• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 22:33:40
Алматы
+35°

27 Қазан, 2016 Аймақтар

Қазақстанның Еуропа елдерімен ықпалдастығы арта түсті

Еңселі Еуропа елдері бүгінгі таңда еліміздің тәуелсіздігін мойындап, Қазақстан жаққа мойын бұрып, өзара ықпалдастыққа негізделген қарым-қатынастар орнатуға...

Еңселі Еуропа елдері бүгінгі таңда еліміздің тәуелсіздігін мойындап, Қазақстан жаққа мойын бұрып, өзара ықпалдастыққа негізделген қарым-қатынастар орнатуға көптеп қызығушылық білдіруде. Соның бірі 
Польша - Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. Бүгінде біздің мемлекетімізде польшалық капиталдың қатысуымен 190 компания жұмыс істейді.

Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов біздің елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенатының делегациясымен кездесті. Делегация құрамын Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевски бастап келді, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі. Мәжіліс төрағасы мәртебелі мейманды Польша елінің жыл сайын 3 мамырда атап өтетін Конституция күнімен құттықтады. Құжат 1791 жылы қабылданған. Одан әрі тараптар барлық сала бойынша екіжақты ықпалдастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Мәжіліс төрағасы атап өткендей, Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларды құраған. Бүгінгі күні біздің мемлекетімізде польшалық капиталдың қатысуымен 190 компания жұмыс істейді.

Сұхбаттасушылар алдағы уақытта елдер арасындағы экономикалық байланысты одан әрі күшейте түсудің маңыздылығын, оған қос мемлекеттің де әлеуеті жеткілікті екендігін атап өтті. Осы орайда Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың тамыз айында Польша мемлекетіне жоспарланған іс-сапарына айрықша мән берген мәртебелі мейман, оның екі елдің стратегиялық қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге серпін беретіндігіне сенімді. Мәжіліс спикерінің айтуынша, Қазақстан Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытуға да барынша ынталы. Оған ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Парламентінде ратификацияланған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту туралы келісім дәлел. Осы орайда С. Карчевски аталған келісімнің Польша Парламентінде де тезірек ратификациялануына ықпал ететіндігін жеткізді. Б. Ізмұхамбетов поляк кәсіпкерлерін Қазақстанда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында маңызды жобаларға белсене қатысуға шақырды. Осы ретте Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басымдықтарына айрықша назар аударылды (Польша мемлекетіне бөлінген павильон көлемі 400 ш.м.).

Мәжіліс спикері Қазақстан мен Польшаның транзиттік мемлекеттер екенін алға тартып, Батыс Еуропа мен Азия бағытында тауарлар тасу көлемін арттыру жолында осы мүмкіндікті кеңінен пайдалану керектігіне тоқталды. Парламентаралық қатынас жөнінде екі ел парламенттері арасында ынтымақтастық жөніндегі топтың жұмысына көңіл бөлініп, қос тарап бүгінгі кездесудің қазақстандық-поляктық қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдірді.

Ал ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Станислав Карчевскиймен кездесуінен соң Польшамен екіжақты тығыз ынтымақтастық орнату Қазақстан үшін аса тиімді деп мәлім етті.

«Біз елімізге сапармен келген Сейм Маршалы Карчевский мырзамен келіссөздер жүргіздік. Оның барысында екіжақты және халықаралық жағдайларға байланысты пікір алмастық. Біздің көзқарасымыз ұқсас, оны сәйкес келеді деп те айтуға болады. Сонымен қатар, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың үлкен перспективалары бар деп санаймын. Ондай ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін Қазақстан Президенті Н. Назарбаев қалаған болатын. Сондықтан да, елдер арасындағы ынтымақтастық перспективалары өте жақсы. Біз осындай пікірге тоқталдық», - деді Сенат спикері.

Сонымен қатар, Төраға Польшаның 40 миллион халқы бар Шығыс Еуропадағы үлкен экономикалық әлеуетке ие мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Сондықтан да, спикердің пікірінше, Польшамен тығыз өзара ынтымақтастық байланысты орнату Қазақстан үшін аса тиімді болмақ. Сөзінің соңында Қ. Тоқаев мәртебелі мейманның елімізге бүгінгі сапары халықаралық парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін беретінін, жалпылама алғанда екі елдің арасындағы өзара байланыстарды дамытуға өз септігін тигізетінін атап өтті.

Бұдан соң Польша Сенатының төрағасы СҚО-ға барды. Ол бұл өңірде 9 мектепте поляк тілі оқытылып жатқанын білді. Солтүстік Қазақстан облысына Польша Сенатының Маршалы Станислав Карчевский бастаған польшалық делегация келді. Қонақтардың қатарында Польшаның Қазақстандағы Елшісі Мачей Ланг болды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, делегация Озерное, Келлеровка, Ясная Поляна, Тайынша аудандарына барды. Келлеровка ауылында аймақ басшысы Ерік Сұлтанов пен Станислав Карчевскийдің кездесуі өтті. Жиынға ауыл тұрғындары, поляк диаспорасы қатысты. Қонақтарды қарсы алған аймақ басшысы Тайынша ауданында поляктардың 20 пайызы тұратынын айтты. «Біздің аймақ - бірегей. Мұнда 90 ұлттың өкілі тұрады. Қазақстанда мыңдаған поляк диаспорасы өмір сүріп жатыр. Тайынша ауданы тұрғындарының бестен бірі - поляктар. Ауданда этномәдени бірлестіктер жұмыс жасап, 9 мектепте балалар поляк тілін үйренеді. Сіздің бұл сапарыңыз тек мәдени байланысты арттырып қана қоймай, аймағымыздың Польшамен экономикалық жағынан да ықпалдасуына әсер етеді деп үміттенемін», - деді облыс әкімі. Солтүстік Қазақстанда 12,5 мың поляк бар.

Сондай-ақ Польша Сенатының төрағасының айтуынша, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық екі елдің зор əлеуетін танытып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевскимен кездесті. Польша Сенатының төрағасы кездесу сəтін пайдалана отырып, Қазақстанға жер аударып келген поляк ұлтының əр өкілін өз бауырындай көрген қазақ халқына алғысын білдірді. "Польша мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық екі елдің зор əлеуетін танытып отыр. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тамыз айында Польшаға жасайтын сапары бұл ынтымақтастықты нығайта түседі. Жалпы, поляк ұлтының қазақ халқына айтар алғысы көп. Əр ұлтқа деген ерекше сыйластықтарыңызды құрметтеймін. Қазақстанға жер аударып келген поляк ұлтын бауырларыңызға басып, қиын заманда көмектестіңіздер. Міне, тарихтың бұл кезеңін поляк халқы ешқашан ұмытпайды", - деді Польша Сенатының төрағасы.

Өз кезегінде Е.Тоғжанов қазақ халқы кез келген уақытта кез келген қонақты құшақ жая қарсы алатынын айтты. "Қазақ жері, қазақ халқы қонақжай халық. Ал, Польша Қазақстан үшін Еуроодақтағы маңызды əріптес. Екі халықтың достығы 19 ғасырдан тамыр алған. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында да поляк ұлтының өкілдері бар. Жалпы, Қазақстан бойынша 32 мың поляк өмір сүреді",-деді Е.Тоғжанов.

Ақмола облысының әкімі мен Польша Сенатының Маршалы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл Польша Республикасы Сенатының Маршалы С. Карчевски бастаған польшалық делегация Ақмола облысына жұмыс сапарымен келгенде мүмкін болды. Кездесу барысында аймақ басшысы Польша Республикасынан келген ресми делегацияға өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы түсіндіріп өтті. «Ақмола облысының Польша елімен сауда-экономикалық қатынасты дамытуға мүмкіндігі зор»,- деді С.Кулагин. Еске сала кетейік, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы мен Польша елінің арасында сауда айналымы 6,3 миллион АҚШ долларын құраған.

Бүгінгі күні облыс аумағында польшалықтармен әріптестік қатынас орнатқан «Ормис-Строй» және «Блюз» (косметикалық өнімдер шығарады) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді. «Осы күні өңірде Польша Республикасымен бірлескен екі кәсіпорын жұмыс істейтін ескерсек, бұл, әрине аз. Сондықтан, әріптестік қатынасты нығайту қажет. Ақмола облысы өнеркәсіптік және аграрлы облыс болғандықтан түрлі салалар бойынша екі жақты әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол», - деп атап өтті аймақ басшысы. Өз кезегінде С.Карчевски мырза да жылы қарсы алған аймақ басшысына алғысын білдіріп, екі жақты әріптестікті қатынасты дамытуға әзір екендігін жеткізді.

Қазақстан сондай-ақ Еуропаның солтүстігіндегі Ирландия елімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар деп санайды. Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға сенім грамотасын табыстаған Ирландия Елшісі Эдриан Макдэйд осылай деді.

«Кеше және бүгін таңертең біз ҚР Сыртқы істер министрлігінде екі елдің арасындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылап, оның нәтижелеріне қанағаттанушылық таныттық. Біз байланыстар өте жақсы деңгейде қалыптасып отыр деп санаймыз. Алайда, бұл қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, жаңа деңгейге көтеру үшін зор мүмкіншіліктер бар», - деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы Елші қызметінде екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу үшін бар мүмкіншілікті пайдаланатындығын баса айтты. «Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытып, өзара байланыстарды кеңейте түсуімізге мүмкіншілігі бар бірқатар салаларды да жан-жақты талқыға салдық. Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым әрі келешекте біздердің байланыстарымызды нығайта түсу үшін әлі де бірнеше сапар жасайтындығыма сенімдімін», - деді Эдриан Макдэйд.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір