Әлеуметтік желідегі алаяқтық

/uploads/thumbnail/20170708200927990_small.jpg

Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ адам кемде-кем шығар. Заман ағымы, уақыт талабына сай мұндай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға , белгілі-бір оқиға не құбылыс туралы қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын мына заманда басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен, интернетті осындай игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Бүгінгі әңгімеміз әлеуметтік желілердегі алаяқтық туралы болмақ.

Бұдан бірнеше жыл бұрын ғаламтордағы алаяқтық кәсіби хакерлердің ірі қаржы ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің сайттарына шабуыл, олардың ақпараттық жүйелерін істен шығару сынды әрекеттермен ғана байланысты қабылданатын. Бүгінде жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына бұзып кіру, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құпияларды пайдаланып ақша бопсалау сияқты теріс қылықтар етек жаюда. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ.

Бейтаныс арулар. Алаяқтар әлеуметтік желілердің бірінен жас қыздардың атынан парақша ашып, онда көркі көз қызықтыратын сұлулардың суретін салады. Сол аккаунттан жігіттерге достық ұсыныс жіберіп, әңгімеге тартады. Кісінің көңілін аударатын, қызықты (көбінесе аянышты, немесе отбасылық-тұрмыстық қиындықтарды талқылаған) посттар жазып, қалталы әрі жеңіл жүріске бір бүйрегі бұрып тұрады-ау деген азаматтардың жазбаларына үнемі пікір қалдырып жүреді. Жеке чатта әңгімелесуге қол жеткізгеннен соң арулар әлдебір себептермен «достарынан» ақша сұрай бастайды. Көп тараған себептердің бірі мынау: ғаламтордағы қылықты ару өзі сөйлесіп жүрген досы тұратын қалаға бір шаруалармен бармақ жоспары барын, бірақ, жол жүруге біршама қаражат жетпей тұрғанын айтады. Қаражат «қолын байлаған» аруға мәрттігі ұстап көмектеспек болатындар да көп. Алаяққа керегі де осы. Ал, алданған жомарт таныста бейтаныс арудың сұраған ақшасын алғаннан соң қалай байланысты үзіп, жаңа «кеңістікті игеруге» кірісіп те кеткенін түсінбей қалады.

Вирустық бағдарламалармен ақша табу. Арам пиғылдылар бұл жолы елдің әлеуметтік желідегі парақшаларын бұзып кіріп, ондағы достарына түрлі жарнамалар мен вирустық бағдарламалардың сілтемелерін жібереді. Сілтемелердің мазмұны әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ мақсаты бір – ақша табу.

Әкімшінің атынан алдап соғу. Мұнда желі қолданушыларына әкімші атынан қолданушының парақшасы өшірілетіні туралы хабарлама жіберіледі. Қолданушыға парақша өшірілмес үшін өзінің шынымен де сол желі қолданушысы екенін растау, ол үшін белгілі бір нөмірге смс-код жіберу ұсынылады. Ол нөмірлер – ішіңіз сезіп отырғандай алаяқтық мақсатта жұмыс істейтін бір күндік ақылы нөмірлер.

Бопсалау. Алаяқтар түрлі бағдарламалардың көмегімен желі қолданушылардың парақшасын бұзып, ондағы суреттерді, көбінесе жеке чатта жазылған хабарламаларын көшіріп алады. Сосын оларды «мүдделі тараптарға» жібереміз деп қорқыту арқылы ақша бопсалайды. Жаза басып, сезімге ерік бергендер мен кесе көлденең өткен қыздарға бір қырындамай қалмайтын туа бітті нәпсіқұмарлар ондай алаяқтар үшін оңай олжа, әрине.

Қайырымдылық акциялары. Бұл да әлеуметтік желідегі алаяқтықтың кең тараған түрі. Мұнда «желі сауғандар» ауыр дертке шалдыққан, шаңырағында қайғылы жағдай болып, қаражатсыз қалған адамдар мен отбасылар туралы жариялап, елден көмек сұрайды. Ұсынылған күмәнді есеп-шоттар мен электронды әмияндарға ойланбастан ақша аудара салатындар болмаса, ондай алаяқтар туралы да айтпас едік...

«Сыныптастар бас қосады. Ақшаны мен жинап жатырмын», «Телефонымда бірлік бітіп қалды, қаланың сыртында жүр ем. Ақша салшы» деген сылтаулармен оңай пайда тапқысы келетіндерді күнде көріп жүрміз. Тіпті, ондайларға мән бермейтін де болғанбыз. Ал, енді жоғарыда аталған алаяқтықтарға тап болмас үшін әрбір әлеуметтік қолданушылардан барынша сақтық талап етіледі. «Жаңа таныстармен» мұқият тексермей, ортақ таныстардың бар-жоқтығына көз жеткізбей сұхбаттаспауға, аса қажет болмаса жеке өміріңізге қатысты суреттер, бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламауға, «сырластарыңызбен» құрған сұхбаттарды ізін суытпай өшіріп отыруға тырысыңыз. Ең бастысы, ел аузында ертеден келе жатқан «Сақтансаң – сақтайды!» деген тәмсіл әлеуметтік желіні де айналып өтпейтінін есте сақтаңыз.

 

Дархан Мұқан

 

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи