• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Мамыр, 22:34:37
Алматы
+35°

25 Ақпан, 2019 Экономика

Қарапайым халықты емес, қарызы бастан асатын шенеунікті жазалау керек

Ресей мемлекеттік думасы борышкер депуттардың жалақысын төлемей, мандатын алу туралы заң шығаруға мәжбүр болып отыр.

Ресейде келер көктемнен бастап мемлекет алдында борышы бар депутаттар мен министрлер жалақыдан қағылып, тіпті олардың қайсыбірі депутаттық мандатынан айырылуы да мүмкін. Ресей бұл заңды көктемнен бастап қолданысқа енгізіп, банк алдындағы және мемлекет алдындағы сан мыңдаған борышын өтемеген қарызгер депутаттарына жазаны осылай қатайтпақ.  Жалпы, деректерге жүгінсек, Ресейде нақ қазір ірі-ірі компаниялардың акцияларына иелік ететін шенеуніктердің басым бөлігінің қарызын өтемей, салықтан жалтару фактілері көбірек тіркелген. Тіпті ВТБ банк, «Роснефть», және ірі автосалондардың акцияларына иелік ететін Ресей депутаттарының қарызы 335,8 млн рубльге дейін жеткен. 

Міне, осыдан барып Ресей Мемлекеттік думасы борышкер депуттардың жалақысын төлемей, мандатын алу туралы заң шығаруға мәжбүр болып отыр. Ресейдің мұндай қадамына қатысты  пікір білдірген мамандарымыздың дені бізге де нақ осындай қатаң шараларды қарастыру қажеттігін айтып отыр. Мамандардың пайымдауынша, бізге қарапайым халықтан гөрі борышы бар депутат пен министрлерді жауапқа тарту керек. Себебі қарапайым халықтың бұл арада қоғамға зияны жоқ. Ал мемлекеттік салықтан жалтарып, банктерден ірі көлемді несие алып, тіпті қызметімен қоса кәсіпкерлікті де қоса атқарып мемлекеттік сатып алуға қатысып, ондағы қаржыны да қоса
алып жүрген шенділер елде баршылық. «Міне, біз үшін болашақта осы мәселелерге бақылауды күшейту керек. Мемлекеттік қызметте жүріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген, мемлекет алдында борышы бар шенеуніктерге талапты қатаңдату керек»,-дейді мамандар.

«Біз мемлекет алдындағы қарызы бар адамдардың шетелге шығуын ғана шектеп отырмыз. Бірақ мемлекеттік қаржысын қалтасына басып алып, сыртқа қашқандар қаншама?! Қазір Ресейдің мемлекеттік қызметкерлерінің қарызынан қорыққан Батыс банктері Ресеймен арада сауда-саттық жасап, тауар тасымалдайтын өз кәсіпкерлеріне қарыз несие бермей жатыр. Өткенде Чехияның экспорттық банктері Ресеймен арада экспорт-импорт ара қатынасын орнатқан кәсіпкерлеріне жеңілдікпен несие бермейтіндерін мәлім етті. Себебі Ресейде қазір бизнесті жүргізу тиімсіз. Жағдай қиын. Ресей кәсіпкерлері қарызға белшесінен батты. Оны қайтара алмайтын қауіпі басым. Ресейдің мемлекеттік қызметкерлерінің әрбірінің қарызы 335 млн рубльден асып кеткен. Бұл дегеніңіз - өте қомақты қаржы. Сондықтан Ресей Мемлеттік думасы қарызданған депутаттарды мемлекеттік қызметтен аластауды жөн санап отыр. Бұл тек Ресейде ғана бар тәжірибе емес. Мұндай әдіс дамыған елдердің біразында бар. Мысалы, Иордания, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде банктерде несиесі бар адам депуттаттық мандат ала алмайды. Жалпы, халық қалаулылары халық үшін қызмет ететіндіктен, ең бірінші кезекте олардың жауапкершілігі басым болуы керек. Ал біздегі шенеуніктердің өзі заңды белден басып, қыруар борышты мойындарына іліп алып, мемлекет қаржысын талан-таражға
салып, тіпті мемлекет қаржысын сыртқа алып қашатындары да бар. Сондықтан бізге де мұндай шараларды қарастырып, қарызы бар адамды мемлекеттік шенеуніктік қызметке жібермеу керек деп есептеймін. Бұл арада қарапайым мемлекеттік қызметкерлер туралы айтып отырған жоқпын. Бізде 60 - 70 мың теңге алатын мемлекеттік қызметкерлер бар. Олардың жалақысы мардымсыз. Мен бұл арада жалақылары 900 мың теңгені құрайтын депутаттар, министрлер жалы айтып отырмын. Олардың басым бөлігінде бизнес бары даусыз. Өз атына жазбаса да, туысының атына жазып талай нәрсені жасап отырғандарды білеміз. Міне осы жайттар ерекше бақылауда болуы тиіс», - деді экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалымның пайымдауынша, бізде шетелден вилла сатып алатын, зәулім үй сатып алатын шенеуніктер бар. Олар ол ақшаны қайдан алыпты?

«Тек жалақымен ғана күн көрсе, бес айдың ішінде шетелден вилла сатып ала алмас еді. Бірақ бізде осындай шенеуніктер де бар. Бұрын Кеңес Одағының тұсында бір мемлекеттік қызметкер артық жиһаз алса, сол нақты тексерелетін. Осыдан барып ол кезде қаржыны сыртқа шығару, оффшорға салу деген болмады. Міне, бізге де осылай бақылауды қатайтпасақ, ертең қиын болады», - деді экономист-ғалым.

Сондай-ақ бұған қатысты әлеуметтанушы маман Меруерт Молдабаеваның да айтар ойы бар. Маманның пайымдауынша, расымен де нақ қазір мемлекеттің қаржысын үнемді жұмсап, ұқсату маңызды.

«Мемлекеттік қызметте жүргендер, әсіресе облыс, аудан деңгейінде әкім болып, депутаттық мандатты алып жүргендер ұлттың жағдайы, ел болашағы туралы аз айтпайды. Бірақ ендігі жерде олардың сөзі мен ісі бір жерден шықса дейміз. Қазір олардың арасында мінбеде елдің, мемлекеттің мәселесін көтеріп, мінбеден түскеннен кейін өзінің жеке бизнесімен айналысып кететіндері бары жиі байқалады. Осыдан барып кейбір мемлекеттік қызметкерлердің халықтың ұшан-теңіз қаржысын талан-таражға салып, шетелге қашып кетуі, болмаса пара алуы, немесе өзінің пара беруі тәрізді ыңғайсыз жағдайлар көрініс береді. Болашақта мұндай жалған күрескерлердің қатары азайсын десек біз «Мемлекеттік
қызметтер» туралы Заңның орындалауын қатаң бақылауға алуымыз керек.

Егер мемлекеттің алдында қарызы болса мемлекеттік қызметкерге тиісті шара қолдану керек. Мұны заңмен талап ету қажет. Олай етпесек ертең халықтың қаржысы жеке біреулердің мүддесі үшін ғана қызмет етуге жарап қалады. Сондықтан бізге қатаң заң қажет», - деді Мерует Молдабаева.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір