Жамбыл облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және облыс әкімдігінің білім басқармасы бірлесіп жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Аталған мақсатта аймақта облыс әкімдігінің білім басқармасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлескен «Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті көтеруге бағытталған 2019-2020 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспарын» бекітті. Жоспарға сәйкес өңірдегі 392 мектеп пен 43 колледжде оқушылар мен студенттер арасында парасаттылықты, қайырымдылықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін көтеру, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» дебат клубтары құрылды. Клубтар құрамына 15 437 оқушы мен студенттер енді.
Сонымен қатар, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ұйымдастаруымен 2019 жылы барлығы 187 іс-шаралар өткізіліп, 42 135 оқушы қамтылған. Білім беру ұйымдарындағы «Парасатты азамат» бұрыштарында жастардың бойында патриоттық, парасаттылық, жауаптылық қасиеттерін дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы ақпараттар тұрақты түрде жаңартылып отырады. Ағымдағы жылдың қараша айында «Адал ұрпақ» еріктілер клубының облыстық слеті өтеді деп жоспарлануда.
Оқушылар мен студенттердің парасаттылығын, жоғары мәдениеттілігін қалыптастырып, дамыту мақсатында 8 бен 11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері арасында «Сана парасаттылығы – адал ұрпақ негізі» атты пікірсайыс турнирлері өткізілуде. Бүгінгі күні мектепішілік кезеңге – 3417 оқушы, аудандар мен колледждерде – 1896 оқушы мен студент қатысты. Пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңі қазан айының аяғында өткізіледі.
Бұдан бөлек, білім алушылардың бойында парасаттылық пен академиялық тазалық принциптерін қалыптастыру, адамгершілік-этикалық құндылықарды бойына сіңіру мақсатында 8-11 сынып оқушылары арасында «Парасатты болашақ» атты эссе жазу байқауының мектепішілік, аудандық кезеңдері өтіп, оларға 2932 оқушы қатысты. Облыстық кезеңге қатысу үшін 112 жұмыс қабылданды.
Өткізілген байқаулардың жеңімпаздары мен белсенді қатысушылары парасаттылық «елшілеріне» айналған лекторлар пулын қалыптастырды. Олар ерікті түрде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, әдептілікті дамытуға бағытталған дәрістер, тренингтер өткізеді.
Оставить комментарий