Киік қырғыны тағы қайталануы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170708200924026_small.jpg

Әлемде тек Қазақстан аумағында ғана қалған, Қызыл кітапқа енген, қазақ ұлты үшін қасиетті аң болып саналатын киіктің жаппай қырылуының себебін анықтау туралы ведомствааралық комиссияның кезекті жиналысы өтті.

Жиналысқа әдеттегідей ҚР Ауыл шаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев басшылық етті.

Жалпы киіктің жаппай қырылуы ауыл шаруашылық мәселесі емес, ең алдымен үлкен экологиялық апат деп бағалаған жөн. Соған қарамастан осы уақытқа дейінгі өткен жиындарға экология мен қоршаған ортаны қорғау жүктелген ҚР Энергетика министрлігінің басшылары, министрді айтпағанның өзінде вице-министрі де қатысқан емес.

Ал киіктердің жаппай қырылуына ғылыми баға береді, ғылыми түрде зерттеу жүргізеді деп күткен ҚР Білім және ғылым министрлігі де бұл іске аса мән бере қойған емес.

Жалпы, бұл жолғы жиынның ерекшелігі, бірінші рет Парламент депутаттары қатысты. Депутаттар Гүлнар Сейтмағамбетова мен Тәңірберген Бердоңғаров маман-ғалымдардың баяндамасын қанша зейін қойып тыңдағанымен аса ешнәрсе түсіне алмады. Ол туралы депутаттардың өздері де айтып қалды.

Ең негізгісі киіктердің қырылу себебін анықтауға қандай да бір сәуле түсіреді деп күтілген ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми орталық мардымды ешнәрсе айта алмады.

Соңында бірін-бірі айыптауға көшкен ғалымдар мен чиновниктердің арасындағы дауды Ерлан Нысанбаев әрең тоқтатты.

Сонымен, қайғылы экологиялық оқиғаның болғанына жарты жылға жуық уақыт өтсе де, Президенттің киіктердің қырылу себебін шұғыл анықтау туралы бұйрығына қарамастан әлі күнге олардың  неден қырылғаны анықталған жоқ.

«Антигептил» азаматтық қозғалысы қырылған киіктердің саны 200 000-нан асатынын осыған дейін де айтқан болатын. Оны қазірде кейбір халықаралық ұйымдардың да нақтылай түскені ескертілді. Антигептилшілердің бұл тұжырымын Қазақстанның биологиялық әралуандылықты сақтау ассоциациясы директорының орынбасары сергей Скляренко да қолдап, Бетпақдала популяциясындағы киіктердің 85-87пайызының қырылып қалғанын, жалпы Қазақстандағы киіктердің қазіргі саны 30 мыңның айналасында болуы мүмкін екенін ескертті.

Киік қырылған уақытта 90 000-нан аса мал шығыны болды деген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары да, кейбір экологтар да мәлімдеген болатын. Алайда, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі бұл ақпаратты мақұлдаған да,  не жоққа да шығарған жоқ.

Сөз кезегінде «Осы уақытқа дейін киіктердың жаппай қырылуын анықтауға қатысқан 10 ғылыми институттар мен зертханалар, шетелдік ұйымдар киіктерден алған биоматериалдарды химиялық улану, радиация немесе гептилге байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізген жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру керек» дедім мен. Ең қызығы, жиынға қатысқан «Ғарыш-экология» ғылыми зерттеу орталығы директорының орынбасары Алма Бимағамбетова «Ғарыш-экология» ҒЗИ Қазақстан бойынша гептилдің қоршаған ортаға әсерін зерттеу жөнінде аккредитациядан өткен жалғыз ғылыми орталық екенін айта келіп, орталықта киіктердің қырылуына гептил әсер етті ма, жоқ па деген бағытта ешқандай жұмыс жасамағанын мойындады.

Соған қарамастан шенеуніктер киіктердің қырылуына гептилдің қатысы жоқ деумен келеді.

Егер Қазақстан бойынша гептилдің қоршаған ортаға, яғни аң мен малға, адам мен өсімдіктерге әсерін зерттейтін жалғыз ғылыми орталық зерттеуге қатыспаса оның әсер еткені немесе етпегені туралы қалайша сеніммен айтуға болады? Бұл бір деңіз.

Екіншіден, «Ғарыш-экология» ҒЗО зерттесе де шындықты айта қоя ма? Себебі, Протондарды ұшырып, гептил төгуге рұқсат етіп отырған сол Аэроғарыш комитеті емес пе?

Сонымен не керек, жиынға қатысқан ғалымдар да, шенеуніктер де киік қырғыны тағы қайталануы әбден мүмкін деген қорытындыға келді.

Осыған дейін киіктің ауруларын зерттеуге 300 миллионнан аса теңге қаржы алып, еш нәтиже шығармаған  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми орталығына енді 3 жыл ішінде  2,1 млрд. теңге бөлмекші. Ол қыруар қаржы түгелдей игерілсе де, киіктің қырылу себебін анықтай алар ма екен? Өйткені,  біздің ойымызша апат себебін зерттеуге тиіс жерден емес, басқа жақтан іздеуде. Тіпті бұл апатты зерттеуге, себебін анықтауға біздің билік дұрыс ниетті болып отырған жоқ.

        Мақсат Ілиясұлы

«Қамшы» сілтейді  

Оставить комментарий

Связанные Статьи