Жамбылда футболдан әуелқойлар арасында облыс чемпионаты басталды

/uploads/thumbnail/20171009093513239_small.jpg

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған чемпионатқа 10 ауданнан және Тараз қаласынан жасақталған 18 командадан 300-ден аса спортшы қатысып, үздік команданы анықтауда. Сондай-ақ бұл спорт додасының өңірдің футболын дамытуға сеп болмақ. Себебі, мықты аяқдопшылар әуесқойлардың, оның ішінде ауылдың қара домалақтарынан шығатындығы белгілі. Осынау игі спорттық шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, футболшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгін өңірде ерекше маңызды күн орын алып отыр. Жастарды барынша спортқа баулу үшін, олардың арасынан таланттарды табу үшін спорттық шаралар көптеп өтуі тиіс. Соның ішінде футбол саласы бойынша да арнайы шешім қабылданып, облыстық чемпионат өткізуды қолға алдық. Мұндағы мақсат біреу ол – жас таланттарды анықтап, оларға қолдау көрсету. Осылайша, Жамбыл футболының дәрежесін арттыру, – деп атап өткен Асқар Исабекұлы жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.  

Шараға арнайы келген даңқты футбол ардагері Сейілдә Байшақов Қазақстан Футбол федерациясы атынан спортшыларды аталмыш чемпионаттың басталуымен құттықтап, талантты футболшылар ауылдан шығатынын қадап айтты. Сондай-ақ ол өз сөзінде Байзақ ауданын мысалға алып, аталған ауданнан өзінен бөлек Азамат Ниязымбетов, Нұркен Мәзбаев және қазіргі таңдағы ұлттық құраманың негізгі ойыншысы Бауыржан Исламхан сынды аяқ доп шеберлерінің шыққанын атап өтті. Сондықтан ол өңір ауылдарынан хас таланттардың әліде шығатынына сенім білдірді.

Мұнан соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Сейілдә Байшақов осынау чемпионаттың тұсаукесер ойынын өткізген Сарысу және Талас аудандары арасындағы матчтың добын ойынға қосып берді. Ойын салтанатты түрде басталғаннан кейін көршілес қос аудан арасындағы ойын жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Алғашы минуттарда бір-бірінің осал жерлерін аңдысқан қос командар бірінші таймның бел ортасынан бастап өткір шабуылдарға иек артты. Дегенмен бұл ойында тактикалық жағынан таластықтардың қарсылас командадан бір бас жоғары екендігі көрініп тұрды. Олар матч бойы сауатты қорғанып, шабуылдарын сәтті аяқтап жатты. Есесіне, сарысулық командаға еш мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп 9:0 таластықтардың пайдасында.

          Негізінен, өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылған чемпионаттың алғашқы жарыс күнінде бұдан өзге үш матч өтті. Нақтырақ айтқанда, Шу ауданының аяқ допшылары мойынқұмдық команданың қақпасына жауапсыз 3 гол соғып чемпионатты сәтті бастады. Ал меркіліктер Т.Рысқұлов ауданының командасына 10 гол соғып, айқын басымдылық танытты. Бірақ өз қақпаларына ешқандай гол дарытқан жоқ. Өз кезегінде Байзақ және Жуалы аудандары арасындағы матч тартысқа толы өтті. Ойын барысында байзақтықтардың соққан 3 голына жуалылықтар 2 голмен жауап қатты.

Жалпы, чемпионат 2 кезеңнен тұратын топтық жүйе бойынша өткізілсе, топтық ойындар айналмалы жүйемен өрбиді. Алғашқы кезеңде барлық командалар 3 топқа бөлініп өзара жасыл алаңда өзара кіл мықтыны анықтамақ. Атап айтқанда, 1топта  Шу, Қордай, Мойынқұм, Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандары бақ сынайтын болады. Сонымен қатар 2 топта Талас, Сарысу, Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандары жасыл алаңда ойын өрнегін көрсетпек. Ал 3 топта Тараз қаласының 8 командасы топтан шығу үшін ьарларын ортаға салмақ. Осылайша, чемпионаттың 2 кезеңінде 1,2 топ жеңімпаздары және 3 топтан 2 команда айналмалы жүйемен облыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды. Айта кетерлігі, мамыр айында басталған бұл чемпионат қазан айында қорытындыланатын болады.

Бақыт Жалғас

Оставить комментарий

Связанные Статьи