Қазыналы қарттар сынға түсті

/image/2019/10/16/crop-54_265_1411x2509_qazynaly-qarttar-syngha-tusti-1.jpg

Байзақ ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысының 80 жылдығына және Қарттар күніне орайластырылған «Ақылман ақсақалдар» аудандық байқауы өтті.

Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен әл – Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шараға 18 ауылдық округтің намысын қорғауға, 63 жастан асқан 15 қария қатысты.

Шара мақсаты – көпті көрген данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сондай – ақ, қариялар бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеу арқылы жастарды аталы сөздің құдіреті мен халқымыздың салт – дәстүрлерін қастерлеуге үйрету.

Байқау шымылдығы мәдениет үйінің әншісі Жанат Сәлімбаеваның орындауындағы «Ағаларға арнау» әнімен ашылды. Одан соң сайыс шарттарына сәйкес қариялар өздерін қара сөзбен, өлең жолдарымен де, қолдарына домбыраларын алып, жырауларша әндетіп таныстырғандар да болды. Екінші шарт: жеребе бойынша экранда шыққан ұлттық салт – дәстүрге қатысты сауалдарға көптеректік Әбдірахман Кенжебаев пен Темірбек ауылдық округінен қатысқан Аманғазы Халықов мүдірмей жауап беріп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әрмен қарай ақсақалдар мақал – мәтел, өнегелі - өсиет сөздер айтудан бақтарын сынап, бата беруден алдарына жан салмады.

Қарияларымыздың өнерін қазылар алқасының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев, мүшелері Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев және Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, КСРО мәдени – ағарту ісінің үздігі Көпжасар Арынұлының шешімімен бас жүлдеге темірбектік Аманғазы Халықов лайық деп танылды. Бірінші орынды Түймекент ауылынан келген Ниязхан Бейсенов иеленді. Екінші орынды қостөбелік Майданбай Байжанов еншілесе, үшінші орынды мырзатайлық Ілес Жүзбаев олжалады. Ынталандыру сыйлығы Жаңатұрмыс ауылдық округінің намысын қорғаған Төленді Басықараевқа табыс етілді.

Байқауда бәсі басым түскен жеңімпаздар мен қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Дипломдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи