• USD 475.51

  • EUR 464.15

  • RUB 8.2

  • CNY 66.85

04 Қазан, 12:13:08
Алматы
+16°

13 Сәуір, 2017 NEWS

Ерден Қажыбек: ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҒЫЛЫМИ ПРОБЛЕМА ЕМЕС, ӨТЕ ОҢАЙ ҚҰБЫЛЫС

Алдағы 2-3 жыл көлемінде елімізде елеулі өзгерістер орын алмақ. Бұған басты дәлел – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз латын әліпбиіне көше...

Алдағы 2-3 жыл көлемінде елімізде елеулі өзгерістер орын алмақ. Бұған басты дәлел – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз латын әліпбиіне көше бастаймыз» деген сөздері.

Елбасының айтуынша, біз осы жылдың соңына дейін латын әліпбиіне көшеміз, демек, 2018 жылдан бастап барша оқулықтар, жазулар латын графикасында жазылады. Бір ғасырға жуық кириллицаны пайдаланған жұртшылық бұл үрдіске қалайша үйреніседі екен? Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшудегі басты мақсат не? Осы сұрақтар төңірегінде Нұрсұлтан Назарбаев  аталмыш мәселеге жауапты етіп тағайындаған А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек мырзадан «Қамшы» ақпараттық агенттігінің тілшісі сұхбаттасып, бұл жаңашылдықтың мән-жайын егжей-тегжейлі сұрастырып білді.

– Ерден мырза, Елбасымыз «Біз латын әліпбиіне көшуді бастаймыз» деп бұйрық берді. Бұл кеше ғана қозғалған мәселе емес бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқан ұсыныс. Осыған байланысты өз пікіріңізді айтсаңыз. Жалпы, латын әліпбиінің үрдісі қалыптасты ма? Халық латын әліпбиіне көшуге дайын ба?

– Бұл – біздің ұлттық мүддеге арналған керемет бағдарлама. Дегенмен, жалпы алғанда, жұртшылық кирилл, яғни орыс әліпбиіне үйреніп кеткен. Бірақ біз маңызды бір мәселеге көңіл бөлмей келеміз. Ол – сауатты, қате жібермей жазу мәселесі. Ал, қазіргі газет-журналдарды алсаңыз, орфографиялық нормалардың сақталмауы, қателер деген өріп жүр – оны мойындау керек. Мысалы, «Айқын»  шекара деп жазса, «Егемен» шегара деп жазады. Осы сынды қателер өте көп. Біздің мемлекеттегі классикалық үлкен басылымдар осындай қателіктерді жібереді, тіпті, әр журналистің өзіндік жазу принциптері бар. Ғылым бекіткен ережелер бөлек, ал әр ақынның, әр журналистің, әр жазушының жазу тілі мүлдем бөлек. Бұл дұрыс емес, белгілі бір жүйе қалыптасу керек, бірдей орфографиялық норма болуы тиіс және ол сақталуы шарт. Бұл – өте үлкен мәселе. Шетелде бір газетті алып, кез келген мақаласын оқысаңыз және сол жерден бір қате табылса, оны бүкіл ел болып талқылайды, сол қатені үлкен мін етіп көрсетеді. Ал, бізде сауатсыз жазу, ережелерді сақтамау әдетке айналған. Неге? Себебі, біздің әліпбиіміз «мал қора» секілді. Мені қатты айтты дерсіздер, дегенмен мұны да мойындау керек. Тіліміздегі төл дыбыстардың саны 26-28, ал әріптеріміздің саны 42, екі есе көп. Кириллицаны 30 жылдардың аяғы мен 40 жылдардың басында қабылдаған кезінде еліміз өте қиын жағдайда болған. Орфографияға да, орфоэпияға да сауатты бүкіл адамдарды құртып, жоғары жақтан кириллицаны бұйрықпен күштеп енгізген болатын. Қазақ тіліне еш қатысы жоқ, біздің табиғатымызға жат әріптерді кіргізе салды. Сол бір орыс әліпбиінің негізінде қазақ тілі әліпбиінің 20-30 шақты нұсқасын жасап берді. Мысалы, біз башқұртпен, ноғайлармен сөйлескенде тілімізде ешқандай да айырмашылық жоқ, бір-бірімізді оңай түсінісе аламыз, бірақ бір-біріміздің кітаптарымызды оқи алмаймыз. Себебі, біздің әліпби орыс әліпбиі негізінде жасалған. Қазақ тілінде бір ғана дыбысты беретін әріптер кириллицада екі-үш таңбамен таңбаланады.

– Біз латын әліпбиіне көшеміз бе әлде ораламыз ба?

– Кезінде бүкіл халық бір әліпбиді қолданатын, ол – төте жазу, яғни араб әліпбиінің негізінде жасалған. Оны бізде ең алғаш құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Әрине, біршама ұсақ-түйек айырмашылықтар болды өзге тілдерден. Бүкіл түркі халықтарының ішінде әліпбидің ең ыңғайлысы, ең қолайлысы қазақтарда болатын. Кейіннен латын әліпбиіне көштік. Сол кезеңде латын әліпбиіне көшуді ең алғаш әзірбайжан мен қазақ халқының зиялылары бастаған. Бұл – Түркияның инициативасы емес. Бүкіл түркі халықтар жиналып, Бакуде үлкен конференция өткізіп, латын әліпбиіне көшуді дауысқа салып, сол жерде шешім қабылдаған. Содан кейін Түркия халқы бауырларымыздан айырылмайық деп, олар да латынға көшкен. Ал, бізді 10 жылдан кейін кириллицаға аударып жіберді. Қазір халық кириллицаға еті үйреніп кеткенмен, бұл әліпби мүлде қолайлы емес. Қазақ халқы, әсіресе, жастары қазақ тілінде бір мәтінді оқыса, акцентпен оқиды. Сонымен қатар, артық таңбалар өте көп. Мысалы, қазақ мәтінінде орыс тіліндегі сөз кездессе, оны орысшада қалай жазу керек, дәл солай жазамыз, оқылу нормасына сай оқимыз. Ал, қазақтың сөздері олай айтуға келмейді. Осыдан барып айтылу артикулияциясы, қазақ әріптерінің дыбысталуы бұзылады. Сондықтан да бұл – латын әліпбиіне көшу емес, оған қайтадан оралу.

– Оның ендігі кезектегі нұсқасы қандай болмақ? 20 ғасырдың басындағы латын әліпбиі негізінде ме әлде жаңаша нұсқада жасалады ма?

– Ол кезден бері біршама уақыт өтті. Сол заманда латын әліпбиін жасағанда бүкіл түркі халықтары бір-бірімен өзара келісімге келіп, ортақ түрік әліпбиін жасау мәселесін қозғаған және соның негізінде жасалған. Ал қазіргі таңда не себепті латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп отыр? Себебі, қазақ тілі – түркі  тілдерінің ішіндегі ең негізгісі, ең бай тіл. Өзіміздің бауырлас елдермен түсінісе алатын және бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай болуымыз керек. Латын әліпбиін жасау – ғылыми проблема емес, өте оңай құбылыс болмақ. Тіл білімі институтына тапсырма берілді, бірнеше үлкен монографиялық еңбектерді зерттеп, жаңа әліпбиді жасау қиын жұмыстар емес. Бірақ, біз осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшпей отырдық. Неге? Себебі, қасымызда үлкен көршіміз отыр. Еліміздегі жағдайларды аздап ретке келтіріп, асығыстық жасамай, экономикамызды біраз көтеріп барып колға алу керектігін түсіндік. Жан-жақты елімізді нығайтып, халықаралық дәрежеде орнымызды қадап белгілеп алу қажет болды. Мұндай үлкен келелі мәселеде асығыстық жасауға болмайды.

Сұхбаттасқан: Назерке Лабихан

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір