«Алтын күз» қазан боп, «Хэллоуин» дәуірлейтін заман жетті ме?

/uploads/thumbnail/20170708202038061_small.jpg

- Анашым, мен ертең мектепке бармай-ақ қояйыншы?!?

- Неге? Торт апарып беремін, туған күнінді достарыңмен атап өтпейсің бе?

- Өй, ертең торт жейтін емес, бетке «былш» еткізетін күн болады ғой.

(Осы әңгімені естіген құлақ, көрген көзде жазық жоқ.)

Бәленің біразы мектептегі балалардан шығуда. Бөтеннің қаңсығын таңсық көргіш жастар жетіліп келеді. Сүйініп жейтін бәлішті бетке «былш» еткізу басталса, баяғыдай «нан коқымын шашпай, жерде жатса баспай, теріп алып торғайларға тастай» салатын көргенді ұрпақтың азайып бара жатқаны да.  

Жалпы, ұлдан – ұлық, қыздан – қылық кетуіне, батыс кінәлі. Солардың  әлгі жастарға арнап түсірген «Американский пирог» атты келеңсіз киносы экранға шыққалы көргенсіз көгенкөздеріміз көбейді. Сол сорақы фильмде нанды қорлау, мектеп жасынан жыныстық қатынасқа түсу анайы сипатталған еді. Бір бөліммен бітсе игі ғой, жоқ, жалғасын тауып та жатты. Бірін қалдырмай қазақ балалары бәрін көрді. Қысқасы, жас ұрпақтын санасын бұзып тынды. Ана мен бала арасындағы әңгіме осының бір ғана дәлелі. Нанның обалын білмейді. Бұл тұста үлкендердің де үлгі боп жатқаны шамалы. Кішкентайлардың көзінше қоқысқа нанды да, тамақты да тастай салады. Соңғы он жылда аяқ астында нан тұрмақ, шарана да жата беретін болды ғой. Он үште бала босанып, ана атану – не сұмдық?!

Асқазанға тиесілі асқабақты басына киетін тағы сол батыс жұртының шайтан-ойнағы - «Хэллоуин» жетпей тұр еді, біздің қоғамға. Жат әдетке кетәрі емес кей қазақтар атап та өтті, мұны. О заманда, бұ заман үлкен-кішісі бар біраз жастың өліктің кебін киіп, тірі әруақ боп көше кезгенін де көз көрді. Көшені қойшы, бұл бәлекеттің мектептерге жеткені қынжылтады. Әсіресе, бастауыш сыныптың біраз баласы бет-ауыздарын бояп «Хэллоуинді» «Hello»-лап қарсы алды. 

Ал, ас та төк дастархан жайылып, неше түрлі сайыстар ұйымдастырылып, барлық сән-салтанатымен тойланатын «Алтын күз» атты мерекеден береке кеткен. Бүгінде «атап өтті» деген аты ғана бар. Еліктегіш шақтағы жеткіншектерді игі дәстүрге қарай икемдеудің орнына, мектеп ұжымдары жеңіл-желпі «чай питье» мен дискотека өткізгенді оңай көреді. Жоғары сыныптың оқушыларын жаппай спорт залға жинап ап, бір-екі жұмбақ жасырып, үш-төрт сағат құр билетіп қайтаратып жүр. Жалпы қай мереке болмасын, осылай бір сарынға түсіп барады.

Жыртық джинсы, жұлым-жұлым көйлек жұпыны сәнмен киігені сияқты жастардың үсті-басын «қандала» қылып бояп тірі өліктің күйге түскеніне де көз үйреніп кетпесе екен. 

Ұлтшылдығын айтып ұрандап жүрген азаматтар ұлттық идеологияны төбеден емес төменнен, тастардан емес жастардан бастаса жөн-ау. Ғаламтордың зиянына ұшыраған баладан ұлт зиялыларын сұраңызшы, сынау үшін. Жартымды жауап алсаңыз қуанасыз. Мектеп оқулықтарының сиқы сұрықсыз.

«Жас Отан» жастар қанаты не бітіріп жатыр екен? Студенттерге сайлауларда қол бұлғатып қойғандарынан, анда-санда акция өткізіп көз бояғандарынан коғам түзеліп кетті дей ме? Әлде «Жайдарманға» барып, езуін жия алмай күлкіге қарық боп қайтқандарына мәз боп жүр ме? Неменесіне жетісіп күледі екен, осы жұрт!!!! 

Мөлдір Нұрман

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи