Жуырда білдей бір компания басшысы екінші отбасын оп-оңай тастап кетті. Сондағы сылтауы асырай алмайтын боп қапты-мыс. Жылдық табысы бір жарым миллион доллардан асатын кәсіпкерге үш отбасына тең жағдай жасау қиынға соқпас. Алайда, негізгі себеп қыз перзентті қаламағандықтан екенін айтады экс-әйелі. Ұлға да зәру емес екен, ендеше не түлен түртті екен?! Әлде, қыз туса көміп тастай берген байырғы арабтардың әдетіне басып, бас тартқаны ма? Қазақтар арасында да қыздан гөрі ұлды тәуір көретіндері көп қой. Қалай десек те, өзі қажы, дінді ұстанатын кісінің мұнысы ақылға сыйымсыз ғой. Гәп басқада боп тұр…
Қазақ қыздарын қор қылатын «халял никях» деген сор пайда болды, қоғамда. Дін жолындағы кей адамдар адал қыздарды алдап харам некеге тартып, былайша айтқанда «ойнастық» құрып жүр. Бұл қажы ғана емес, әйелін қажытып кеткен. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей. Айтайын десең мұсылмандарды жаманатты етеді, жасырайын десең әйелдерді жесір, талай баланы жетім етіп сорлатып кетеді. «Халял никях» ұстанымындағылар өз досын имам деп алдап, некесін қидырып, әйелі етіп алады. Бірақ, балалы болуды қаламайды. Қыз баласы ойыншық емес қой, әр ағымның жетегіндегілер «ашына» ететін.
Жалпы қазір екі-үш отбасын шариғат шартымен құрып та, «азаматтық некеде тұрып та, ешқандай некесіз де өмір сүріп жатқандар жетерлік. Ата-анасы ажырап кетсе, жетімдік кешетін де, психологиялық зардап шегетін де - бала. Осының бәрі ер мен әйелде адами жауапкершіліктің жоқтығы мен «Неке және отбасы» туралы Заңның солқылдақтығынан кең етек жайды.
Бүгінде елімізде 400 мыңдай ана 700 мыңға жуық баланы жалғыз-жарым асырауда. Бәрі бірдей күйеуінен көз жазып қалмаса да, жаза басып балалы боп алғандар, көбі ажырасып кеткендер. Бұдан бөлек, жетімдер үйінде 8 мыңдай бала болса, некесіз туғандары 72 мыңнан асады екен. Бұл ресми есепке алынғаны ғана. Десе де, көз сүріндіретін статистика емес пе? «Жығылған үстіне жұдырық» боп жаңағы айтқан «халал некеден» туғандар да осы тізімді толықтыруда.
Бір тәуірі елімізде ресми түрде заңды некесіз туған балаларды әкесінің тегіне жазу құқығы берілді. Бұл бір жағынан екі-үш отбасы барларға қолайлы болды. Алайда, әкелігін құжат жүзінде мойындаса да, өмірде мойынсұнбай кететіндер көп болып тұр ғой. АҚШ-та әкеліктен қашқандарға ДНК сараптамасын тағайындап, баласы екенін дәлелдеп береді. Ал, біздің елде де осыған ұқсас Заңның барын көп аналар біле бермейді. Қазір қан сәйкестігін тексеріп, әкесін оңай анықтауға болады. Ал, баласына өзінің тегін берсе де, асыраудан бас тартып көмектеспей қойған жағдайда, сот арқылы алимент өндіре алады. АХАЖ бөлімінде тіркелмеген неке заңсыз болса да, әкесінің тегіне жазылған бала Заңды саналады. Алайда, жауапкершіліктен де, адамгершіліктен де жұрдай азаматтар өте көп. Алимент төлеуден қашқандарға талапты күшейту керек. Мәселен, екінші немесе азаматтық некеден, тағы да басқалай жағдайда туған балаларды әкесінің тегіне жазып қана қоймай, дүние-мүліктеріне де ортақтастыру қажет. Сонда ғана кей ерлер «қатын – жолда, бала – белде» деп «қысыр» сөйлемес, ал діндегі кісәпірлер «неке - қолда» деп әйелдерді мүсәпір етпес болар. Бұдан нашар заманда да жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ емес пе едік. Жұрт айтпақшы «тоқалдан» туса да, баланың аты бала ғой! Қуыршақ емес, адам ғой!
Мөлдір Нұрман
Оставить комментарий