Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да бұл салаға айрықша басымдық берілді.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында да бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сол қатарда Жамбыл ауданында да тындырымды тірліктер тіктелуде. Аталмыш аймақта спорт саласы жылдан жылға қарқынды даму үстінде.
Жамбыл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне жергілікті бюджеттен 2017 жылға жалпы 7710,0 мың теңге бөлінген болатын. Оның ішінде ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға 2210,0 мың теңге қаралса, аудандық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге 2500,0 мың теңге бөлінді. Ал әртүрлі спорт түрлері бойынша аудан құрама командаларының мүшелерін дайындау және олардың облыстық спорт жарыстарына қатысуы үшін 3480,0 мың теңге бөлініп, игерілді.
Саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту барысында 2017 жылы 204 іс-шара өткізіліп, 30114 адам қамтылды.
Нәтижелі жұмыстар 2018 жылы да лайықты жалғасын тапты. Жамбыл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Ержігітов ұсынған мәліметке сәйкес, өңірде барлығы 153 спорттық ғимарат қызмет көрсетті. Оның ішінде: 1 орталық стадион, 1 спорт кешені, 1 ипподром, 8 атқыштар тирі, 79 спорт алаңшалары, 29 футбол алаңдары, 33 спорт залдары және 1 дене тәрбиесі және спортпен шұғылданатын бөлме елдің игілігіне жарады.
Былтыр сонымен қатар аудан көлемінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 23825 адам шұғылданды. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының жалпы санына есептегенде, 28,8%-ды құрады.
Балалар мен жасөспірімдердің жалпы санынан балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде және аула клубтарындағы дене шынықтырумен және спортпен айналысатын 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің қамтылғаны 11,5 пайызды құрады.
Өткен жылы ауданға қарасты Аса ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 952 бала спорттың 12 түрімен шұғылданды. Бұл балалармен 31 жаттықтырушы-оқытушы спорттың қазақ күресі, дзю-до, самбо, еркін күрес, бокс, жартасқа өрмелеу, баскетбол, жеңіл атлетика, грек-рим күресі, құсбегілік, волейбол және футболмен жұмыс жасағанын айта кеткен жөн.
Оставить комментарий