«Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген ұлағатты сөздер бекер айтылмаса керек! Бүгінде 80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің көргенін аз деп айтуға болмас. Себебі бұл жоғарғы оқу орнының ірі ғылыми және мәдени орталық ретінде қалыптасу процесі өте ұзақ, әрі қиын кезеңдерден өтті. Мәселен, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысын бастан кешірген Қазақ Ұлттық Университеті оқытушылары мен студенттерінің Туған жеріміз бен халқымызды, қорғау жолында қосқан үлестері аз емес. Мысалы, Химия факультетінің атқарған ерекше жұмыстарының бірін атап кетер болсақ, фронттағыларды барынша дәрілік препараттармен қамтамасыз етіп отырған. Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдардағы ауыртпашылықтарға қарамастан, жас ұрпақтардың білім алуын мақсат еткен университет өз жұмысын жалғастырып 2 дайындық бөлімшелерін ашты. Оның бірі тоғызыншы сынып бітіргендер үшін болса, екіншісі жетінші сынып бтіргендерге арналған еді. Сол кездердің өзінде жастардың тағдыры үшін алаңдаған Қазақ Ұлттық Университеті, болашақ өсіп келе жатқан ұрпақтардың қолында екендігіне сенім артып, оларға барынша қолдау көрсетіп, демеу болды.
Бүгінгі таңда да әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті өзінің көпжылдық дәстүрінен ауытқымай, жас ұрпақтарға көмек көрсетіп, болашағына бағдар беруін жалғастыруда. Мұны тек жоғарғы оқу орнының қабырғаларында атқарылып жатқан жұмыстар ғана емес, сонымен қатар университеттен тыс қоғамдық іс-шаралар айқындай түседі. Мәселен, 24.11.2013 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының оқытушысы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ахметбек Гүлжан және 2-курс магистранттары, сонымен қатар Философия және саясаттану факультеті, жалпы және этникалық психология, жалпы және этникалық педагогика кафедраларының оқытушылары: психология ғылымдарының кандидаты, доцент Жұбаназарова Н.С., педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Анарбек Н.А. «Шығыс әлеміне саяхат» атты бағдарламамен Алматы облысы, Қарасай ауданы, Бағанашыл ауылы №1 Балалар Үйіне барды.
Бағдарламаның негізгі мақсаты жас бүлдіршіндерді Қазақстанмен көршілес Қытай Халық Республикасымен жан-жақты таныстыру. Себебі бүгінгі таңда ҚХР мен Қазақстан арасындағы саяси, мәдени, экономикалық қарым-қатынас даму үстінде. Сондықтан екі елдің тілін үйрену қажеттілігінің артуына байланысты, жас ұрпақтарды қытай халқының тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, екі ел арасындағы байланыстың мағынасы мен мәнін барынша түсіндіру мақсаты басшылыққа алынды. «Шығыс әлеміне саяхат» атты тәрбие сағаты шеңберінде арнайы дайындалған бағдарламадан тыс, балалар үйіндегі жас бүлдіршіндердің бойларындағы өнерлерімен танысу мүмкіндігі болды. Мысалы, Желтоқсан айындағы «Президент күні», «Тәуелсіздік күні», «Жаңа Жыл» сынды ең басты мерекелерге арналған қазақ тіліндегі патриоттық, мерекелік өлең жолдарын мәнеріне салып, интонациясын келтіріп орыс балалар айтқанда, сол сәтте естіп отырған әрбір адамның бойын қуаныш, мақтаныш сезімдерімен қатар, аяныш, мұң билегендігін көздерінен байқауға болды. Себебі осындай талантты, патриот ұрпақтар өсіп келе жатқанда Қазақстанның болашағы жарқын, айтар сөзі әлі алда екенін түсінесің, алайда кішкентай ғана көзінің қарашығын ата-анасы қалай ғана өзге жанның босағасына тастап, тағдырын елеусіз қалдырды деген ой бойды билеп, маза бермейді. Ал ән айтуға келгенде ішкен асын жерге қоятын Жігер деген бүлдіршіннің Анаға арналған өлеңі, тіпті тұла бойды өртеп, іштегі сезімді көзге ыстық жас қылып әкелгені де рас.
Ұрпақтарымыздың білімі жан-жақты, белсенділіктері өте жоғары екендігін дәлелдей түскен тағы бірқатар конкурстар, ол «Жұмбақ жасыру», «Сұрақ-жауап», «Әуенді тап» ойындары. Тәрбие сағатын жүргізу барысында менің желтоқсан айындағы басты мерекелерге қатысты қойған сұрақтарыма ерекше белсенділікпен жауап беріп, соған қатысты Мұқағали Мақатаев сынды ақындарымыздың өлең жолдарын оқып, бір-біріне жұмбақтар жасырып шешімдерін тауып оқытушылар мен магистранттар алып барған сыйлықтарға ие болды. Ойындарды ойнату барысында балалардың көзінде жанып тұрған отты көргенде мәз-мейрам болып қаласың. Себебі жас бүлдіршіндердің өміріне аз да болса, бір үлесіңді қосып жатқаныңды сезінесің.
Тағдыр деген қызық та, қатал ғой!... Кейбір адамдар балаға зар болып, бір мезетке болса да үмітін үзбей, Алладан бар ниеттерімен сәби тілейді. Енді біреулер тұрмыс-тіршілігі мен тағдыр тауқыметін сылтау етіп, Алланың сыйлаған сәбиін көрінгеннің босағасына тастайды. Ата-аналар дүние есігін «шыр» етіп ашқан нәрестесін көзі қиып, жүрегі шыдап қалай ғана панасыз қалдырады екен?! Осындай қатыгездіктің салдарынан бейкүнә сәби, дүние есігін ашпай жатып, тағдыр тауқыметін арқалайды. Өмір сынымен арпалысатындай бұл балалардың қандай жазығы бар еді? Шындығына келсек кейінгі кездері балаларынан бас тартып, тастап кетіп жатқан ата-аналар саны көбеюде. Осындай жағдайларды көргенде, қазақ халқының бойына сіңген мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттерінің жоғалып, тасжүрек жандарға айналып бара жатқанын байқаймыз. Осы тұрғыда жолдан тайған ата-аналарға айтарым: «Сәбилеріңіз дүниеге жетім болу үшін келмейді ғой! Керісінше, сіздердің мейірімділіктеріңіз бен сүйіспеншіліктеріңізге бөленіп, өмірлеріңізді жанған шырақтай жарықтандырып, сәулелендіру үшін дүние есігін ашады! Олар сіздерден махаббат пен жылулықтан басқа ешнәрсені талап етпейді, алайда ана алақанының жылулығын аңсап, мөлдіреген көздерін терезеден алмай, үнемі жақынын күтуден шаршамайтын сәбилер саны күн санап өсіп келеді! Сондықтан да қатыгездікке жол бермей, іздеріңізді басар ұрпақтарыңызды көздеріңіздің қарашығындай сақтағайсыздар!
Мақаланы дайындағандар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасының
2-курс магистранты Медетбекова К.Б.
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ахметбек Г.
Философия және саясаттану факультеті,
жалпы және этникалық психология кафедрасының доценті
психология ғылымдарының кандидаты Жұбаназарова Н.С.
Qamshy.kz
Оставить комментарий