Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «...бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады» деп атап көрсете отырып, туризм саласын дамытуға айрықша басымдық бергені белгілі. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жаңа нысандар бой көтеріп, жұртшылықтың қызығушылығын туғызуда. Міне, сәні мен сәулеті келіскен сондай орынның бірі - Тараз қаласындағы қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағы.
Айту керек, аталмыш саябақ аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тың идеялары негізінде аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді. 15 гектарлық саябақ аумағындағы «Ерлік» мемориалды кешенінің нысандары көздің жауын алады. Облыстық драма театрдың алдынан көшіріліп әкелінген батыр Бауыржанның еңселі ескерткіші нағыз өз орнын енді тапты деуге болады. Ескерткіштің қос қапталында Жамбыл жерінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының «Алтын жұлдызы» жарқырап тұрса, алдындағы «Мәңгілік алау» ерлік пен өрліктің өшпес рухын асқақтатып, ұрпақ санасына «Даңқ» деген дана ұғымды ұқтырып тұрғандай. Батыр Бауыржан Момышұлы мен 48 батырдың артында 105 мыңға жуық жауынгердің есімі қашап жазылған мәрмардан соғылған «Даңқ» мемориалы да бүгінгі буынның өз атасын іздеп, ұзақ кідіретін орны болып тұр. Ал кешенге кіретін бас қақпаның ені 13, биіктігі 8 метрді құрап, алыстан көз тартып менұндалайды.
Мұнда жақұтқа бергісіз жәдігерлер көп-ақ. Әсіресе, әріректегі 5 артиллериялық зеңбірек пен қаз-қатар сап түзеген 7 ауыр әскери техника да кешеннің мәні мен сәнін кіргізіп-ақ тұр.
Саябақтағы айрықша атап өтетін жаңалықтың бірі – Чернобль апатының зардабын жоюға жұмылдырылған солдаттар мен Ауған соғысында қаза тапқан, жат жердегі осы соғыстың бел ортасында болған жерлестерімізге арнап қойылған ескерткіш композиясы. Жалпы, 10 жылға созылған Ауған жеріндегі соғысқа елімізден 22 мың сарбаз қатысса, олардың 2 мыңы жамбылдықтар екен. Сол қатарда 105 жамбылдық «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, 1292 адам кеудесіне арнайы медаль тағыпты. Ал Ауғанда атой салған даңқты жерлесіміз Бақытжан Ертаевқа кейін Халық Қаһарманы атағы берілді.
Чернобль апатының зардабымен күрескен жамбылдықтарға да «Жеңіс» саябағынан орын бұйырыпты. Қала халқының тағдыры ғана емес, адамзат үшін аса маңызды миссиямен апатқа ұшыраған электр станциясының аумағына кіріп, өлімге бас тіккен 32 мың қазақстандықтың 1500-ге жуығы жамбылдықтар.
Жаңғырған «Жеңіс» саябағы былтырғы мамыр айында ашылғанымен, оның кейінгі бөліктерінің құрылысы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Екінші кезеңмен жүзеге асқан Үшбұлақ каналының жағалауы былтыр Тараз қаласының күнінде пайдалануға берілді. Канал ені кеңейтіліп, суға толтырылып, шағын қайықтар мен жиырмаға жуық катамаран демалушыларға қызмет етіп жүр. Ал суға жіберілген мыңдаған балық пен аққу, үйректер де жағалауға табиғи реңк беріп тұр.
Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанғандар үшін де жағалауда бар жағдай жасалған. Бүгінде веложолақ пен спорттық жаттығу және балалар алаңшалары өз миссиясын орындап тұр. Сондай-ақ, саябақ құрылысының үшінші кезеңі нысандарының бастысы саналатын Даңқ залы алыстан көз тартады.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңғырған саябақ жаңа көшеттермен толығуда. Мәселен, былтыр «Жасыл ел-Тараз» ЖШС саябақ аумағына жер бетіндегі ең жылдам өсетін 122 түп павловния ағашын отырғызды. Мұның бәрі де келісті мекеннің көркін ашып, сәнін кіргізе түсуде. Сондықтан да болар, саябақта сейіл құратын тараздықтар мен қала қонақтарының күн өткен сайын артып келеді.
Бақыт Жалғас
Оставить комментарий