АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Сүйіспеншілікпен...» деп аталатын қазақстандық жаңа тележоба аясында «Алматы-Амстердам» автошеруі ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз брифингі барысында осы тележобаның режиссері Абдель Елубаев мәлімдеді.
«Бұл автошеру елімізде 2017 жылы болатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен қысқы Универсиада ойындарына бағышталып отыр. Бұл жобаның мақсаты Қазақстанды бүкіл Еуропа кеңістігіне таныту. Бұл идея осыдан жарты жыл бұрын туындаған еді. Біз өз күшімізбен туризм саласына қатысты өте бір сапалы телебағдарлама жасауды армандадық. Сөйтіп, «Сүйіспіншілікпен... Алматыдан!» деп аталатын қанатқақты алғашқы хабарды дайындадық. Көрермендер оған оң баға берген соң, біз мұнымен шектеліп қалмауды жөн көрдік. Содан автокөлікпен жүріп отырып, болған жерлерімізде жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізіп, Қазақстан жайлы түсірген фильмдерімізді көрсетуді және болған жерлеріміз жайлы өз күшімізбен телехабарлар әзірлеп шығаруды ұйғардық. Содан 8 адамнан құралған команда құрылды. Оның құрамында режиссер, продюсер, екі тележүргізуші, дыбыс режиссері, фотограф, әкімші және бір автокөлік жүргізушісі бар», - деді А. Елубаев.
Айта кетелік, «Алматы-Амстердам» автошеруіне қатысушылар үстіміздегі жылы 8 қазанда Алматыдан демеушілер ұсынған екі автокөлікпен жолға шығады. Сапар барысында шығармашылық топ Астана, Мәскеу, Минск, Брест, Варшава, Прага, Берлин, Париж және Амстердам қалаларында болады.
«35 күнге арналған автошеру барысында оған қатысушылар 30 мыңнан астам шақырымды басып өтеді. Бұған шамамен 5 тонна бензин жұмсалады», - деді өз сөзінде «Алматы-Амстердам» автошеруіне жанармай жағынан демеушілік көрсеткен - «Газпромнефть-Қазақстан» ЖШС желілік жетекшісі Марат Малатаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, автошеру барысында түсірілген телехабарлар алдағы уақытта отандық телеарналардың бірінен көрсетіледі.
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий