Кейінгі кездері хиджаб (қате атасам, кешірерсіздер) дегеніңіз қазақтың, кәдімгідей, бас қатыратын басты бір проблемасына айнала бастады. Оның этнографиялық тарихымызда болмағандығын да, бүгініміз бен келешегімізге қажетсіздігін де, осыдан бірер жыл бұрын, Елбасымыз өзінің Түркістан қаласына сапары барысында шегелеп тұрып айтқан еді. Ал, жалпы, әйел баласының баскиімі мен өзге де киімдері төңірегінде айтылар әңгіменің ауқымы мыңдаған жылдар кеңістігіне созылады. Мен бүгін өзіміздің хиджабшылдарға қарата, бір-екі-ақ сөз айтпақпын. Тегінде, әйел баласының басын тұтастай тасқараңғы тұмшалап тастасаңыз да, бәрі - бекер, егер оның өз бет қызылы (ұяты) болмаса! Қазақ қызының "хиджабы" - өзінің Ар-ұяты. Ар-ұяты бар әйелдерге ең қатынқұмар еркектердің ең жойқын көз сұғы да өте алмайды. Әрине, бұл жазбамызды оқып отырған діндар адамдардың ішіндегі кейбір қыңырларының былай деп те қырсықтануы мүмкін: "Әйел баласының хиджабтануы оның өзі үшін емес, - еркектер үшін керек. Өйткені, әйелдің сұлу дидарын көрген еркектің сайтаны қозады". Оған былай деп жауап береміз: "Сайтан" - кез келген еркекте бар. Оның "қозуы" әйелдің сұлу жамалына ғана байланысты емес. Бет сұлулығынан мың есе асып түсетін "қоздырғыштар" да бар тірлікте. Сондықтан, еркектер өз "сайтандарына" өздері ие болу керек қашанда. Ие бола алмайтындарға, жиджаб түгіл, Қытай Қорғаны да бөгет бола алмайды!
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, facebook