• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 18:37:09
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2019 Әлеумет

Президент келетін кезде ғана жыртығымыз жамала ма?..

Алматы облысыны қарасты Үштөбе қаласында да дәл қазір осындай қарбалас болып жатыр

Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі біраз жерде билбордтар өзгертіліп,  Мемлекет басшысының қанатты сөздері қала көшелеріне ілініп, Президентті насихаттау жап-жақсы белең алып келеді.  Бірақ  Қасым-Жомарт Кемелұлы, бір ғана Ақтау қаласында өзінің 14 суреті ілініп тұрғанын естіп, «маған мұндай пропоганда керек емес» дегенді қадап айтты. Бірақ оған қоятын біздегі атқамінерлер ме?! Керсінше, «аймаққа Президент келеді» деп жанталасып, жыртығын жамап-жасқап жатқандардың қарасы баршылық.

Алматы облысыны қарасты Үштөбе қаласында да дәл қазір осындай қарбалас болып жатыр. Президенттің әкесі Кемел Тоқаев Үштөбе қаласы, Қаратал ауылында  дүние келген.  Алдағы уақытта Президент әкесінің басына тәу етіп, халықтың жай-күйімен танысуы әбден мүмкін болғандықтан, Үштөбе қаласының әкімдігі Президенттің жолын тосып, екі көзі төрт болып жүр. Қала тұрғындарының айтуынша, соңғы кезде облыс әкімдігінен лауазымды қызметкерлер Үштөбеге, Қараталға жиі келе бастаған.  Үштөбедегі басты көшелердің  шарбақтар жаңартылып,  көше шамдары орнатылған. Қаладағы Кемел Тоқаев атындағы мектепті көктемнің суық күндеріне қарамай сырлап, барынша әдеміленіп қойған. Көшенің шарбақтарын да жергілікті әкімдік өздері бірдей түске бояп, сырлап беріп жатыр. Тіпті мұғалімдер мен жергілікті әкімдік қызметкерлері көше бойын да өздері тазалап, қорғандардың сыртына дейін өздері тазалап беріп жатқан көрінеді. Ал кеше тіпті қалалық ауруханың да іші-сырты сырланып, ретке келтірілген.

Үштөбе қаласының тұрғыны Сая Есенбекованың айтуынша, қаладағы 145 орындық аурухананың дәлізі мен сыртын сырлап тасталған. «Әсіресе жансақтау бөлімінің дәлізін сырлап қоюуы ақылға сыймайды»,-дейді тұрғын.

«Үщтөбе қаласында қазір қарбалас. "Президент келеді" деп наурыздан басталған жанталас әлі жалғасын тауып жатыр. Мұғалімдер апта сайын сенбілікке шығады. Кемел Тоқаев атындағы мектепті көктемнің суығына қарамай сырлап, онда балалардың демікпесі ұстап, аллергиялары қозып жедел жәрдем шақырған кездер болды. Ал енді ауруханаға келсек, қалалық аурухананы сырлап тастаған. Мұнда науқастар жатып ем алады. Күндізгі стационар деген бар. Қан қысымым көтеріліп келіп едім, керсінше, бояудың иісінен басым одан әрі ауырып қайтып барамын. Осы бізде неге Президент, әкім келеді десе жанталасады?! Мынадай иістен науқастар керісінше, аурудың үстіне ауру жамап алады емес пе?!» - дейді қала тұрғыны Сая Есенбекова.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Үштөбе қалалық ауруханасына телефон шалдық. Бізге пікір білдірген Үштөбе қаласы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Айдана Жанбаеваның айтуынша, «бұл Президент келеді» деп жанталасу емес. Жылда орын алатын жағдай» дейді маман.

«Қыстан шыққаннан кейін осылай аурухананы сырлап тазалық жұмысын жүргізіп жатқанымыз рас. Осылай мамыр айына дейін тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Аурухананың дәлізі, сырты боялды. Жансақтау бөлімі жақты да сырлап қойдық. Халыққа қызмет көрсетіліп жатыр. Мұны көктемгі тазалық жұмыстары деп санау керек» деді аурухана басшысының орынбасары Айдана Жанбаева.

 Десе де, қазір Үштөбеде «бояушы, бояушы дегенше сақалын бояпты» деген мақал «хит»  болып тұр. Бұл ретте қала тұрғындары «әкімдер халықтың жайын емес, өздерінің креслоларын ойлап жоғарыдан біреу келе жатса сонша қарбаласады. Сонда ешкім келмесе, барлығы тозған қалпында тұра бере ме, Президент келетін кезде ғана жыртығымыз жамала ма?! Онда Мемлекет басшысы Қазақстандағы әрбір ауданды, ауылды жеке өзі аралап шықсын. Сонда бәлкім жағдайымыз түзелер» деп ашынады.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір