Қазанның 21-24 күндері аралығында жер жаннаты Жетісуда қазақтың ұлы ақыны, жырау, жыршы Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына орай дүбірлі той өткені дүйім жұртқа мәлім. Талдықорған қаласында ақын рухын асқақтатқан халықаралық айтыс, Алматыдағы Жамбыл атындағы филормонияда Сүйінбай мұрасын зерттеуге арналған ғылыми конференция, Ұзынағашта жыршы-термешілердің республикалық байқауы өтті. Қазанның 24 күні жыраудың туған ауылы Қарақыстақтағы арнайы аллеяда ақын ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық тойына Қырғыз Республикасы, Германия, Жапония, Түркия мемлекеттерінен қонақтар қатысып, қазақ деген ұлы елдің дәстүр-салтын тамашалап, ән-жырына сусындау мүмкіндігіне ие болды. Біздің журналисіміз де жапониялық қонақтармен бірге Жетісудағы дүбірлі тойға қатысқан еді. Материалға назар аударыңыздар:
«Ұлттық тағам — ұлт мәдениетінің аса көрнекті символы» деп есептейді, жапон елі. Иә, асына қарап, ұлтын танимыз. Қазақтың пейіліне сай қонағына жайған дастарханы кең болса, бұл ежелгі көшпенді халықтың ұлан-байтақ даланы мекен етуімен де байланысты болар. Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық тойына арнайы қатысқан жапон жастары ең алдымен қазақтың ұлттық тағамдарына таңданып, тамсанумен болды. Ас атасы — нан демекші, ақын рухына бағышталған асқа жайылған кең дастархандағы үйме бауырсақтарға жапон өрендері қызығушылықпен қарады.
Токио шет тілдер университетінің студенттері үшін бұндай ұлан-асыр той бұған дейін ешбір елде көрмеген ауқымды шара екен. «Осындай бүкіл ел болып, халық болып қатысқан дүркіреген тойды ешқашан көрген емеспін. Бәрінен де қазақтың ұлттық тағамдарын айтсаңшы? Ақкөңіл қазақ елінің қонақжайлық пейіліне риза болдым. Мәрттік, жомарттық қазақ ұлтының басты ерекшелігі және артықшылығы деп түсіндім. Қазақтың қонақжайлығына, жан-дүниесінің тереңдігіне ризамыз» дейді, Токио шет тілдер университетінің 3 курс студенті Суто Юичироу.
Қарақыстақ ауылында өткізілген астан кейін бәйге, жорғаны тамашалау үшін Көкбастау ипподромына барған едік. Жота үстіне қаз-қатар тізілген киіз үйлер шет елдік қонақтарды бар сән-салтанатымен қарсы алды. Жапониялық қонақтар Іле ауданы тіккен киіз үйден де дәм татты. Іле өңірінің өнерпаздары әуелете салған қазақтың ән-жыры жапон жастарын тәнті етті. Іле ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Жүнісов шет елдік қонақтарға Жетісу жайында мағлұмат беріп, Іле өңірінің тыныс-тіршілігі жайында әңгімеледі.
Ұлттық тағамдардың небір түрі самсап тұрған ақ дастархан бес жұлдызды қонақүй мейрамханалырының да ас мәзірін қамтыпты. Құрт, ірімшіктің он шақты түрінен дәм татқан шет елдіктер қазақ тағамдарын суретке түсіріп жатты. Бас ас қуырдақ пен палауға қызыққаны сонша артынан киіз үй сыртындағы шатырға барып, аспаз ағаймен тілдесуге ниет білдірді.
Қуырдақты тойға арнап дайындаған республикаға танымал аспаз Мұхит Тыныбай екен. Барлығы 56 түрлі тағамды бабымен әзірлейтін ағамыз салаттардың 17 түрін жасай алады. «Шет елдік мекемелерден үнемі шақырту аламын, қандай жиын болса да маған қазақ тағамдарын әзірлеу жөніндегі тапсырыстар түсіп жатады. Ата-бабаларымыздан жеткен тағам түрлерін таныстыру мақсатында дүниежүзінің 21 мемлекетін аралап шықтым» деген Мұхит Тыныбай қандай асты болса да асықпай, бабымен пісіру керектігін айтты. Аспазшының қуырдағына қызыққан шет елдіктер Мұхит ағаны қазанымен қоса суретке түсіріп жатты. Осылайша киіз үй мен қазақтың шынайы өмірін көрген шет елдіктер ұлтымыздың ұлағатын ұққандай еді. Иә, дастархан басында алыс-жақынның басын қосқан қазақ елі құт-беркесінен арылмасын!
Шарафат Жылқыбаева
Оставить комментарий