• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
19 Тамыз, 20:57:17
Abyroikz ұлттық киімдер дүкендері желісінің басшысы: Сапалы адамнан ғана сапалы өнім шығады

17 Маусым, 2019 Саясат

Тоқаев босатуы тиіс "саяси тұтқындар"

Тоқаев елдегі билік пен халықтың арасындағы байланысты жақсарту үшін 12 маусымда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулыға қол қойды. Алайда бірқатар қоғам белсенділері құрылғалы жатқан кеңестің жұмысына сенімсіздікпен қарайды.

Тұлға. Тұтқын. Түрме. Бұл үш сөз бүгінде бір-бірімен тығыз байланысып тұр. Неге? Себебі бұқараның басым бөлігі «елге тұтқа болар тұлғалар тұтқынға айналып түрмеде жатыр» деп есептейді. Бұл туралы адамдар алаңға шығып та айтты, әлеуметтік желілерде де жиі-жиі жазды, жазып та жатыр.  Бірақ билік әлі де құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп тыныған «тұлғаларды» түрмеден босатуға асығар емес. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырмандарға бұқараның басым бөлігі «Тоқаев босатуға тиіс» деп талап қойып отырған «саяси тұтқындардың» тізімін ұсынады.

Арон Атабектің абақтыда отырғанына – 13 жыл

2006 жылы Алматы қаласының әкімдігі қала сыртындағы Шаңырақ шағын ауданынның тұрғындарын «жерді рұқсатсыз иеленіп, заңсыз үй тұрғызған» деп айыптады. Осы айыппен билік өкілдері тұрғындардан тұрғызған үйлерін тастап, көшіп кетуді талап етті. Бірақ Шаңырақ тұрғындары билік айтқан бұл талапты орындаудан бас тартып, тұрғызып қойған үйлерін бұзғызуға қарсы шықты. Осыған байланысты тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, бір полицей қаза тапты.

Шаңырақ оқиғасы

Билік өкілдері, атап айтқанда Алматы қаласының соты Шаңырақ шағын ауданында «жаппай тәртіп бұзды және полиция қызметкерін қасақана өлтірді» деген қылмыстық іс бойынша 2006 жылдың қазан айында белгілі қоғам қайраткері һәм ақын Арон Атабекті 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Арон Атабек

Ресми мәліметтерге сәйкес, Арон Атабекпен қатар тағы үш адам ұзақ мерзімге сотталды. Олар: Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15 жылға, Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрме жазасына кесілді. Бірақ Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов 2018 жылы бостандыққа шықты.

Ал Арон Атабек қазір  Павлодардағы тергеу изоляторында (АП-162/1 мекеме) жатыр. 2019 жылы Атабекпен кездескен Елена Семенованың Азаттық радиосына айтуынша, ол «ақпаратқа зәру», оның хаттары жолдаған жеріне жетпейді, өзіне хат келмейді. Атабек тозған киімін жамап-жасқап киюге мәжбүр. Ал түрме басшылығы бұл деректерді жоққа шығарған.

Өндірісті өркендеткен Жәкішев те «саяси тұтқын»

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, тұтқындалды. 2010 жылы наурызда Нұр-Сұлтанның Сарыарқа аудандық 2-соты Мұхтар Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» ​деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

Мұхтар Жәкішев

​2011 жылдың соңында ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады. Оған «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығын ету» айыбы тағылды.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішев тағы да 10 жылға сотталды, бірақ ол алдыңғы жазамен «біріктіріліп» түпкілікті шешім 14 жыл сол күйінше қалды.

Қазір Жәкішев Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отыр. Жәкішевпен кездесіп тұратын құқық қорғаушылар мен оның жақындары тұтқынның денсаулығы нашарлағанын айтады. Оның түрмеде отырғаны 10 жыл. Құқық қорғаушылар Жәкішевті де Арон Атабек сияқты «саяси тұтқын» санайды және оның түрмеде отыруы заңсыз деп есептейді.

Жерді сатуға қарсы болған Боқаев та бостандықта емес

Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде сол кездегі Қазақстанның  президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен енгізілген өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырып, көптеген қалаларда тұрғындар "жер митингілерін" өткізді.

Заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдірген алғашқы бейбіт шеру 2016 жылы сәуірдің 24-інде Атырауда өткен.

Оған қатысқаннан кейін көп ұзамай қамауға алынған жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды 2016 жылдың қарашасында Атырау соты "әлеуметтік араздық тудырды", "митинг өткізу туралы заңнаманы бұзды" және "жалған ақпарат таратты" деген айыппен бес жылға соттап, ірі мөлшерде айыппұл салған.  Сотта Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті  бірнеше қалада өткен жер митингілерін шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов қаржыландырды деп мәлімдеді. Атыраудағы сот кезінде Астанадан онлайн байланыс арқылы жауап берген Тоқтар Төлешов (оны "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 21 жылға соттады) пен оның көмекшілері Талғат Аянға "ақша бергендерін" мәлімдеді. Макс Боқаев пен Талғат Аян бұл куәліктерді теріске шығарып, ақша алмағандарын айтты.

Макс Боқаев пен Талғат Аян

Құқық қорғаушылар Боқаев пен Аянға тағылған айыптардың "саяси астары" бар деп есептейді. Құқық қорғаушылардың Amnesty International халықаралық ұйымы Макс Боқаев пен Талғат Аянды "ар-ождан тұтқындары" деп атады. Құқық қорғаушылардың Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы белсенділер тұтқындалған бетте Қазақстан билігін оларды шұғыл бостатуға шақырды. HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон «Бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан бірде-бір белсенді түрмеге қамалмауы керек. Олар босатылуы тиіс, билік үкіметті сынаған адамдарды қудалауын тоқтасын» дәп мәлімдеген еді.

Бірақ Қазақстан билігі құқық қорғаушылардың халықаралық ұйымының мәлімдемесіне «құлақ асқан жоқ». Екі белсендінің де жазасы жеңілдетілмеді.

Макс Боқаев

Тек 2018 жылдың 14 сәуірінде Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның түрме жазасын «бас бостандығын шектеу» жазасына ауыстырған. Сот шешіміне прокурор қарсы болмаған. Сонымен бес жылға сотталған  белсенді Талғат Аян 28 сәуірде түрмеден шықты. Ал Талғат Аянмен бірге тұтқындалған Макс Боқаев түрмеде әлі отыр.

Қазақстанда азаптау, саяси тұтқындар мен цензура бар

Осы жылдың 14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы қарар қабылдады. Қарарда еуропалық депутаттар Астананы (қазіргі Нұр-Сұлтан) адам құқығын бұзды деп айыптады. 13 наурыз күні Қазақстандағы адам құқығы бойынша АҚШ үкіметінің де есебі жарияланған еді. Есепте: «Қазақстанда адам құқықтарына қатысты мәселелерге азаптау, саяси тұтқындар, цензура, вебсайт бұғаттау, жала жабуды қылмысқа теңеу, діни сенімді шектеу, бейбіт жиын өткізу мен бірлестік құру хақына араласу, саяси қозғалысқа қатысу құқын шектеу, жемқорлық пен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын шектеу жатады" деп жазылған.

митинг

Қоғамдық келісім саяси тұтқындарды босатудан басталуы тиіс

Қазақстанда 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі билік пен халықтың арасындағы байланысты жақсарту үшін 12 маусымда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулыға қол қойды. Алайда бірқатар қоғам белсенділері құрылғалы жатқан кеңестің жұмысына сенімсіздікпен қарайды. Олар «Назарбаевтың кезінде де халық пен билік арасында түрлі кеңес құрылған, бірақ олар халыққа тиімді нәтиже берген жоқ» дейді.

Ал кебір қоғам белсенділері Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбаларында қоғамдық келісім болу үшін ең алдымен Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев және тағы басқа «саяси тұтқындар» түрмеден босатылсын деп Тоқаевқа талап қойып отыр.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір