• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Тамыз, 15:24:51
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

15 Мамыр, 2019 Саясат

"Ақорданың емес, әкем мен шешемнің жобасымын"

Әміржан Қосанов Қазақстан президентіне үміткер ретінде тіркелген сәттен бастап өзін сынай бастағандарға жауап берді

Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шығып, дәл осылай мәлімдеген Әміржан Қосанов Қазақстан президентіне үміткер ретінде тіркелген сәттен бастап өзін сынай бастағандарға жауап берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

20 жылдан бері өзін оппозиция өкілі деп есептейтін саясаткер басқа-басқа емес өзін сынаушылардың басым бөлігі бір кездері достық қарым-қатыныста болып, бір мүдде жолында жүрген замандастары екеніне налитынын да жасырмады.

«Өкінішке қарай жау жағадан алғанда, бөрі етектен дейді. Мен туралы «Ақорданың адамы, биліктің жобасы» деген алып-қашпа әңгімелер шығып жатыр. Мен осы сөзді биліктен, биліктің жандайшаптарынан естимін бе деп едім, бұл сөзді оппозицияда, демократия қатарында бірге жүрген азаматтардан естіп жатырмын. Соған мен налимын, кімдермен мен дос болдым, кімдермен бірге жүрдім, кімдермен бірге осы режимге қарсы күрестім деп. Енді соларға жауап беріп кетейін. Мен Ақорданың емес, әкем мен шешемнің жобасымын. Менің артымда ешқандай олигарх немесе саяси құрылым тұрған жоқ» деді.

Сонымен қатар Қосанов өзіне неге дәл осындай пікірлер айтылып жатқанына да тоқталып өтті. Оның ойынша, сынап жүргендер бұл жағдайды өзінің  20 жыл бойы оппозицияда жүрсе де, саяси қуғынға ұшырамай, елде тұрып жатқанымен байланыстырады екен. Бірақ Қосановтың айтуынша 1997 жылы оппозицияға өткен сәттен бастап, ол билік тарапынан көптеген қысым көріпті.

«1997 жылы оппозицияға өткеннен кейін 1998 жылы мені аяғы ауыр әйеліммен бірге сабап кетті. Сол кезде әйелімнің құрсағындағы нәресте үшін қатты алаңдаған едім. Алайда ол аман-есен өмірге келіп, осы күнге жетті. Шүкір. Сондай-ақ, мен үстімнен іс қозғалып, сотталғанмын. 2003 жылы президенттің (ред. Н.Назарбаев) үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев құзырлы органдарды басқарып отырып, менің үстімнен қылмыстық іс қозғады. Мені нақты соттайтындай болды. Бірақ халықаралық ұйымдар және Джон Маккейн сияқты сенатор араша түсті. Бұдан бөлек үйімнің есігін бетондап, терезесінен тас атқан кездер де болған. Тіпті менің жерлеу рәсімімді төлеп, менің үйіме жерлеу агенттігінің қызметкерлері келіп, маған Қосановты қай дін бойынша жерлейміз деген. Менің Кеңсайда жатқан қарындасымнан «Əміржан, сені іздеп отырмын» деп жеделхат ұйымдастырғаны тағы бар. Мен оның бәрін көрдім. Мен биліктің мұндай құйтырқы әрекеттерінен қорықпаймын» деп айтты.

Қосанов басынан өткен бұл жағдайлардың барлығын өзіне «биліктің адамы» деп жала жауып жатқандарға жауап ретінде айтылғанын тілге тиек етті.

«Мен биліктің адамы болсам, дәл осындай теперішті көрер ме едім? Кезінде Заманбек, Алтынбек, Батырханды еске алған митингтерді  де, Жаңаөзендегі наразылық акцияларын да мен жүргіздім, сол үшін 15 тәуліктен екі рет абақтыға жабылып, аштық жариялаған қазақпын. Сондықтан маған дәл бұлай «биліктің адамы» деп  жала жабу негізсіз» деп мәлімдеді.

 Мият Кәшібай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір