Министрлік дерегінше, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі тәжірибе ескеріле отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2020 жылы 36 018 теңге) 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді. Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады" делінген ақпараттық хабарламада.
Қаңтарда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,7 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,4 млрд теңге бөлінген.
Оставить комментарий