«Благодать» пресвитериан шіркеуінің 67 жастағы пасторы Бақытжан Қашқымбаев ісіне қатысты сот куәгерлерден жауап алуға кірісті. Пасторға «бұрын шіркеуге келген әйелдердің бірінің психикасына гипноз арқылы залал келтірді және құлшылық ету кезінде галлюциногендік сусындар қолданды» деген айыптар тағылған. Астана қаласы Алматы аудандық 2-сотының судьясы Гүлжаһан Ұбашева төрағалық ететін сот процесі сотталушы мен оның адвокатынсыз өтіп жатыр. Пастор Бақытжан Қашқымбаев өз ісін басқа судьяға беруді сұрайды. Ол адвокаты Нұрлан Бейсекеевке алғашқы сотқа қатысуына тыйым салғанымен, оның заңдық көмегінен бас тартқан жоқ. Судьяны ауыстыру жөніндегі өтініші орындалмағандықтан, қаңтардың 22-сі күні өткен алғашқы сот отырысында Бақытжан Қашқымбаев процеске қатысудан бас тартатынын және адвокатына да тыйым салатынын мәлімдеген. "Благодать" шіркеуіне келушілер пастор Бақытжан Қашқымбаевқа қатысты сот процесінде отыр. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл. Қорғаушы тарап «егер судья бұрын бұл қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім шығаруға қатысса, істі қарауға қатыса алмайды» деп есептейді. 2012 жылы желтоқсанның 20-сы күні өткен алдын ала сот тергеуі кезінде судья Ұбашева бұл іс бойынша жәбірленуші деп танылған Ләззат Әлменованы төртінші рет психиатриялық сараптамадан өткізу үшін психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызу туралы қаулы шығарған. Осындай сараптаманың бірі жәбірленушіні «өздігінен әрекет етуге қабілетсіз» деп таныған. Кейін тергеу органы Әлменованың өкілі ретінде әпкесін бекіткен соң жәбірленуші сотта сөйлеу құқығынан айырылған. Бірақ процесс сот тағайындаған жаңа адвокаттың қатысуымен ақпанның 4-інде қайта басталды. Нұрлан Бейсекеев адвокатты тағайындау кезінде «сотталушының пікірі ескерілуі тиіс» деген заң талабы бұзылғанын айтады. Қылмыстық-процессуалдық кодексте «қорғаушыны іске қатысуға шақыру құқығы сотталушыға ғана беріледі», ал «белгілі бір тұлғаны қорғаушы ретінде ұсынуға, шақыруға соттың құқығы жоқ» деп жазылған. Қазақстан билігі құрамына астаналық «Благодать» шіркеуі кіретін «Грейс» миссиясын «алаяқтық әрекеттермен айналысты, экстремистік мәтіндерді таратты, құлшылық ету кезінде галлюциногендік сусындар қолданды» деп айыптайды. Ал шіркеу мен оның басшылары бұл айыптарды мойындамайды. Пастор Бақытжан Қашқымбаев бұл істі «қолдан жасалған процесс» деп атайды. Ол ісін басқа судьяның қарауына тапсырмайынша, процеске қатыспайтынын мәлімдеді.
"Азаттық.org"
Оставить комментарий