Нұр жауған өңірде

/uploads/thumbnail/20170708202130436_small.jpg

Кеңес өкіметі тұсында толықтай тоқ­та­тылған қажылыққа сапар еліміз Тәуел­сіздік алғаннан кейін қайта жанданғаны белгілі.
Алғашқы жылдары ниет еткендер саны 100-ге әзер жетіп жығылатын болса, жыл өткен сайын исламның бесінші па­рызын өтеуге бет бұрғандардың қарасы кө­бейе түсуде. Республика бойынша биыл­­ғы жылы 5 мыңға жуық кісі ислам­ның бесінші парызын өтеп қайтты. «Қа­жылықты саяхат сынды көретіндер бар. Қажылыққа баратындардың саны кө­бей­гені – соның бір көрінісі» дейтіндер де кездеседі. Өзіңізге осымен үшінші рет қа­сиетті жерлерге зиярат ету нәсіп болған екен. Осы сынды пікірлерге айтар қан­-дай уәжіңіз бар?» деген сауалды Түркі­стан­ның тумасы, ұстаз Расулхан Әбдіра­манға қойған едім.
– Қажылық – қыдыру, саяхат емес, исламның бес парызының бірі. Исламды терең түсінбей тұрып, қажылыққа бару – жай шаршау болады. Исламның тарихын білмей тұрып қажылыққа сапар – бекер­шілік. Бұрындары кейбіреулерден еститін «Қағбаның айналасында таптап кете жаз­дайды, басып кетуі мүмкін» деген сынды әңгімелерді жүрегім қабылдамайтын, кө­ңілім сенбейтін. «Алла тағаланың қонағы бола тұра, оның үйінде күнә істеуге қалай дәті барады?» деп ойлайтынмын. Өзіме Алладан нәсіп болып, қасиетті жерлерге табаным тигенде, естіген кейбір әңгіме­лер­дің бос сөз екеніне көз жеткіздім.
Мекке – тұнып тұрған мейірім әлемі. Бір Алланың бірлігін, хақтығын ұқтырып, ұғындырып тұрған нұр жауған өңір, ға­лам­да – жалғыз. Адамзатқа ақиқат жолын, тура жолды көрсетуші сүйікті Пайғам­барымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) табаны тиген жерлерді көзбен көріп, зиярат еткен сайын, тұла бойыңызда өзіңізге беймәлім ұлы өзгерістің болғанын аңғарасыз. Өзге­ге жақсылық жасау, игі істер атқаруға ықыласыңыз ауады. Өйткені адам кемел­дене түседі. Меккенің Алланы тануға ұм­тылдырар қасиетін тілмен жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіне білу керек. Сондық­тан қажылыққа аттанатындар саны не­ғұр­лым көбейген сайын, елімізде атқарылар игі істер де арта түспек дегім келеді. Ал игі­лікті істі бастау ешқашан кештік ет­пей­ді, – деген Расулхан қажы өзін толған­ды­ратын кейбір мәселені де ортаға салды.
– Біз әлі күнге өзімізге бөлінген орын­ды толтырып көрген емеспіз. Яғни бұл – біздің елімізден баратындардың саны көп емес, қайта аз дегенді білдіреді. Себебі Сауд Арабиясының бекіткен үкімі бо­йынша, әрбір миллион мұсылманнан бір мың адамның қажыға баруына рұқсат етіледі. Осыған орай Сауд Арабиясы та­рапынан 10 миллион мұсылман бар деп есептелетін Қазақстанға 10 мың адамға дейін қажылыққа баруға квота бөлінеді. Алайда бізге берілетін орын толып көрген емес. Ал ежелден ислам дінін ұстанатын мемлекеттерде, бесінші парызын өтеуге кезекті бірнеше жыл бойы күтіп, сарыла­тындар жетіп артылады екен, – дейді Ра­сулхан қажы.
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан қажылық парызын өтеуге 217 адам бар­-ды. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­­масы жыл сайын қажылық сапарын ұйым­дастыруды жетілдіріп келеді. Дәрі­гер­лермен бірге имамдарды да көптеп қо­суда. Олар қажылық сапар барысында атқарылар барлық рәсімдерді түсіндіріп, бесінші парызын өтеу барысындағы бо­лашақ қажылардың сауалдарына то­лық­қанды жауап беріп отырады. Қажылық парызын 68 жасында өтеп қайтқан Түр­кістанның құрметті азаматы, инженер Клара Шарафиқызына «Имандылыққа кім баулыды?» деген сауалды көлденең тартқан едім. 
– Кез келген жан тәрбиені өз от­ба­сынан сіңіреді. Жақсыны да, жаманды да өз отбасының тірлігінен қабылдайды. Әкем­нің зейнетке шыққаннан кейін қолы­нан Құран түспеді. Ата-анамыз біз ес білгеннен түнде жатар алдында, таңертең тұрғанда не айту керектігін үйретті. «Құ­дай­сыз қурай да сынбайды. Қандайда бір істі бастамас бұрын Алланың атымен бас­тауды ұмытпаңдар» дейтіні жадымда, – дейді Клара қажы.
Көпбалалы отбасында тәрбиелен­ген Клара апайдың әкесі Шарафи партия қызметкері болыпты. Атасы елге жақ­сы­лы­ғы көп тиген, Жаңақорғандағы стан­саны салысуға атсалысқан, халқы сүйіс­пеншілікпен Елтияр би атандырған тұлға екен. Бірде атасы бір ауылдан екінші ауылға кетіп бара жатса, жолда атқа мін­ген аппақ сақалды кісіні кездестіреді. «Қо­лыңды жай, балам. Бата беремін» дейді. «Екі некелі боласың, екеуінің де аты бір-біріне ұқсас болады. Үрім-бұ­тақтарың ешкімнен кем болмайды» дейді де, жоқ болып кетеді. «Өңім бе, түсім бе?» деп атасы қалады. 
– Әкем Шарафи ашаршылық жыл­дары қызмет бабымен Ақтөбеге барған бір сапарында темір жолдың бойын жағалап, аштан өліп қалмаудың қамымен оңтүстік өңірден босқан жұртты стансада жо­лық­тырып қалады. Темір жолдың бастығына барып, «бір вагон беріңіз, халқымды елге жеткізейін» деген өтінішіне, «берер ва­го­ным жоқ» деп қысқа қайырады бастық. Құжатын көрсетіп, өзінің кім екенімен та­­ныстырмақ болғанында, «Сен Елтияр­дың кімісің?» дейді темір жолдың бастығы.
– Баласымын. 
Сол арада темір жол бастығы бір емес, үш вагон бөлдіртеді. Баяғыда оңтүстік өңірде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп жүрген ғалымдардың көлігі бұзылып, заттарын екінші нүктеге жеткізу үшін бір түйе бере тұруын сұрап барғанында, Елтияр би: «Сендер – отбасыларыңнан алыста, ел игілігі үшін зерттеу жұмыс­тарымен айналысып жүрген азамат­сың­дар. Бір емес, үш түйе беремін. Қайтарып беремін деп әуре болмаңдар. Игілікті іске қызмет етсін» деп құрметтеп шығарып салса керек. 
«Елтияр би болмағанда айдалада сүйегіміз қурап қалар ма еді?» деген стан­са бастығы осылайша бір кездегі көрген жақсылығына жақсылықпен жауап қай­тарыпты. Өмірбаяныма аздап шолу жаса­ғанымның өз сыры бар. Айтайын дегенім, түптің түбінде кімнің болса да жасаған қан­дай да бір ісі ескерусіз қалмайды, жақ­сылық – жақсылыққа, жамандық – жа­мандыққа ұласады» деген Клара қажы бе­сінші парызын өтеу барысында түйген ойларын одан әрі былайша өрбітті.
– Мекке – адамзат атаулыға ізгі ниет­те, жақсы пиғылда, бір ниетте, өзара тү­сіністік пен сыйластық үстемдік құрған жерде еш түсінбеушілікке орын қалмай­тынының, теріс әрекетке жол беріл­мей­тінінің, жер бетінде жарасым үстемдік құ­рып, ғалам мейірімге бөленіп тұраты­нының дәлелі. Жалпы, адам баласы бір-біріне тек жақсы сөз айтып, игі істер ат­қаруға жұмылса, жазықсыз жандардың қаны бостан-боска төгілмес те еді жер бетінде. «Құдайдан қорықпағаннан қо­рық» деген. Жаратушыдан қорық­пай­тындар – жан әлемін әзәзілге жаулатқан адам кейпіндегі ібілістер. Бұл күндері әлемнің түкпір-түкпіріндегі қантөгістер, атыс-шабыстар – сондай жан әлемі қа­рай­ғандардың ісі» дейді Клара қажы.
– Қажылыққа баруды армандап жүр­дік. Төрт баламыз бар. Бала өздігінен өс­пейді. Күтім керек, бап керек. Отбасында алған тәрбиесі, есейгендегі бүкіл іс-қи­мыл әрекетінің көрсеткішіне айналмақ. Соларды жетілдіреміз деп отағасы Тү­гелбай Шәкіров екеуіміз тыным таппай еңбектендік. Қыздарымызды құтты орнына қондырдық, ұлдарымызды отау етіп шығардық. Бәрі жетілді. Үйлі-ба­ранды болды. Ешқайсысына ата-ана ретінде міндетсіген емеспіз. Олардың да өз отбасы, араласатын құрбы-құрдастары бар ғой. Ешкімге салмақ салмай, өз күн­дерін өздері көруге қол жеткізгені – біз үшін баға жетпес қуаныш. Соған тәубе дестік, – дейді Меккеге жолы тұңғыш рет түскен Қалдыкүл Шайхықызы.
«Біздің перзенттік парызымыздың мың­нан бірі деп қабылдаңыздар. Мекке­ге қажылыққа барып қайтыңыздар». Қос ұлы келіп осылай дегенде, айтары жоқ, Қалдыкүл қатты риза болады. «Қас­тары­ңызға Расулхан ағаны да ертіп алыңыз­дар» деген балаларына «Расулханның да жол қаражатын көтересіңдер ме?» деп айтуға батылы бармайды. «Алайда бала­ларым бізбен бірге оның алдында екі рет қасиетті жерге зиярат ету нәсіп болған інімнің де жол қаражатын түгелдей кө­те­ріп, бізбен сапарлас болуды аманаттады» дейді қуанышын жасыра алмаған Қал­дыкүл қажы.
– Қағбаның жанында 62 тамырым шымырлап, ерекше бір күйді бастан өт­кердім. Жылы да жұмсақ әлемнің үстінде қалықтап жүргендей күй кештім. Тамаша. Балаларыма, бауырларыма, барша та­ныстарыма, еліме, жұртыма тек жақсы тілек тіледім, – деді ол. 
– Бұл жолғы қажылық өзіңіз үшін не­сімен ерекшеленді? – деген сауалыма қа­сиетті жерлерге табаны осымен үшінші рет тиген, аманат қажылықты арқалаған Расулхан Шайхыұлы жауапты бірден қайтарды.
– Негізі, біреуі ата-анасын тапсырып жіберіп жатыр, бадал қажылық деп жа­тыр, мұның бәрін алып жүру өз қажы­лы­ғыңды өтеуден де жауапкершілігі зор екенін сезіндім, – деді. Негізгі мамандығы мұғалім Расулханның шәкірттеріне де айтары аз емес.
– Ұстаз ретінде шәкірттерімнің бо­йына бірінші кезекте әділдікті сіңіргім келеді. Өйткені әділ, Құдайдан қорқатын адам ешқашан жамандыққа бармайды. Шәкірттеріме айтамын, «біреуге жаман­дық істемек тұрмақ, өзгеге қатысты теріс пиғылда болудың өзі – күнә. Себебі қос иығыңда отыратын қос періште істемек әрекетіңнен бұрын, ойыңды да жазып жатады. Бірі – жақсыны, екіншісі – жа­мандықты. Таяқтың екі ұшы бар деген. Сол үшін әрқашан адал, ақ тілеу үстінде жүргеннен артығы жоқ.
Ізгі ниеттегі жанға Алла тағала қан­-дай тығырықтан болса да жол көрсе­те­тініне сенімдімін. Бәріміз де Жер-Ана­-ның перзенттеріміз. Жер-Ана бәрімізге ортақ. Жер-Ананың саулығы – барша жер бетіндегі тіршілік иелерінің саулығы. Соны неге ұға алмайтынымызға таңға­ламын. Оны ұқтыруға, ұғынуға адамзат баласын пендешілік жібермейді. Себебі шайтанның о баста күнәһар болып көктен қуылғандағы басты мақсаты да – адамзат ұрпағының арасына отжағу болатын. Әзәзілдің арам ойының іске аспауына төтеп берер күш адамзат баласының өзара түсіністігі мен шынайы пейіл, ықыласына тікелей байланысты. Бұл ретте, татулықты ту еткен көпұлтты елімнің ынтымағы жа­расып, күші – бірлікте екенін, сонда ғана баршамыздың ойға алған ісіміздің ора­лымды боларына бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына дән ризамын. Алла тағала елімізді осы ба­ғыты­нан тайдыра көрмегей!– дейді Ра­сул­хан қажы.

Дереккөз: Айқын-ақпарат

 

Связанные Статьи