• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:10:22
Алматы
+35°

19 Қазан, 2016 NEWS

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТҰМАУЫ және РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ ОДАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ

1992 жылы құрылған, құрамыне Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения кіретін Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына сарапшылар сан түрлі баға...

1992 жылы құрылған, құрамыне Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения кіретін Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына сарапшылар сан түрлі баға береді. Біреулер бұл құрылымның әскери-саяси мүмкіндіктерін жоғары бағалап, аймақтық дауларды шешудегі, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әлеуетті күш санаса, енді бірі ұйымды халықаралық қауымдастықта мойындалмаған, жұмыс тетіктері жетілдірілмеген һәм өзі ішінде кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктері жоқ емес одақ деп санайды.

14 қазан күні осы ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Кеңесті ұйымның кезекті төрағасы ретінде Армения ұйымдастырды. Оған аяқ астынан «салқын тиіп, сырқаттанып қалуына» байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бара алмай, орнына үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевты жібергенін білеміз. Бұл жағдай кеңес жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізбеді десек те бірқатар басылымдар Еревандағы жиын көздеген мақсатына жетпеді деп жазып жатқандар бар.

Ұйым ішіндегі қайшылыққа басты себептің бірі - Таулы Қарабақ мәселесі. Әзірбайжан мен Армения арасындағы аумақтық дау ұйым жұмысына да салқынын тигізіп отыр. Армения ҰҚКШҰ-ға мүше болғанымен ұйым бұл мәселеде бірауыздан Ереванды қолдайды дей алмайсыз. Қазақстан ә дегеннен бұл даудың қақтығысқа ұласпауына мән бере отырып, өзінің Әзірбайжанға жақтасатынын ашық аңғартты. Тіпті, Арменияны Ресей ықпалындағы тағы бір ұйым Еуразиялық экономикалық одақ мүшелігіне қабылдаған кезде Қазақстан басшылығы оның даулы территориялардан бас тартып барып қана ұйымға енуі туралы шарт қойды. Ресейдің де Әзірбайжанмен ашық конфликтіге барғысы жоқ. Содан болар Еревандағы жиында Қарабақ мәселесіне қатысты жасалуы тиіс болған мәлімдеме жасалмай қалды. Сөйтіп, даулы мәселеде ұйым өзіне мүше емес Әзірбайжанның пайдасына жұмыс істегендей әсер қалдырды.

«Одақтастардың» ішіндегі қыңыр президент Александр Лукошенко да ұйым жұмысына қатысты ойын көп ойланып отырмай ортаға тастай салатыны бар. Ереванда да іркілмепті. ҰҚКШҰ-ны халықаралық қауымдастықта ешкімнің мойындағысы келмейтінін айтып салыпты.

«Мен бұл әңгімелерді естіп жүрмін. Егер біз елден өзімізді мойындауды сұрасақ, олар ешқашан мойындамайды. Біз олар өздері мойындайтындай әрекетке бару керекпіз», - деген А. Лукошенко ұйым жұмысын салмақты ететін нақты басымдықтарды айқындау керектігін айтыпты.

Шынымен де бұндай одақтың бар екенін сол ұйымның мүшелері болмаса, былайғы жұрт білмейтін де сияқты. Мәселен, ҰҚКШҰ-ны БҰҰ әскери-саяси одақ ретінде мойындамаған, оған бітімгерлік қызметпен айналысу мандатын бермеген. Олай болса, ұйымның қандай да бір дауларға араласуына жол жоқ. Демек, Ресейдің Сириядағы әскери операцияларына ұйымға мүше елдердің әскерилері тартылады деген сыбыс та бос сөзі. «Батька» осыны дипломатия тілімен әріптестерінің бетіне басып отыр.

Еревандағы басқосуда сондай-ақ ҰҚКШҰ Бас хатшысы да сайлануы керек болатын. Оған басты үміткер ретінде Арменияның бұрынғы қорғаныс министрі Вагаршак Арутюнянның аты жиі аталған. Бұл мәселе де кейінге қалдырылыпты.

Айта берсе, ҰҚКШҰ ішінде ұйымшылдықтан гөрі керітартпалыққа көбірек ұқсайтын осындай жағдаяттар жетіп жатыр. Бұған дейін Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстанның одаққа мүше болып кіріп, көп ұзамай оны тастап шыққаны және бар. Одан ҰҚКШҰ қирап қалған жоқ, аталған елдер де қорғансыз қалды деп айта алмаймыз.

Қазақстан да Ресей бастаған әскери ұйымға өмешегі үзіліп отыр деуге келмейді. «Көпвекторлы саясат» желеуімен анамен де, мынамен де әріптестік орнатуға тырысып жүр. Әскери салада ҰҚКШҰ өзіне бәсекелес көретін НАТО ұйымымен де сәлеміміз түзу. Қазақстан мен НАТО «Дала қыраны» әскери жаттығуларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Алдағы уақытта бұл ұйыммен қарым-қатынас тек нығая беретін сияқты.

Жақында НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ аймағындағы арнайы өкілі Джеймс Аппатураймен кездескен Сенаттың Халықаралық қатынастар және қорғаныс мәселелері жөніндегі комитет жетекшісі Дариға Назарбаева да осы ұйыммен әріптестікті жетілдіру Қазақстанның саяси бағытындағы негізгі басымдық екенін айтқан. Қазақстан НАТО-мен байланысты күшейте отырып, Солтүстікатлантикалық одақтан озық тәжірибелерді үйреніп, заманға сай бағдарламаларды тартуға мүдделі екен. Ұйымның арнайы өкілі де Қазақстан мен НАТО байланысының барысына, қазақстандық бітімгерлік күштердің әлеуетіне және қазақ елінің ғаламдық дипломатиядағы рөліне жақсы баға беріпті.

Қазақ басшысының Еревандағы жиынға қатыса алмауын тұмаумен тұмшалаудың себебі де анық болған сияқты. Аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуде нақты тетіктерді қарастырмаған, техникалық тұрғыда жаңаруды мүлдем ойламайтын, бастысы өз ішінде мүдделер қайшылығы бар мұндай одақтың болашағы бұлыңғыр. Мүмкіндігінше алыстан араласып, болатын блок іздеген жөн.

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір