• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Шілде, 17:51:30
Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа жол ашылды

26 Сәуір, 2019 NEWS

Қайыршының қолындағы балалар неге үнемі ұйықтап жатады?

Сыған танысымен тілдеспекке кеткен аға көп айналмады. Жүзі күреңітіп кетіпті.

Ірі қалалардағы метро, жер асты жолы немесе тіршілігі қайнаған қан базарларда жол жиегінде бет-ауызы, киімі кірлеге, қолында ұйқыдағы нәрестесі, алдында тиын-тебен салатын жәшігі бар қайыршыларды көрген боларсыз. Осындай халдегі әйел адамды көрген сайын сіздің санаңыздағы адами интеллект оянып, өзіңіздің жағдайыңыздың оған қарағанда әлдеқайда жақсы екенін ойлап, көмек беруге ұмтыласыз.

Сіз берген көмектің ежелден келе жатқан кәсіптің дамып, жас балалардың болашағына балта шабылуына үлес қосып жатқанын білемісіз?.

***

Күн сайын мен өтетін жер асты жолының тас еденінде ескі киімдер киіп, бет-ауызын тұмшалаған, қолындағы парақта "Қайырымды адам, көмек бер" деген жазуы бар, алдында ұйқы құшағындағы баласы бар бір әйел отыратын. Кейде қалтамда анау-мынаудан артылып қалған бақырларды тастап кетемін. Кейде көз салуға мұшам болмай өте шығамын. Кейін кейбір мақалаларды, зерттеулерді оқып, әлдебір байшыкештің қайыршының бейшара кейпін сатып, менің ақшама хан сарайындай зәулім үйіне кірпіш сатып алғанын қаламағандықтан, ол дағдымды доғардым.

Біздің халық – жанашыр, обал-сауап, шүкір-тәубе деген нәрселердің жетегіндегі халық. Егер біреу қиыла сұраса, астындағы атын түсіп беретін қазақ емеспіз бе. Сол жанашырлықты қайыршылардың "босстары" өз пайдасына керемет пайдаланады. "Жетім көрсең жебей жүр" деген қағиданың құрбанымыз біз. Рас, қолдан көмек жасау келіп тұрса, қандасың, бауырың, тіпті, адамзаттың қай нәсілі, қай ұлты болса да, көмектесу – адами парыз. Бірақ, кейде сол парызды өтедім деп ойласаңыз, сіздің көңілшектігіңізді керегіне жаратып, ауызынан ақ май үзілмей отырғандардың бар екенін білгенде қайран қаласыз. Өзге амалыңыз жоқ. Қалай?

Мен жер асты жолымен аптасына бес күн бойы өтемін. Демалыс күндері түс әлетінде дүкенге баратын жолым да осы жерден өтеді. Аптасына жеті күн, ай бойы мен әлгі әйелді көріп жүрдім. Тапжылмайды. Кешікпейді. Ас ішпейді, су ішпейді. Ең қызығы – қолындағы шақалақ үнемі ұйқыдан көз ашпайды.

Түс кезі. Санамды сансыратып жіберген сансыз сұрақтарға жауап алу үшін мен әлгі қайыршы әйелді аңдуға көштім. Кеудемді құштарлық кернеп барады. Кішкентай қорапқа қалың жүргіншінің тастап жатқан теңгесінің сыңғырын естіп, алысырақ барып тұрдым.

Тағы бір мені таң қалдырған дүние – қорапта жиылған тиындарды әйелдің жан қалтасына байқатпай салып отыруы. Қорапта тек бірлі-жарым қара бақырлар қалады. Психологиялық шабуыл! Адам нан алып жеуге жетпейтін қайыршының «несібесіне» қарап, әрі қарай өтіп кетуге шыдамайды.

Міне, осылайша тәуліктің жартысынан астам уақытын "қызметте" өткізетін әйел жиған-тергенін тартынып, қала шетіндегі тыныштау мекен-жайда орналасқан ауқаттылар ауданына тартып кетеді.

Күні мен түні бір-біріне ұқсамайтын қайыршы әйелдің жұмыстан тыс уақытта дүниелік ләззатқа бөленіп жүргенін ешкім көрмек емес. "Берекелі" бизнестерін жан адамға көрсетуге құштар емес бұл топтың мүшелері.

Десек те, ел арасындағы қауесеттердің барлығына құлақ салсақ, олардың иелері мен қорғаушылары аса бай адамдар дегенді айтады. Құп! Болсын-ақ!

Мені алаңдатқан бір жағдай – қайыршы қолындағы кішкентай нәрестелердің әрдайым ұйықтап жатуы. 1 жасар немесе 2-3 жасар балалар күніне әрі кетсе үш-төрт сағат ұйықтайды делік. Оның үзінде қатарынан үш-төрт сағат емес. Ал қайыршы қолындағы нәрестелердің ерекшелігі неде?

Зерттеу жасай бастадым. Алдымен күн сайын уақыт бөліп біршама бақылап жүрдім. Кейін олардың нағыз бейшара емес екеніне көз жеткізген соң батыл қадам жасауға бел будым.

Жай ғана жүзтаныс әйелдің жанына барып:

- Мына балаңыз неліктен ұйықтай береді, айтыңызшы? – дедім. Қайыршы естімегендей сыңай танытты. Бәрібір қоймадым. Сол кезде әлгі әйел салбыраған басын дереу көтеріп алды да, көзіме тура қарады. Сұмдық-ай! Қайыршының көзі секілді өткір жанарды осы күнге дейінгі ғұмырымда жолықтырмаппын.

- (Орысша балағат сөз), - деді. Тіл қатып амандасқаны да, берген жауабы да сол болды. Қайыршыдан боқтық естимін деген ойым болсайшы. Ашуымды ауыздықтамай тұрып:

- Неге ол ұйықтай береді? – дедім дауыс көтеріңкіреп. Ол былқ етпеді. Осы кезде иығыма біреу қолын қойып:

- Сен, бауырым, неге оған қадалып қалдың? Бейшараның көрген азабы аз ба еді? – деді де, қалтасынан ақша шығарып, бес жүздіктің біреуін қорапқа тастады. Ел ағасы жасына келіп қалған ер адам екен. Сырт пошымы жақын маңдағы зауытта жұмыс жасайтынын аңғартады.

Бәлкім, кешке үйіне барған соң қорғансыз байғұсты ұрда-жық біреуден қалай құтқарып қалғанын жыр қылып айтып берер. Мейлі!

Қайыршының өзінен өндіріп ештеңе ести алмайтынымды білгеннен кейін басқаша әрекет ете бастадым. Базарда жұмыс жасайтын бір ағамның үйіне тарттым. Жексенбіде жеңгенің етін жеп қайту – негізгі ісіміздің түрі.

Кешкі ас үстінде көрген-білгендерімді әңгіме етіп айтып отырғанмын. Ағам қарқылдай күліп:

- Зерттеуіңнің түрін, - деді. Мен аң-таңмын. – Мен қазір саған материал тауып берейін, жорналшым, - деген ағам телефонына шұқшиды. Ұялысын құлағына тосқан күйі сыртқа беттеген ағамның соңынан ермедім. Оңаша сұрап алсын. Білгенін жасыра қоймас. Сыған танысымен тілдеспекке кеткен аға көп айналмады. Жүзі күреңітіп кетіпті. Келе-сала:

- Баланың неге ұйықтай беретінін білесің бе? Сұмдық-ай! – деді өзінен-өзі күйініп.

- Біле алмадым. Айтасыз ба? – деп қарсы сұрақ қойдым.

- Балаға түрлі жолмен наркотик, арақ, героин беріп ұйықтатады екен.

- Мәссаған, безгелдек!

- Ол балаларды қайдан алатынын білесің бе? Мен бас шайқадым.

- Алқаштардың отбасынан жалға алады екен. Ол табылмаса, кез-келген баланы ұрлап әкете береді екен.

Мен естіген ақпараттан әлі ес жия алмай отырмын. Сонда сауап жинауды мүдде тұтқан мыңдаған, миллиондаған адамдар біреудің байлығын еселегеннен бөлек, балалардың осылайша қорлануына себепкер болып отыр ма?

Мұқтажбын деп қол жайғанның бетін қайтару – қазаққа жат іс. Қайырды да қиналған адам сұрайды дейді, қалыптасқан тәмсілге сүйенсек. Енді мен қайыр-садақанытек мешіттегі арнайы жәшікке ғана салуға шешім қабылдадым.

Балалар болашағына балта шабуға атсалысудан қорқамын, өйткені!

Пишущая машина Телеграм каналынан алынған (авторы белгісіз)

Ұсынған: Әділет Мәдениет

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір