ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елордада басталып, Таразда мәреге жетіп отырған Қазақ хандығының 550 жылдық тойы қазақ халқы ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерейін өсіріп, мақтанышын туғызғаны кәміл. Соның ішінде Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында да тойдың республикалық деңгейде ұйымдастырылуы шалғай өңір тұрғындары үшін ерекше қуаныш болды. Бұл туралы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында тұратын еңбек ардагері, тарихшы-ұстаз Сисен Байзонов мәлім етті.
Оның айтуынша, шын мәнісінде Хан ордасы - қазақ хандығы салтанат құрған заманның нақты көрінісі. Қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгірге дейін ешкім мұндай қала салған жоқ десек, қателеспейміз. Жас ұрпаққа білім, тәрбие беремін деп, алғаш мектеп аштырып, дәріхана, мешіт салдырып, өркениетке қарай нақты қадам жасаған осы Жәңгір хан болатын.
Елбасымыз Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуын мақсат етіп отырған мезгілде Қазақ хандығы мерекесінің осылайша тойлануы «қазақта мемлекет болмаған» деушілердің аузына құм құйды. Тойдың басты тағылымы осы деп ойлаймын. Мысалы, Хан ордасында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ресейден келген ғалымдардың қазақ халқының шығу тарихы, қазақ хандығының құрылуы туралы баяндамалар жасауы біздің тарихымыздың тамыры тереңде екендігін тағы бір көрсетіп берді. Хан ордасында өткен тойға сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың арнайы келіп, сөз сөйлеуі мереке дәрежесін өсірді. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына Елбасымыздың зор көңіл бөліп отырғанының айқын айғағы болып табылады.
Қай тойдың да өзіндік мәні мен тағылымы болады. Бұған мен Хан ордасындағы театрландырылған көріністі тамашалаған кезде тап болдым. Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр бастаған барлық 16 ауылдық округ әкімінің сауыт киіп, қолына найза алып, тұлпар мініп, қазақ батырларын бейнелеп, топтың алдынан өтуі жарасып тұрды. Кейін Қазталов ауданы тіккен киіз үйде Нұрлан Мағазұлы тойға белсене қатысқандардың бәріне алғысын білдіре келе, ауданда жас жеткіншектер үшін ат спорты мектебін ұйымдастырылатынын жеткізді. Бұл да тойдың тағылымы емес пе. Кейінгі ұрпақ атқа мініп, ұлттық спорт түрлеріне маманданса, бұдан біздің ұтарымыз анық. Біріншіден, біздің ұрпағымыздың дені сау болады, екіншіден, ата дәстүрін жоғалтпаймыз. Бұл басқа өңір, аудандар үшін де ескеретін жайт деп ойлаймын.
«Сөз соңында өз ауылыма қатысты тағы бір мәселені айта кетсем деймін. Біздің округте Н.Ахметов, Е.Жабасов, Н.Имамеденов, Ж.Сақауов секілді кәсіпкерлер аз емес. «Елде болса, ерінге тиеді», деген, осындай малды жігіттер Хан ордасы іргесіндегі Бабай бағынан бие, түйе сауу өндірісін жолға қойса, халыққа пайдасы тиер еді. Әйтпесе «Байдың малы бір жұттық» деп қазақ айтқанындай, мал басын көбейтіп, жерді аздырып-тоздыра бергенше немесе дала тағысына жем еткенше, оны тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыру керек қой. Кезінде Жәңгір хан, одан кейін қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажанов малды құр ұстап қана қоймай, оны асылдандыруды мақсат еткен ғой. Бүгінгінің адамдары содан да тағылым алып, бабалар дәстүріне сай болуы керек деп есептеймін. Ең бастысы, Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясын алға тартып отырған мезгілде қай өңірде де «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес елдің бүгіні ғана емес, ертеңі үшін де аса қажетті істер қолға алынуы тиіс», деп түйіндеді ойын С.Байзонов.
Дереккөз. ҚазАқпарат
Оставить комментарий