Құмар ойындары – адаммен бірге жасап келе жатқан жат қылықтың бірі. Кісі бойындағы құмарлық сезімі мен оңай олжа табамын деген соқыр дәме талай жерде сан соқтырып, бармақ тістетіп жүр. Адам бойындағы осы қасиеттерді табыс көзіне айналдырып, құмарханаларды кәсіп еткен ұйымдар, қалалар, тұтастай елдер қаншама?!
Қазақстан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ендеп кірген осы құмар бизнесінің ордасы казинолардан кенде емес еді. Осыдан 7-8 жылдай уақыт бұрын жоғары деңгейдегі билік күштерінің араласуымен казинолардың қызметі заңсыз деп табылып, елді-мекендердегі көптеген ойынханалар жабылды. Республика бойынша Қапшағай мен Щучинск қалалары ғана ойынханалардың қызметі рұқсат етілген елді-мекен болып танылды. Осымен мәселе шешілді деп ойладық. Жоқ, олай емес екен.
Шамдары жарқырап, қызылды-жасылды жарнамасы сонадайдан көз тартқан казинолар құрығанмен оның орнын бүгінде орнатуы көп қаражатты қажет етпейтін, алайда, құмарпаздың қалтасын қағуда казинодан кем түспейтін ойын автоматтары басты. Қазір, әр аялдамадан, дүкендер мен базарлардың қай-қайсысынан осындай ойын автоматтарын көруге болады. Өңірлерде тез тарап, үлкен-кіші, еркек-ұрғашы демей барлық елдің тәуелділігін туғызып отырған сол автоматтар, тіпті, казинодан да қауіпті ме деп те қаласыз. Оған себеп те жоқ емес.
Біріншіден, бұл ойын бизнесі заңға қайшы емес. Яғни, кәсіпкерлер арбау аппараттарын кез-келген жерге кез-келген уақытта орнатып, шаруасын дөңгелетіп жүре береді. Оны күнде көріп жүрміз. Ойын аппараттары азық-түлік дүкенінен бастап көлік базарына дейін самсап тұр. Бұларды кей кәсіпкерлер, тіпті ойын автоматы емес, лоторея құрылғылары деп атап жүр.
Екінші ерекшелігі – қол жетімділігі. Ол аппараттармен ойнау үшін арнайы бір жерге барудың, аппарат қызметін пайдаланғаның үшін қосымша ақша төлеудің қажеті жоқ. Ойынға тігетін соманың да қомақты болуы шарт емес. Замандастарымыз ойнап жүрген аппараттар 500 теңгеден бастап қабылдай береді. Есесіне, ұтылатын ақшада есеп жоқ. Өз тапқан-таянғанын беріп қана қоймай, елден ақша алып салып жүргендер қаншама? Осы темірдің құлы болған көп жігіттер бүгінде жақын-жуыққа түгел қарызданып біткенін айтады.
Үшіншіден, әрине, тәуелділік мәселесі. Кез-келген ойын адам бойындағы қызығушылықты оятатын құбылыс болса, бұл аппараттар құмарыңды қоздырады. Қызылды-жасылды, ірілі-ұсақты ойын фигуралары көздің жауын алып, санаға шайтани ой салады. Бүгінде осы автоматтарға байланып қалған адамдар қаншама. Жалпы ойын деген дүние адам баласы жиырма жастан асқан соң қызығы басылатын болса, мына аппараттардағы ойындар жас талғамайды. Мектеп жасындағы бала да, студент те, қатын-баласы бар соқталдай азаматтар да бар тапқанын аппаратқа салып тұрғанын күнде көреміз.
Мұндай аппараттарға тәуелділіктің пайда болу, одан құтылу жолдарын психолог мамандар айта жатар. Бірақ, қоғамға қауіп төндіретін дерт болып отырған бұл «ойыншықтарды» ортамыздан аластатудың заңды тетіктерін қарастыратын кез келген сияқты.
Оставить комментарий