Қоғамдық бірлестіктер жастар мәселелерін шешуге жан-жақты атсалысуда

/uploads/thumbnail/20170708201432634_small.jpg

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің ролі өте зор. Олар жастар арасында дұрыс идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Статистикаға сенсек, соңғы 11 жыл ішінде жастар ұйымдарының саны 7 есеге артқан. Ал жастар саясатын қаржыландыру соңғы 7 жыл ішінде 10 есеге өскен.  
Жыл басында «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы Заң жобасы қабылданған болатын. Құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты үш міндеті қамтылған. Атап айтқанда, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өміріне тарту, азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизмді нығайту. Ал мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарында олардың ішінде қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмыспен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту шаралары қамтылады.

Бұл мақсаттарды іске асыруда жастар ұйымдарының көмегі аз емес. Өйткені, жастар саясатындағы басты орынды алатын, жастар тарапынан көтерілген мәселелердің қыр-сырын білетін тікелей солар. Жастар ұйымдары әлемдік тәжірибеде жастар саясатын орындаушы аса маңызды субъектінің қызметін атқарады. Оларға тиісті құқықтар беріп, тең қарастыру, пікірімен санасу қажет. Бірлестіктердің жұмысы көлеңкеде қалып қоймауы тиіс, сонда ғана олардың жұмысы жемісті болады.

Біз Шымкент қаласындағы «Нұр әлем»  жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бектай Ормановты сөзге тарттық.

«Нұр-Әлем» 2006 жылы құрылды. Құрылған күннен бастап ОҚО барлық қалалық, аудандық  ішкі саясат бөлімдерімен, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасымен, Жастар орталықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Біздің міндетіміз - әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдістерді зерттеу, талдау және болжау, заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізу, ұйымдастыру, жастар проблемаларына қатысты бағдарламалар, жобалар жасау, жастардың азаматтық ой-пікірін, таным талғамын жоғары дәрежеде жеткізе алатын тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру» дейді Бектай.

Бірлестік 2006 жылдан бері республика, облыс көлемінде 15-ке жуық жобаны жүзеге асыруда. Оның ішіне ішкі саясаттың басым бағыттары бойынша социологиялық зерттеулер кешенін ұйымдастыру, жастардың еліміздегі түрлі жағдайларға байланысты көзқарастары мен пікірлерін анықтауға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған жобалар бар.   Социологиялық зерттеулердің сауалнамалық, фокус-топ, контент талдау, бақылау, сарапшылық сұхбат т.б. әдістері бойынша жұмыстар атқарады. Ал сол зерттеулердің қорытындысы негізінде проблемалардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірленіп, тиісті мекемелерге материалдар жіберіледі. Яғни, «нұр-әлемдіктер» көптеген мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып жүр деуге болады.

Мәселен, бірлестік жүргізген бір талдаудың нәтижесіне көз салайық. Оңтүстік өңірдегі отбасылардың ажырасу көрсеткішін осы жерден көруге болады. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 21711 неке заңды түрде қиылса, 3013 ажырасу оқиғасы тіркелген. Ол некелесудің 13,9 %-ына тең. Ал, 2014 жылы 23737 некелесу фактісі, 4420 (18,6%) ажырасу оқиғалары тіркелген. Ажырасу жағдайларының 5 жылда 5 %-ға артқанын байқауға болады.

«Соңғы жылдары жастардың арман-мақсаттары, ой-ниеті едәуір өзгерген, - дейді бірлестік жетекшісі. - Жастар материалдық құндылықтарды көбірек ойлайды. Оларды өз мамандығы бойынша жұмысқа тұру, жастар арасындағы қылмыс, оқу орнындағы парақорлық секілді мәселелер алаңдатады. Оның бәрін осы зерттеулер арқасында анықтап отырмыз. Оңтүстік Қазақстан облысы - республика бойынша халық саны ең көп шоғырланған аймақ. Халықтың 16 %-ы осында тұрады. Демек, назар аударатын мәселелер де аз емес. Соларды талдап, динамикасын сараптап, тұрғындар арасында сұрау жүргізіп, толғандыратын мәселелері бойынша қорытынды жасауға тырысамыз».

9 жылдан бергі нәтижелі еңбектің арқасында қоғамдық бірлестік 2015 жылдың «Ең үздік жастар қоғамдық бірлестігі» атаныпты.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Оставить комментарий

Связанные Статьи