Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан "Абу-Даби Плаза" көпфункционалды кешенінің ең биік мұнарасын "Қазақстан" деп атайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Елбасы Qazaqstan телеарнасында бүгін сағат 20.00-де көрсетілетін "Түркістан: көне мен келешек көпірі" фильмінде айтты.
– Бұйыртса "Абу-Даби Плаза" мұнарасын "Қазақстан" мұнарасы деп атаймын. Мұндай биік ғимарат жоқ. Алыстан ғимаратты көріп, "мынау не?" дегенде бұл "Қазақстан" мұнарасы деп айтып жүретін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетейік, қазан айында Нұр-сұлтан әкімдігі "Әбу-Даби Плаза" көпфункционалды кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп мәлімдеген болатын.
"Абу-Даби Плазаның" жартылай ашылуы 2019 жылдың 2 желтоқсанында өтті. Сауда орталығының құрылысы 2010 жылдың қараша айында басталды. Нысанның құрылысы 1,6 миллиард долларға бағаланады. Кешен Ақмешіт, Сығанақ және Түркістан көшелерінің ауданында орналасқан. Жер учаскесінің ауданы 4,4613 гектарды құрайды.