Ақсақ төре

/uploads/thumbnail/20170708201933841_small.jpg

(әңгіме)

Ақпан айының бір күндері болатын. Аласұрған үскірік долы аяздың арыны бәсеңдей қоймаған шақ еді. Ертеңгі шайға жаңадан отырғанбыз. Тыстан естілген күшті дүрсіліден үйге келе жатқан әлдекімнің бейсауыт жүрмегенін аңғарғандай болдық. Бұл қонағымыз көршіміз Әмірқұл болып шықты. Алқын- жұлқын есікті ашып кірген ол даланың ұйытқып соққан ақбұрқасынын ілестіріп бірге ала кірді. Әдеттегі сабырлы жүрісінен мүлде өзгеше, жүзінен абыржушылықтың нышаны білініп тұр. Бетіндегі сарғылт реңі ақпанның аязына домбығып бозарып алыпты. Жуан қара мұртының шалғысына мұз байланып үлгіріпті. Ол төрде отырған әкеме жөнсәл амандасты да , пештің жанына екі алақанын қақтап отыра қалды.
- Төрге шық! Ертеңгі шайға кел азаматым!- деп әкем қолымен өз жанын нұсқап орын босатқан еді.
- Жә, болды, асығыс шаруам бар еді,- деді Әмірқұл күңкілдеп.
- Тәйірі не шаруаң бар еді? Ертеңгі асқа қарамайтындай!- деді шешем көршісінің бұл келсін жақатпай. .
Әмірқұл сөзге сараң, доғалдау жан еді. Дағдылы әдетімен :
- Әй, сенің бұндағы құрдасың Әбен төре қайтыс болыпты, соны хабарлап келіп тұрмын, - деп сөзін келте қайырды.
- Қашан өліпті?!
- Неғылып...?
- Алда құдай- ай!- деген әкем мен шешемнің таңданған сұраулары жарыса шықты.
- Қалай өлді дерің барма? О, бейбақ! Далада арақ ішіп қатып өлген секілді,- деді Әмірқұл байырғы туада біткен сөзнің салты бойынша.Сөйтіп, жөткірініп алып әңгімесін қайта жалғастырды:
- Бүгін ертемен мал жөндеп, тоғайдың аржағында бұрнағы күні дайындап қойған шырғанақты әкеліп алайын деп жолға шығып ем, жол үстінде астымдағы жиренім әлде бір нәрседен сезіктеніп қорсылдап сала берді. Байқасам, қарсы алдымда қарайған бірдеме жатыр. Абайлап қарасам Әбен тәрізді. Жарықтық тар бұлақтың көпірінен өтем деп, мұзға тайып жығылып сол жерде жан бергенге ұқсайды. Осыны сендерге айта келдім. Жә, енді екеуміз ел жиыстырып хабарлайық!- деген Әмірқұл жолшыбай көргенін айна қатесіз үйдегілерге баян етті.
- Манадан бері алаяқ торының пысқыруы жаман еді жануардың... деді әкем.
- Япыр- ай! Әбен бейбақ, қан майданда жауының оғынан өлмеп еді, енді бүгін сұм дүниенің тарлығынан көз жұмғанын қарашы?!- деп шешемнің көңлі босап, көзі жасаурады.
- Жүрегің неге сонша жылып кетті өзіңнің? Бір кезде құрт- қатығымды тауысты деп қақсаушы едің, енді бүгін төреге жоқтау айтатын түрің бар ғой?- деді әкем кәдуілгі мысқылына басып.
- Жоқтасам не болыпты?- деді шешем жұлып алғандай.
- Бөтенім емес, арғы тегімді қазбаласаң, сол төренің елі түп нағашым болып келеді. Кімнің қандай ажалмен өлерін Бір Құдай біледі,- деп шешем әкемнің бетін қайтарған болды.
Әмірқұлдың біздің үйге әкелген қаралы хабары менің өзегіме шоқ тастағандай күйге салды. ‹‹Әттең! Әбен бейшара, бұл дүниеден не жақсылық көрдің? Әуелі артыңды жалғастыратын отауыңның түтіні түзу шыққаны былай тұрсын. Дүниенің адам төзгісіз азабын арқалап жүріп, енді еңсеңді көтеріп басыңнан мұнар айықса да, санаңдағы сары уайым айықпай адамдық санатыңды құрдымға кетірді. Енді бүгін ақпанның сары шұнақ аязында, ажалыңнан үш күн бұрын жан тапсырғаныңды қарашы!›› деген ойлар жүрегімді еріксіз шымшылап тыншымады. Марқұмға деген аяушылық сезімім еріксіз оянып кетті білем, жанарыма тұмандап топталған жасты үйдегілерге көрсетпей жеңімнің ұшымен ақырын ғана сүртіп алдым.
※ ※ ※ ※ ※
Әбен орта бойлыдан жоғарылау, қақпақ жаурынды, кең иықты адам болатын. Алыстан қарағанда балуан денелі болып көрінетін. Ал көз алдыға жақындағанда, шүңірейген көзі, сорайып пышақ жанығандай екі жағы, құп- қу болған өңі, сидиып сіңірі білінген салалы саусақтары, үстіне киінген көнетоз бір құр әскери шапанның кір баттасып сіріңкедей қара түске енген халын көргенде, оның қайыршыдан бейнесі айырғысыз болатын. Оның үстіне ұйпа- тұйпа болған бурыл шаштары ерепайсыз өсіп кеткен. Қырау шалған сақал- мұрты қауғадай болып, бетіндегі айғыз- айғыз әжімдері , екі бетіне таңба болып қалыптасқан екі үлкен тыртығы бадырайып тұратын. Әбеннің бұл бейнесін бір көрген жан оның қалыпсыз адам екенін сезе қоятын. Алайда ол өзге есалаңдардан гөрі тәуірірек еді. Үйткені, қыстақ тұрғындарының бәрімен бірге араласа алатын. Ашылып сыр шертісетін. Әсіресе ол өзінің жас күнінде әскерлікке алынып, үш аймақ ұлт азаттық соғысына қатынасқанын, Мәркіс, Ленин, Маузыдың қатарлы ұлағатты адамдардың өмірбаянын, онымен қоса өзінің төре тұқымынан шыққан ата тегін түк қалдырмай көпшілікке майын тамызып жыр еткенде, оның өз кезінде сауатты, көзіқарақты жан екенін, сөзге ділмәрліғын аңғаратынбыз.
Әбен оң аяғын сылтып басатын. Өзінің айтуына қарағанда соғыста оқ тиіп, содан қалған жарақат екен. Кейін әскерден босап біздің фермамызға бөлініп қызмет істепті. Бір кезде үйленіп бала да сүйіпті. Бірақ, кейін Әбен айтса таусылмайтын зор пәлеге душар болыпты. Аты шулы мәдениет зор төңкерісінің шаш ал десе бас алатын еңбек көрсетуге талпынған есер белсенділері, қаралауға уысына түсер адам таппай тұрғанда, тәңір тілеуін беріп найза ұшына жауынгер жігіт алдымен ілініпті. Ақ сүйек төре Мужудың ( мал иесі ) тұқымы, шетке байланған буржуазияшыл элемент деген атпен тілсіз иірімге тарта жөнеліпті. Дәл осы жылдары жалғыз қызы науқастан шетінеп , бұдан күдер үзген әйелі төркіндерінің көрсеткен ақылымен басын аулақ салыпты. Кейін заман тыншып, ел көңілі орныққанда да Әбен рухани ауруынан айыға алмапты.
Міне осылайша жауынгер Әбен біздің фермамызда еріксіз жетімдік тұрмыс кешірді. Оның мұнда мұңына ортақтасып, қайғысына қарайласатын ешқандай жанашыр жақыны да жоқ еді. Тек, үкіметтен алатын болымсыз пенсия ақысымен күнелтетін. Әсіресе, ақшасының көбін араққа жұмсайтын, араққа қызынып алған соң Әбең көпірме әңгімені көсілте шертетін. Оның әңгімесін тыңдағансыған кей қулар: ‹‹Әбең жарайды! Әбең нағыз қаһарман, таңдаулы көмүнист емес пе?!›› деп арқасына қағып, арақ алдырып, күріштің арқасында күрмек су ішетін-ды. Ол тыңдармандарын аузына қарату үшін әңгімесін тамағын кенеп алып былай деп бастайтын:
- Әлемге әйгілі Шыңғысханның төрт ұлы дүниенің төрт бұрышын билепті,- дей келе сосын Жошының ұрпақтарының атадан-балаға үзбей қазаққа хан болғанын, олардың төре деп аталғанын, ақырында өзінің сол хан нәсілі Сайын төре дегеннің әулетімін деп мақтанып алатын.
Әбеннің бұл әңгімесі ауылдағылардың құлағына жатталып сіңісті болып кеткендіктен, қайталама шежіресіне ешкім ден қоймайтын, қайта мезі болған жұрт керсінше оған ‹‹Әбен төре››, ‹‹Ақсақ төре›› деген лақаптарды қойып үлгірген- ды. Бір жолы осы әңгімесін қайталап:
- Төресіз ел, төбесіз жер болмаған,- дегенді айта бастаған еді.Осы манағы көршіміз Әмірқұлдың әкесі жарықтық қырыс мінез, шақпа тілді жан еді. Оның айтарын жақатпаған шал:
- Біздің құла айғырдың тышпаған төбесі жоқ,- деп қағыта қалды.
Мұнысы, бұлардың елі құла айғыр деген ру болушы еді.
- Оттапсың,- деп таласты Әбен, - сарқурайдың басы сылдыраса жау келді деп үріккен құла айғырыңды кім таниды? Ал, төренің атағы алты алашқа тегіс жайылған. Қазақтың арғы шеті мен бергі шетіне төре тұқымының баспаған жері жоқ,- деп теріс азу сары шалды сөзбен ықтырып тастаған болатын.
Әбеннің адам сүйер ерекшелігі адал да, еңбекшілдігі еді. Ауылдағы адамдардың бірер үлкен жұмысы шықса болды, ондайда Әбен қағыс қалмайтын. Мұндайда Әбең: ‹‹ Ердің күші- есектің желі емес пе? ›› дегенді айтып еңбек басына уағында үлгіретін. Бар жұмыс аяғына шықпай үйіне қайтпайтын. Әбен бала жан еді. Әсіресе өспірім балалармен кеңесуді ұнататын. Бір күні мен үйде отырып есепшот соғуды үйреніп жатқан едім. Әбең жаныма келіп, шот соғуымды қадағалап көрді де:
- Балақай! Мына есепшотың сәбилердің ойыншығына арналған нәрсе екен. Менде бір айбәт есепшот бар. Соны саған сыйға берейін, сен ол үшін қазір менімен бірге ілесіп үйіме бар, - деді.
Мен бұған қуана мақұл болдым. Оның жол бойында жалғыз ауыз үйі бар болатын. Мен ерінбестен бірге бардым. Ол есепшотын маған ұсынып жатып :
- Биыл қаншадасың?- деп сұрады.
- Он бірден он екіге шығамын,- дедім мен.
- Жылың не еді қарғам?
- Жылым- жолбарыс, - деп едім.
Ол қарқылдап балаша мәз болды. Артынан:
- Сен менімен мүшелдес екенсің, жылың жолбарыс емес барыс болады. Есіңде болсын, барыс жылында туғандар төңкерісшіл келеді. Өйткені, кезінде үш аймақтың басшылары Ахметжан әпенді, Ысқақбек генералдар барыс жылының төлдері. Мен де кезінде төңкеріске қатысқам. Өрден алғам. Ал сен болашақта жарамды көмүнист бол! Менің сенен күтерім осы,- деп арқамнан қақты.
Мен есепшотымды қолыма алып үйден шыққаным сол еді. Жолда мектебіміздегі пионерлер отрядының бастығы Еркін жолымды тосып кимелесе кетті.
- Мұрат!- деді ол мені жазғыра тіл қатып, - сен үлгілі пионерсің! Ал сен қазір Әбен секілді партияға қарсы элемент, белгілі Мужудың дүниесін неге алып жүрсің? Қазір оның берген нәрсесін дереу өзіне қайтарып бер! Араларыңдағы байланысты үз, ол біз секілді өрімдей пионерлерді азғырып, капитализм жолымен жүргізуді мақсат еткен кертартпа күштің уәкілі. Пионерлер ережесіне қайшы әрекет істегенің үшін ертең түсінік жазып келесің! Ұқтың ба?! - деп маған қоқаңдай бастады.
- Еркін сен қате ойлап тұрсың, Әбен ағай айтулы жақсы адам. Ол партияға ешқашан шек келтірген емес.Мұны маған арнайы силаған. Қайтсең сөйт! Алғанымды қайтармаймын,- деп жауабымды ашып айыттым да, оның ендігі айтар сөзінің артын күтпей , үйге қарай жүгіре жөнелдім.
Ертесі бұны естіген барлық оқушылар түгелдей маған сын жаудырды. Мазақтады. Жазалады. Түсінік жаздырды. Мен оларға Әбеннің есепшотын қайтарып бердім деп өтірік айыттым да, ешкімге көрсетпей құпия ұстадым. Міне содан бері бақандай жеті жыл өте шықты. Әбен біржолата ‹‹кері төңкерісшіл›› деген айдардан арыған болатын. Амал нешік, сол бірнеше жылдық азапты күннің аяусыз соққысынан жабысқан рухани ауыруы сауықпады. Ол сөйте тұра араққа берілді. Бірақ, жұртқа ешібр салқынын тигізбей өтті.
※ ※ ※ ※ ※
Әбенге құдайға қарайтындар анша- мұнша кір қоңын жуып, киімдерін жамап, ыстық тамақтарын беріп тұрады. Соның бірі шешем болатын. Ол үйге келгенде шешемді ылғи ‹‹жиенім, құрдасым›› деп атайтын. Себебі: баста шешем айытқандай шешемнің бір жамағаты төрелермен қатысы бар екен. Ал, екінші жағы ол кісі шешеммен жылдас секілді. Әбең кейде өзіне керекті нәрселерін жасырмай сұрап алатын. Сұрайтындары да онша үлкен нәрсе емес. Біздің үйден құрт- қатық сықылды нәрселерді алып тұратын. Оны өзі жейме, сатама ол жағы маған беймәлім.
Бір жолы оның ақшасына дәніккен үш алаяқ іштеріне қулық сайлап, өтіп бара жатқан Әбеңді шырғалап орталарына шақыра қояды.
- Әбіке сізге айтар бір қуанышты хабар бар, естігіңіз келе ме?- дейді біреуі.
- Нендей қуаныш?!- деп ол елең ете қалады.
- Ағасы! Ол үшін бізге жақсылқтың алдын жуасыз ба?- дейді және біреуі.
- Көңілдерің не қалайды?- дейді Әбен білуге асығып.
- Алдымен бір құмыра асау көкті алсаңыз,- дейді манағы жігіт.
- Оның жарасы жеңіл, баурым!- деп дүкенге барып, аңғал байқұс олардың талаптарын екі етпей орындайды.
Құмыраның аузы ашылған соң олар:
- Сіздей сақа жауынгерлерге жоғарыдан ақша жіберіліпті,- дейді қудың біреуі.
- Қанша ақша екен? Қазір кімнің қолында тұр ол ақшаларым?- деп қазбалайды қуанған ол.
- Қанша келгенін білмейміз, ақшаңыз ферма бастығы Қасымныың қолында дейді, тездеп қузастырмасаңыз ол жемеңгер өзі пайдаланып кетеді,- деп қолтығына су бүркеді. Қасымға құрдас болып келетін алаяқтың біреуі.
- Сіз секілді өрден алған қаһарманға, әрине, көп ақша жібереді,- деп және біреусі оны желпіндіре бастайды.
- Рас- ау тездетіп тигізіп алмасам,- деп қуанышы қойнына симаған ол ішіп отырған араққа да қарамай дүкеннен асығыс шыға жөнеледі.
Содан ферма бастығының кеңсесіне тура барған қарт жауынгер жоғарыдан келген әскери сомасын сұрайды. Қасым баста таңырқап ондай қаражат келмегенін айтады. Бірақ, оның сөзіне Әбен иланбайды.
- Алдыңғы тартқызғаның аз келгендей, енді үкіметтен келген жәрдемақыны көп көріп қызғанып тұрсың ба?- деп Әбен дүрсе кетеді.
Бұнысы Қасым жас күнінде белсенді болып, Әбен күреске тартылғанда қатардан Қасым да қағыс қалмаған еді.
- Әбіке! Осындай сөзді кім айтып жүр? Келмеген ақшаны мен несіне жасырам?- деп Қасым түсіндіре алмай зәрезеп болады. .
- Сендей партияның құшағында жалбызбалап кіріп алған паразит құрттарды түбегейлі аластап, көзін жоғалту керек,- деп жінігеді Әбен.
Осының артынан жаңжал туылады. Дау- шар ушықса қаны қозып кететін қарт жауынгер Қасымды бастық екен деп жалпаңдауды білмейді. Көзіне қолын ала жүгіреді. Көп арашашы болып екеуін жағаластырмайды. Бірақ, Әбен тек кетпейді. Кеңседегі терезеден екі көз әйнектің күл- паршасын шығарып, оның жеті атасын жездей қақтап келген ізімен кері қайтады. Жоғарыға барып оның үстінен арыз айтып Қасымды міндетінен қалдыруға бел буады. Осыдан кейін ауданға барып аяғы жеткен жеріне Қасымның үстінен шағым айтады. Бірақ, соңында арызы аяқысыз қалады.
Әбен қарт ойдан тоқылған әскери соманы өле- өлгенше шын деп түйінді. Ол ұдайы бұл әңгіменің шеті шықса болды : ‹‹ қарға қарғаның көзін шұқымайды деген рас- ау, жоғарыдағылар зиян тартқан мені емес қайта пайдасын көрген Қасымның сөзін сөйлейді екен. Бұрынғы Ысқақбек генарал силаған өрденім ана жылы күреске тартқанда, осылардың қолына түсіп кетіп жоғалған еді. Жазбасам, сол өрден осы күнде Қасымның қолында жүр. Бұның әкесі Рақымбайға екі сиыр бір бие бітпеген қу шұнақ кедей еді. Мынаның бүгін байдың баласындай шіренуін қарай көр! ›› деп біреуелердің айтағына нанған ол қарадай Қасыммен өшігіп, қолына тигізе алмаған қомақты сомасын арман қылатын. Осыларды айтып біреулердің қылжағы, дәніккен қулардың табылмас майлы кесек олжасы болған панасыз шал Әбен де дүниеден озды...
Ал бүгін ауылдағылар аяқ астынан Әбеннің қаза болғанын естіп, итеріп жіберсе құлап түсуге әзер тұрған мыжырайған көне там үйінің алдына дерліктей жиналыпты . Фермамыздың бастығы Қасым мен қыстақ жауаптылары марқұмның соңғы жұмыстарын ыңғайлау жолында зыр қағып жұртты жұмылдырып жүр. Бір кезде Қасым көпшілікке қарап:
- Қане көр қазуға кімдер барады?- деп жиылған топқа көз салды.
Аузымнан қалай шығып кеткенін өзім де аңғармаппын :
- Мен барамын,- деген дауысым қатты естілген секілді. Қасымдағылар маған үдірейе қарасты.
- Жарайды азамат болды деген осы, Әбікеңнің орнын жайлырақ қазып, ертеңге дейін дайындап үлгіртіңдер! Аруағы разы болсын,- деп Қасым мені көп алдында алқаған болды.
Сонымен қолымызға қайла, күрек, кетпен ұстаған бес- алтауымыз қыстақтың теріскей жағындағы айдау кезең деп аталатын бұқаралық мазарға асығыс беттедік...

Тұрымбек Қасен 

 

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи