• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 14:45:33
Алматы
+12°

29 Маусым, 2012 NEWS

Исі түркінің ақындары бас қосты

21-24 маусым күндері Түркия елінің Елазық уәлилігі (облысы) Хазар көлінің  жағасында «Ұлысрарасы Һазар шиир ақшамлары» («Ұлысаралық Хазар жыр кештері») атты...

21-24 маусым күндері Түркия елінің Елазық уәлилігі (облысы) Хазар көлінің  жағасында «Ұлысрарасы Һазар шиир ақшамлары» («Ұлысаралық Хазар жыр кештері») атты түркі дүниесі ақындарының 20 фестивалі өтті. Осымен 20 рет ұйымдастырылған дәстүрлі жыр кешіне еліміз атынан екі ақын қатысып қайтты. Олар: бірнеше жыр жинақтарының авторы, танымал ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы мен Тоқтарәлі Таңжарық.  Айтулы шараға Түркияның әр қаласынан келген шайырлармен бірге, қырғызстандық Алтынбек Ысмайылов, әзербайжандық Айсел Ализада, Бесті Алибелі, Хисмет Рүстемов, өзбекстандық Қасиет Рүстамова, гүржістандық Осман Ахметоглу, Қырым Татарларынан Елмара Мұстафаева секілді ақындар және түріктің ұлы шайыры Юнус Эмре мұрасын зерттеуші әдебиет білгірлері қатысты. Осы сапар жайында жазылған Тоқтарәлі Таңжарықтың мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

«Мағжан – түркі дүниесінің ұлы ақыны»

Түркі тектес жұрттың рухани, әдеби-мәдени байланысын арттыру мақсатында өткізілетін бұл шараның тізгінкерлері – Түкиядағы Еуразия жазушылар одағы. Жыл сайын жаздың осы бір мезетінде Түрік Республикасының Шығыс өңірінде өтетін әдебиетшілер басқосуына исі түркі дүниесінің сөз ұстаған таңдаулы ақындары жиналады.Каспийдің ежелгі аты Хазарды иемденген шағын көлдің бойында, дәл ақшам түскен уақытта негізгі өлең оқу кеші басталады екен. Бастабында Каспийдің ежелгі атымен аталған шығар деген ой болған бізде. Сөйтсек, Ататүрік ақсақал ел билеп тұрған кезінде осы көлдің жағасына келіп бір түн тыныққан көрінеді. Сол күннен бастап көлдің аты Хазар аталыпты. Ұсынысты Ататүріктің өзі жасаған дейді. Қарт Каспийдің бойында неше мың жыл өмір сүрген түркі халықтарының ана-теңізге махаббаты мен құрметі деп түсіндік мұны. Айналасын тау қоршаған Елазық қаласынан 45 шақырым жердегі көлдің сыры мен сымбаты бір бөлек. Бұл жайлы сәл кейінірек тоқталамыз.

Дәстүр бойынша әр жылғы жыр кеші түркі дүниесінің әйгілі ақындарының біріне арналады екен. Физули, Мәулана, Қожа Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Мақтымқұлы, Мағжан Жұмабаев, Шыңғыс Айтматов секілді марғасқаларға арнапты бұған дейін. Ш. Айтматовқа көзі тірісінде арнапты. Даңқты жазушының өзі қатысып, түрік бауырларына ыстық ықыласын арнаған екен. Алдағы жоспарларында Мұхтар Шахановқа арнау ойларында бар көрінеді. Бәрекелді дестік. Жыр кештерінің өту мәнісі мен барысы туралы деректі фильмнен Қожа Ахмет Ясауи мен Мағжан Жұмабаевты көргенде, бір серпіліп қалдық. Себебі, түркі дүниесі қазақтан кімдерді біледі деген сұрақ көкейімізде тұрған еді. Жыр кешіне әр елден, Түркияның әр өңірінен келгендерден қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді білетіндігін сұрадық. Бәрі бірауыздан Абай хакімді, Мағжанды, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановты атады. «Мағжаны бар халық – бақытты. Ол – тұтас түркінің ұлы ақыны. Оның әр жырын, өмір жолын исі түркіге дәріптеу әрбір ел үшін басты міндет болуға тиісті. Өйткені, Мағжан әлемі – ұшан-теңіз тарих. Оның жырларын оқысаңыз түркілік қаныңыз қызып, Отыкеннің бойынан шеру тартқан ғасырлар керуені көз алдыңызға елестейді», - деді оңаша әңгімеде түрік ақыны Ісмет Бора. Әдебиетшілердің, жиынға қатысқан оқырмандардың лебізінен аңдағанымыз Шыңғыс Айтматовты ерекше қадір тұтатындығы. Заңғар жазушыны ортақ тұлғамыз, бәріміздің мақтанышымыз деп білетіндігі бізді де, қырғызстандық досымыз Алтынбек Ысмайыловты да риза еткені айқын.

Юнус Эмре кім?  

Биылғы жыр кеші түріктің ұлы ақыны, сопылық поэзияның белді өкілі Юнус Эмреге (1238-1320) арналды. Қожа Ахмет Яссауидің ізбасары, рухани мұрасын жалғастырушы Юнустың жырлары тәубе мен шүкірге толы, сопылық поэзияның иірім-қайырымына үңілмейінше, мұндай шоқтығы биік ақынды танып-білу мүмкін емес. Мұны Елазық қаласында өткен арнайы конференцияда юнустанушылар бір ауыздан айтты. Түріктерге белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұстафа Татчи Юнус Эмренің рухани мұрасы, өмір жолы, поэзиясы жайлы кең-құлашты баяндама жасады. Өмірін дін жолына арнаған, ұстазы Таптық Эмреден 40 жыл сабақ алып, кейінгі өмірінде ұстаздық еткен бірегей ғұлама. Юнус Эмренің шәкіртінің өзі 100 мыңға жуық болған деседі. Діни уағызын Құран мен Шариғат сүйене отырып, Яссауи секілді хикметтерімен әдіптепті. Әдебиет зерттеушілерінің пікірінше, оның өлеңдерінен ясауилік тағлымның әсері байқалады. «Оны түсіну, ұғыну үшін поэзиясын оқу жеткіліксіз, өмірін, дүниеге, заманаға, ел басқару ісінен тартып, отбасылық құндылыққа шейінгі көзқарасына жете үңілген жөн», - деді М. Татчи. Әредік сөз арасында бүгінгі түркі тілдес елдерге Юнус жырларын аударып, ол туралы деректерді, зерттеу мақалаларын ұсыну ісін қолға алу жайы да сөз болды. Шыны керек, Юнус туралы біздің білеріміз аз. Тек атын естігеніміз болмаса, шығармашылығынан хабарсызбыз. Дәулетбек Байтұрсынұлы Юнус Эмрені 1996 жылы ақын-аудармашы Әубәкір Нілібаев ағамыздың аударғанын айтып, қазақша жыр жинағын көрсетті. «Әубәкір Нілібаев ағамыз Юнусты орыс тілінен тәржімалаған. Юнустың мол мұрасын бір кітаппен өлшеуге болмайды, алдағы уақытта түрік тілінен төтелей қазақ тіліне қотару жұмыстары қолға алынып жатыр», - деді Д. Байтұрсынұлы. Қонағын қожайынындай сыйлайтын түрік халқы ақынның бұл бастамасына сәттілік тіледі.

Шайырлардың шеруі

Енді бұл сапарымызды ретімен баяндалық. Ұшақпен Ыстамбұлға жеткен күні түстен кейін Елазық қаласына аттандық. Нән шаһардан 1000 шақырымдық жердегі Елазық әуежайына қонғанда, бізді арнайы қонақ ретінде ұйымдастырушылар күтіп алды. Бір байқағанымыз, үлкені-кішісі болсын аса бір ілтипатпен: «Қош келдіңіз» деп иіле сәлемдесіп, Қазақстан жайлы, қазақ халқы хақында тебіреніспен шүйіркелесетіндігі. Әуежай қызметкерлерінен тартып, қарапайым қала тұрғындарына шейін ізеттілік танытатынына бір жағынан риза болыссақ, екінші жақтан имандылықтарына таңданыстық.Түркияның әр түкпірінен келген жасы 60-70-ті алқымдаған, танымал ақындарына шейін келіп қолымызды алып, танысып жатты. Кешкі астан соң қаладан 45 шақырым жердегі, дәл Хазар көлінің бойындағы «Мави гөл» қонақүйіне барып орналастық. Таудың салқын аурасы, теңіздің майда лебі өзінше бір әсерге бөлейді...

Елазық қаласында 350 мыңдай халық тұрады екен. Елазық уәлилігінің орталығы осы қала. Олар үшін шағын қала санатында болғанымен, жеңіл өнеркәсібі ерекше дамыған, қаланың тіршілігі жылдан жылға өсіп, бақуатты өмір сүруге дағдыланғандығы байқалып тұр. Қаланың әр түкпіріне «Хазар жыр кештері» деген плакаттар ілінген. Көшедегі жұртшылық делегаттарды көріп, «Шайырлар келіпті» десіп жатты. Маусымның 22 күні таңертең жыр кешінің ашылу салтанатына орай шайырлар шеруі өтті. Түркияның үлкен туын қала жастары көтеріп тар көшемен шеруді бастаса, олардың соңынан қалалық өнерпаздар барабан соғып, сырнайларын сыңсыта ілесті. Бұдан кейінгі сапта ақындар, Елазық уәлилігінің басшылары, депутаттар, ұйымдастыру комитетінің адамдары тізіліп, шеруге қосылды. Ұзындығы шамамен бір шақырымдай тар көшенің өн бойына қызылды-жасылды жалаулар ілінген. Екі қапталдағы биік ғимараттардың терезелерінен барабан даусын естіген тұрғындар қол бұлғап, көшедегі, базардағы қала халқы топқа қосылды. Қара нөпір халық, кемі 3-4 мың адамдық ұжымдасу болды. Бұл шараны жергілікті телеарнадар тікелей эфирден көрсетіп жатты. Шеру қалалық орталық алаңқайға келіп тоқтап, сол арада қонақтардың құрметіне арналып шағын концерт ұйымдастырылды. Тек ұлттық музыка, дәстүрлі ән қаланы кернеп тұрды. Барабан, сыбызғы-сырнай, скрипка қосылып, Құран оқу мәнеріндегі шығыстық саз-мақам мен сырлы әуен көңіл тебірентерліктей күйде болды. Бір сәт қиялыңыз қиырды кезіп, кешегі оғыз, одан бергі селжүк, Османия ұлыстарының қилы тарихы осы бір иірімі тереңде тулаған әндер арқылы көз алдымыздан тізіліп өткендей. Бірде қисса-дастан, енді бірде тәубе-шүкір тағлымындағы діни әндер, тағы бірде өрлік пен ерлік қамсасы қайырмаларымен өрілген толғамдар жан лүпілін елжіретіп әкетеді. Елазық уәлилігінің уәлиі М. Ерол осы кештен бастап әрбір нақты шараларға бастан-аяқ қатысты. Үш-төрт сағаттық баяндамаларға, жыр оқу, ән мен күй кернеген концерттерге, бәр-бәріне бастан ақыр қатысып, қонақасыларда да бірге болды. Әсіресе, Юнус Емре жайлы әрбір сөзге елеңдей құлақ тосып, тапжылмай тыңдағанына іштей сүйініп, үлгі аларлық жағдай екенін айтыстық. Сол күні кешке даңқты шайырдың әрі осы жыр кеші қонақтарының құрметіне арналып, кең көлемдегі концерт өтті. Сол қаланың жұлдыздары мен Түркияға белгілі этнотоптар әуелете ән шықрап, ұлттық ән мен күйдің даңқын тағы да аспандатты. Эстрадалық сарын жоқ, таза өнер, ұлттық нақыш пен тыңдарман арасындағы бітім-жаратылыс құп жарасқандай, халық болса көздеріне жас ала отырып тыңдады. Кештің барысында Елазық қаласындағы Пикет университетінің журналистика факультетінде оқитын студенттер өздерінің газеттеріне ақындардан қысқа-нұсқа сұрақтар қойып, сұхбат алды. Журналистика факультетінің студенттері қай ақынға қандай сұрақ қою керек екенін алдын-ала ойластырып қойған. Он шақты смтуденттің қояр сұрағы сан алуан. Негізінен әдебиет жайлы әңгіме өрбітуге құмар. Бірі маған қазақ поэзиясы мен түрік поэзиясының айырмашылығы қандай сияқты деген сыңайда ой тастады. «Бізде Отыкен, Ұлы Түз бар. Сіздерде теңіз бар. Бұл жырларымыздан да байқалады» дедім қысқаша жауап қатып.

«Түркия үшін өлөрөм»

Егер Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері тау асып, тас басып, сонау селжүктерге жеткенін, онда діни қағидаттар мен имандылық мәртебесін асқақ ұстап, көпке үлгі болғанын еске алар болсақ, екінші, яғни 23 маусым күнгі кездесуімізді сол бір өткен мезеттің аңыз емес, ақиқат екеніне көзіңіз жете түседі. Бұл күні әр тараптан бас қосқан ақындар Елазық уәлилігіне қарасты аудандар мен қалаларға бөлініп, жұртпен жүздесті. Біз Қара Қожан атты шағын шаһарға жол тарттық. Қасымызда Алтынбек Ысмайылов бар, біз бар және Анкара мен Ыстамбұлдан келген ақындар бар, қаладағы колледждердің бірінде халықпен жүздестік. Елазық қаласынан 100 шақырым қашықтықтағы қалаға шағын автобуспен жеткенше әдебиет жайлы шүйіркелестік. Түркиялық қарт ақын Мұһсин Ілияс жер-суды таныстыра отырып, бір уақта бір рухты әнге басты. Патриоттық әндерді нақышына келтіріп орындайтын оған басқа да қонақтар қосылып, еркін шырқады. Қайырымынан аңдағанымыз: «Түркия үшін өлөрөм» деген тіркес. Бұл қайырмасын қайталаған сайын екпіндеп, рухтанып кетеді қарт ақын. Түркияға танымал әндердің бірі болса керек, кейін де автобус ішінде осы әнді шырқаған ақындарды көрдік. Көздерінде – жалын, сөздерінде – рух.

Колледждің концерт залында ине шаншар жер жоқ. Ақындар кезектесіп өлең оқыды. Тыңдаушылар болса көкейіндегі сұрақтарын қойып, әдебиет турасында пікірлерін ортаға салды. Өзінің кезегін алған Мұһсин Ілияс бей Юнус туралы тебірене сөйлеп отырып, көңілінің босағанын білдірді. Білуімізше Қара Қожан өлкесі дін мен ділдің берік орнаған мекені екен. Кезінде Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері алдымен осы өлкеге ат басын бұрса керек. Қара Қожан деген ат та содан қалған деушілер болды. Осы қаладағы шағын мейрамханалардың бірінде түскі асқа дастархан жайылыпты. Мейрамхананың ішіндегі қос қабырғаға Мәулана Руми мен Юнус Эмренің сөздерін, өлең жолдарын үлкейтіп жазып қойыпты. Ұлттың екі ұстазының танымдық, тағылымдық нақылдарын өзге де мейрамханалардан кезіктіруге болады десті жол бастаушымыз. Адамдар көп жиналатын орындарда ұлттық тұлғалардың өсиетнамаларын көптеп дәріптеу дәстүрлі іске айналған. Бұл да бір қаперге аларлық іс екенін көңілге түйдік.

Біз Қара Қожаннан Елазық оралған қалалық мәдениет орталығында Юнус Эмренің шығармашылығы, өмірі, сол кезең жайлы кең ауқымды конференция өтіп жатыр екен. Түркияның белді әдебиеттанушыларымен бірге әзербайжандық Алмаз Биннатова, Қырым Татар автономиясынан келген Нариман Абдулваһар, Кайсериден келген Мұстафа Север, Мұстафа Татчи, анкаралық Левен Байрактар бастаған профессор-докторлар баяндамаларын оықп, сопылық поэзияның қыр-сырын Юнус жырлары арқылы түсіндірді.

 

«Арқамда – Хазар, алдымда – дағылар»  

Кештік негізгі түйіні Хазар көлінің жағасындағы арнайы әзірленген сахнада өтті. Сахнаның маңдайшалығына 8 елдің туы ілінген. Қазақтың көк байрағы да түркі дүниесі ақындарының туларымен бірге желбіреп тұр. Дәл іңір түскен мезгіл. Сағат тілі кешкі 8.30-ды соққан кезде басталды. Түркияның уақыты бізден 3 сағат кейін екенін ескерсек, бұл біздегі 11.30 мөлшері еді. Шайырлардың жырын тыңдау үшін жиылған қауымда қисап жоқ. Далаға қаз-қатар тізілген орындықтарға жайғасқан халық арнайы жайылған дастарханнан дәм тата отырып, жыр тыңдауға зейін қойған. 35 ақын алфавит тәртібі бойынша жыр оқыды. Әртүрлі тақырыптағы мазмұнды жырларды ұйып тыңдаған жұртшылық әр ақынға ілтипатын білдіріп жатты. Дәулетбек Байтұрсынұлы «Ыстамбұл» атты жырын: «Аллаһу акбар деп, жасай бер, Ытамбұл!» деген лепті түйінмен аяқтағанда, қазақша оқылған өлеңді тыңдарман да жақсы түсінсе керек, жақсы қарсы алды. Шынымен де, Ыстамбұл қаласы имани өмірдің айнасы іспетті екен. Бір қалада 4500 мешіт бар. Намаз уақытында әр мешіттен шақырылған азан даусы күллі қаланы кернейді. Азанның даусымен Аллаға мінәжат еткен жұртшылықтың легінде шек жоқ. Ақын жырын жұрттың жылы қабылдағаны да сондықтан. Қырғызстандық Алтынбек Ысмайылов қырғыз тілінде «Құса» және түркі тілінде Юнус Эмеренің өлеңін оқыды. Кезек маған келгенде «Жылқылар» атты жырымды оқуды ұйғардым. Оның алдындағы халықпен кездесуде түрік тіліне аударылған «Өртелген мешіт» атты өлеңімді оқып едім. Бұл рет жылқылар жайлы жыр оқу дұрыс шығар деп шештім. Себебі, жылқы – барша түркі халқының қанаты. Оны қайбір түркі туыстар болса да жатсынбайды. Сондай-ақ, дәл сол ақындардың негізгі жыр оқу кешінде бізді Елазық қаласындағы Пикет университетінде оқитын қазақ студенттер іздеп келіпті. 45 шақырымдық жерден арнайы бізге сәлем беру үшін асыққан екен. «Қазақстаннан ақындар келді дегенді естіп, жетуге асықтық» дейді көздерінде сағыныш оты манаурап. Ел мен жердің қасиет-қадірін жырақта жүргендей кім ұқсын?!...

Жыр кешінен көңілге түйгеніміз көп. Халық 3 сағат бойы тапжылмай тыңдады. Түркиялық ақындардың дені өлеңді еркін жазуға ұмтылатындай көрінді. Олар өлең ұйқас пен тапқырлыққа емес, мазмұн мен әуезге құрылуы тиіс дегенді оқыған жырларымен дәлелдегендей. Өзіме жақсы әсер қалдырған ақындардың ішінде анкаралық Невин Курулар мен жас ақын Адем Йешил, әзербайжандық Айсел Елизаде, ыстамбұлдық Халил Гоккаялардың жырлары. Иірімі мен әуезі өзгеше көрінді. Кезінде Шығыс Түркістаннан келген, қазір Түркияда тұратын Нурала Көктүрік ханым ұйғыр халқының атынан осы жыр кешіне қатысқан еді. Ол Шығыс Түркістандағы ауыр хал жайлы ұзақ жырын көзіне жас ала отырып оқып шықты. Саяси өлеңнің де оқылар тұсын білсе керек, Шығыс Түркістанның туын сахнаға көтеріп шықты, жыры аяқтаған соң Елазық уәлиіне сол туды тарту етті... Гүржістаннан келген өрт шайыр Осман Ахметоглу сахнада «Арқамда – Хазар, алдымда – дағылар (таулар)» деп сөз бастап, елді өзіне қаратты. Сөйтті де өзінің түркілік мінезімен патриоттық сарынға бай жырын оқыды. Өзім сезінген түрік ұлтының бойындағы тағы бір ерекшелік, олар жырларында, сөздерінде тұтас түркі әлемімен мақтанады екен. Бұл жырларынан да байқалады. Алтай, Каспий, Алатау, Ыстамбұл, Анадолы, Ташкент, Алматы секілді жер мен қала аттарын жырларына арқау етеді. «Бұл біздің түркі даласы. Бәріміз бір атаның ұрпағымыз» деген сыңайдағы ойларын өлеңге айналдырып, тыңдарманның қанын қыздырып жатты.

ТҮЙІНШЕК:

Оңашадағы әңгімелердің бірінде жергілікті жердің тұрғыны, ұстаз кісі қазір әлемдегі өзге елдердегідей Түркияда да кітап оқу азайып бара жатқанын қынжыла жеткізді. Поэзия кештерін Түркия бойынша жиі өткізеді екен. Мақсат: жастарды өлеңге, кітапқа жақындату. «Поэзия – рух. Ұлттың рухани тарихы әдебиетте сақтаулы. Көркем әдебиетті көп оқыған адамда азғындық болмайды. Қоғам азса, ел тозады», - деді ұстаз. 80 миллион халқы бар Түркияда кітаптар 100 мың данамен, аз дегенде 20 мың данамен таралады екен. Егер әдеби кештерді көп өткізіп, дәріптелу деңгейін көтерсек, мұнан да жақсы тиражбен таратуға болар еді дейді. Ал біздің көкейімізде тұтас түркі әлеміне ортақ әдеби сыйлық болса ғой деген арман жатты. Нобель сыйлығындай болмаса да, тым құрығанда Букер сыйлығына пара-пар бір сыйлық болса, әдеби әлемнің байланысы бұдан да арта түсер еді.

 

Оңашадағы ойлар

Алтынбек ЫСМАЙЫЛОВ,(Қырғызстан):

–Мен бұл жыр кешіне осымен үшінші рет қатысып отырмын. Әр реткі кештің өзіндік әсері бар. Танымайтынмен танысасың. Білмейтініңді үйренесің. Әсіресе, халықтың мәдениеті өзіне тәнті етеді. Өлеңдерін қырғыз тіліне аударып жүрмін. Еркін, біздіңше ақ өлеңмен жазуды қалайды көпсандысы. Халық та, әдебиетшілер де ондай жырларға жатсынбайды. Оқырманның көзі де, көңілі де үйренген. Бірінің жырын бірі ұйып тыңдайды. Құрметтің белгісі бұл да болса.

Адем Йешил, (Түркия) :

–Дәстүрлі поэзия мен модернистік поэзияның арасындағы тартыс бізде де бар. Меніңше, бұл – өтпелі кезең. Бүгінгі ақындар дәстүрден де, жаңашылдықтан да керегін алуы керек. Ең бастысы, өзіндік діл, өзіндік таным жоғалмауға тиіс. Дәстүр дегеніміз – құбылмалы, толықпалы. Егер әдебиеттегі сын мықты болса, талдау, таразылау мықты болса, оқырманның да деңгейі өседі. Осы реткі жыр кешінде кім қандай өлең оқыды, жырына нені негіз етті деген сұрақтың өзі біраз дүние жазуға себепкер сыншылар үшін.

Нариман АБДУЛВАҺАР, (Қырым):

–Кезінде Қырым хандығы тұсында күллі түркі тектестердің ара қатынасы бұдан да жақсы болғанын көреміз. Қазір сол жүйе енді-енді қалыптасып келеді. Біздің әдебиет – ең ұлы әдебиет. Біз өзгеден емес, өзімізден үйренуіміз керек. Егер түркі халықтарының әдебиетін, әсіресе фольклорын жіті зерттеп, бірімізге біріміз түсіндірсек, сол арқылы мәдениетіміз, бірлігіміз нығаяр еді. Тоныкөк, Күлтегін жазбаларынан тараған рухты оятуға күш салғанымыз жөн-ақ...

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,

Алматы-Ыстамбұл-Елазық-Алматы.

      

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір