Кеше мемлекет басшысы Нұрсұтан Назарбаевтың Жарлығымен Данияр Ақышев ҚР Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды. Ал бұған дейін аталған банктің тізгінін ұстаған Қайрат Келімбетовтың қандай қызметке баратыны белгісіз. Әйтсе де, қоғамды қазір Қайрат Нематұлының тағдыры емес басқа мәселе алаңдатып отыр. Ол, әрине, Данияр Ақышевтің ақша саясатында қандай жаңалық әкеледі деген сұрақ.
Данияр Ақышев бас банк басшылығына тағайындала сала еліміздің белді сарапшылары пікір білдіре бастады. Бір сарапшы бас банкирдің тәжірибесі қаржылық қиындықтардан алып шығуа жетеді десе, енді бірі оны кеткен Келімбетовтың ізімен кетеді деп сәуегейлік жасап жатыр. Мәселен белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуынша Данияр Ақышев жақсы маман көрінеді. Алайда, ол су жаңа төрағаның Ұлттық банктің мүддесін қорғап, өзінің қағидаларымен жұмыс істете алатын Григорий Марченко сияқты стратегиялық ойыншы емес деген пікірде. Ал, белгілі экономист Олжас Құдайбергенов болса, Ақышевтың тағайындалуына оң көзқараспен қарамайтынын айтады. Оның басты уәжі Данияр Талғатұлы бұған дейін қаржы реттеуші төрағасының орынбасарынан басқа жоғары қызметте болған жоқ дегенге саяды.
Әйтсе де, Данияр Ақышевтің тағайындалуына оң көзқараспен қарайтын сарапшылар да баршылық. Мәселен, Азамат Жолдасбековтың айтуынша Данияр Ақышевтің екі үлкен артықшылығы бар. Оның біріншісі Ұлттық банкте ұзақ әрі кәсіби түрде жұмыс істеуі және Ақорда қабырғасындағы тәжірибесі.
– Данияр Ақышевтың жасының кіші болуы қорқынышты емес. Ол тым жас емес. Данияр Ақышев пен Бақыт Сұлтанов жастарға үлгі деп білемін: ол бір ұйымда сапалы жұмыс істеу арқылы жетістікке жетуге болатынын көрсетті - кешегі түлектен бүгінгі басшыға дейін. Менің білуімше, бұл әзірше қазақстандық мемлекеттік органдар үшін өте бірегей мансап – деді ол.
Алайда, Жолдасбеков жаңа төрағаның алдында теңгеге деген сенімді күшейтіп, банк депозиттерін қалпына келтіру мәселесі тұрғанын айтады. Сондай-ақ, ол несие және инвестициялық белсенділікті арттыру ең маңызды мәселе екенін бас банкирдің есіне салды.
Теңге демекші, қазіргі таңда халықтың төл ақшаға деген сенімі азайып отыр. Бұл сенімсіздік доллар 180 теңгеден 280-ге көтерілген кезде күрт күшейді. Мәселен, бүгінде азаматтардың жиған-терген ақшасын депозитте АҚШ долларымен сақтауға ерекше құлшынысы байқалып отыр. Өкінішке орай, соның салдарынан төл теңгеміз жетім баланың күйін кешуде. Егер бұл үрдіс осылай жалғаса берсе төл теңгенің тағдыры тағырыққа тіреледі. Сондықтан да бас банкир ең біріншіден теңгеге деген халықтың сенімін арттыруы керек. Бұл бір.
Екіншіден, Данияр Талғатұлы екінші деңгейлі банктегі бейберекетсіздікті жөнге қойса нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, аталған банктер шет елден небәрі 2-3 пайызбен несие алып, оны халыққа 20, тіпті 50 пайызбен беріп отыр. Егер, Ұлттық банк бірді-бірге соққан қаржы ұйымдарынан «Шетелден 2-3 пайызбен алған несиені халыққа 10 пайыздан артық өсіммен берме» деп талап етсе қарапайым халық кәсіпкерлікке ұмтылар еді. Бұл өз кезегінде қазынаға салық төлеушілердің қатарын арттырып, әлеуметтік әлеуетімізді жақсартады. Өкінішке орай, қазір қарапайым халықтың несие алып, кәсіп ашуы мүмкін емес. Өйткені, кәсіпкерлікті дамытып, әрі алған нәсиеңді уақыты төлеп отыру қиын. Ал, үкіметке қарапайым халықтың кәсіп ашып, өз күндерін өздері көргені тиімді емес пе? Едеше бас банкирдің бас қатыратын бірден-бір жұмысы осы несие бағдарламалары болса керек.
Қазіргі таңда экс-банкир Қайрат Келімбетовті қаралаған әртүрлі әңгімелер айтылып жатыр. Алайда, біздің елдің жағдайында бас банкир кім болса да қазіргі қалыптасқан күрделі жағдайға өзгеріс жасай алмас еді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Данияр Ақышевті де ешкім бірден АҚШ долларын ауыздықтап, ақша саясатында алдына жан салмайды деп айта алмайды. Соған қарамастан көпшілік бұл тағайындаудан үлкен үміт күтіп отыр. Үмітсіз шайтан деген...
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Оставить комментарий