын алуға болады? Ол үшін дәрігерге жиі қаралып, тексерістен өтіп тұру керек. Мұның пайдасы өте зор, сырқаттың алдын алады, және сонымен қатар, пациенттің ерте жазылып кетуге мүмкіндік береді.

Сондықтан да медициналық қолдаудың, сырқат жандарға онкологиялық көмектің пайдасы үлкен. Өйткені қоғам, мемлекеттің ең басты байлығы – адам және оның денсаулығы. Сондықтан да Қазақстан үкіметі «Денсаулық» бағдарламасының аясында аурудың алдын алуға арналған шараларды жиі және ұдайы, тұрақты өткізіп тұрады.  Тұңғыш президент, Елбасының Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары елдерімен арадағы алшақтықты жою қажет деп отырғаны бекер емес. Бір ғана мысал, Қазақстан Республикасында профилактикаға арналған шығынның көлемі  4 пайыз шамасында,  ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары елдерінде қаржы 10 пайызға дейін бөлінетінін айта кету керек.

Әрине, онкологиялық дертті ерте анықтауға елімізде барлық жағдай жасалынған. Нақты айтар болсақ, елімізде онкоскринингтердің үш түрі жүзеге асырылатынын айта кету керек, яғни жатыр мойны, сүт безі және жуан ішек обырының скринингі. Осыған байланысты алдағы уақытта осы салға бөлінетін қаржының үлесі артатын болады. Әрине, бұл үшін ең алдымен халық медициналық ақпараттан үнемі құлағдар болып отыруы керек. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметіне сенсек, өткен жылы халықты ақпараттандыру үшін нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтар болсақ, 2018 жылы 3,5 миллионнан астам  адамды қамтыған 193 мың іс-шара өткізілген көрінеді. Демек, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының халыққа берері мол.

Жалпы онкологиялық ауруларға қатысты көрсеткіштің жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын анық байқауға болады. Бір ғана мысал, 1999 жылдан бастап Қазақстанда қатерлі ісіктен болатын  өлім 42 пайызға азайған. Бұл әрине өте жақсы көрсеткіш. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, қатерлік ісік қатерінің алдын алуға қатысты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасымен қоса,

Өткен жылы тағы да 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Аталған жоспар төрт бағыттан тұрады. Оларды –қауіп факторларының профилактикасы және басқару,  тиімділігі жоғары ерте диагностика, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған  моделін енгізу, кадр әлеуеті мен ғылымды дамыту.

Демек, денсаулық сақтауды жүйелі түрде бағдарламалар арқылы жүзеге асырудың тиімділігі зор. Мысалы, біз сөз етіп отырған  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы 2011-2015 жылдары жүзеге асқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы заңды жалғасы. «Денсаулық» бағдарламасында медицина мен халықтың денсаулығын күшейту мен  оны шешудің  ауқымды жолдары қарастырылған. Бірақ негізі кінәні мемлекеттен емес, кез келген қарапайым адам өзінен іздегені жөн. Жалпы атап айтар болсақ, қатерлі ісіктің бірінші, екінші сатылары немесе оның белгілері ерте анықталған тұста оны толыққанды емдеуге болады. Ең қиыны, көптеген азаматтар ауыр асқынған тұста ғана дәрігерге қаралуға келеді. Өкінішке қарай ол кезде бәрі де кеш болып қалады. Мұндай жағдайда дәрігерлер шарасыз күйде болатыны жасырын емес. Барлық уақытта аурудың алдын алу үшін кез келген адам скринингтік тексеруден өтіп тұруы керек. Сонда ғана деніміз сау болады,  ал заманауи медицинаның кез келген сырқатты емдеуге қауқары бар. Тек пациент емделуге ертерек келгені дұрыс. Қысқаша айтқанда, «ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс деп ойлаймыз.  Өйткені Қазақстанда қатерлі ісікті  диагностикалау мен оны емдеудің барлық заманауи әдістері бар. Бұл бір. Екіншіден, Қазақстанда өмір сүріп жатқан кез келген адам сергек жүруі үшін салауатты өмір салтын дағдыға айналдырғаны дұрыс. Сонда ғана, деніміздің саулығы арқылы ғана  біз қоғамға, мемлекетке, нақты айтқанда  жанымыздың арашашысы болып жүрген ақ хадатты абзал жандарға, дәрігерлерге көмектесе аламыз. Өйткені денсаулық –зор байлық. 

Еркін Қалдан

Связанные Статьи