18 Шілде, 2019 Саясат
"Алғашында қарсы болдым": Ұлттық кеңестің мүшелері неге сенеді?
Біріншіден, мен кеңестің жұмысына күмәнмен қарайтындарды сынай алмаймын. Өйткені осы уақытқа дейінгі кеңестер халықтың сенімін ақтай алмады. Көлеңкелі тұстар болды. Халықтың сенімін жоғалтып алған да азаматтар болды. Сол себепті де бұл кеңестің жұмысына күмәнмен қарайтындарға түсіністікпен қараймын.
Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Осыған қатысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің журналисі Ұлттық кеңестің құрамындағы Қазыбек Иса, Қайрат Жолдыбайұлы, Ерлан Саиров пен Айгүл Орынбекке хабарласып, пікірін білді.
— Сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырады? Ұлттық кеңесте қандай мәселені көтерер едіңіз?
Қазыбек Иса:
— Менің қандай мәселені көтеретінім белгілі деп ойламын. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірегейі қазақ тілінің қазіргі хал-ахуалы. Өйткені қанша айтылғанмен, шешімі табылмай келе жатқан да осы тіл мәселесі. Тіл мәселесі шешілмей, тірлік шешілмейді. Өйткені ананың тілі мен ананың сүті бірдей. Бала қай тілде еміп өссе сол тілге қызмет етеді. Жүсіпбек Аймауытовтың бір сөзі бар "Бала қай тілде тәрбиеленіп, білім алса сол ұлтқа қызмет етеді". Ал өз басым қазіргі биліктегі қызметкерлер қай тілде тәрбиеленсе, сол ұлтқа қызмет етеді деп санаймын. Сондықтан да тіл мәселесін жолға қою қажет. Бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға шамамен 30 жылдың көлемі болып қалды. Тәуелсіздік алғамызға 28 жыл болды. Бірақ сол баяғы, Байқожаның таяғы болып тұр. Қазақ "қарнымның ашқанынан жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын" деп айтып кеткен. 1986 жылы жастар қарны ашқандықтан емес, қадірі қашқандықтан көшеге шықты. Ал адамның қадірі, ар-намысы, жаны — тілінде. Тілің тапталып жатқан кезде қай мәселе толықтай шешіледі?! Мысалы Жапония II дүниежүзілік соғыстан кейін ең бірінші ұлттық идеологиясын жолға қойған. Содан кейін ғана экономикасын реттеп алды. Ал бізде ұлттық идеология ең соңғы орында келе жатыр. Қазір бізде ұлттық идеология бар деп айта алмаймыз. Мысалы елге келген қандастар орыс тілін білмегіні үшін неге қиындық көруі керек? Бұл адамның ақылына сыймайтын дүние. Енді бұдан кейін халықтың арасында қалай тұрақтылық, келісім пайда болады? Ұлттық кеңес болса осындай өзекті, өткір мәселелерді талқылап қана қоймай шешілуіне ықпал етуі тиіс.
Ерлан Сайыров:
— Қазақстанның саяси реформасынан бастау керек. Саяси реформа дегеніміз осы қоғамдағы процестегі кей заңдарға өзгеріс енгізу. Нақтылайтын болсақ, біріншіден, сайлау туралы, ақпарат туралы, партия мен митингтер туралы заңның талаптарын бүгінгі заманға сай етіп өзгерту керек. Екінші, аймақтарда өзін-өзі басқару проблемасы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біздің елімізде өзін-өзі басқарудың жаңа бір әдіс-тәсілдерін жасау керек. Ал мемлекет өз кезегінде өзін-өзі басқаруға араласпғаны жөн. Сондай-ақ саясатты орталықсыздандыру керек. Қазір бізде саяси процес Алматы мен Астанада ғана жүріп жатыр. Қазақстан облыстардан тұрады. Сондықтан аудандық маслихаттардың статусын кеңейтіп, депуттаттарға толыққанды әрі кәсіби түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек. Егер осы мәселелер шешілетін болса біздегі саяси реформаның деңгейі көтеріліп, алға жылжитын еді.
Қайрат Жолдыбайұлы:
— Қазір өзекті мәселелер көп. Дін саласында, әлеуметтік мәселелер де бар. Өзімнің айтамын деп жүрген ұсыныстарым бар. Бірақ мұны Ұлттық кеңестің отырысында айта жатармын.
Айгүл Орынбек:
— Ең бірінші тіл мәселесі. 30 жыл бойы бүкіл ақпарат, бүкіл заң орыс тілінде таратылып келді. Қазіргі қазақ тілі қоғамының мәртебесі өте төмен. Сол себепті көптеген мәселелер жоғары жаққа жетпей жатады. Халық пен билік арасында қарым-қатынас жоқ.
— Ұлттық кеңеске байланысты халықтың пікірі қақ жарылды. Бірі сенім артса, енді бірі күмәнмен қарайды. Күмәнмен қарайтындарға не айтар едіңіз?
Қазыбек Иса:
— Күмәнмен қарауы — заңдылық. Бірақ қазіргі Ұлттық кеңестің осыған дейін кеңестерден өзгешелігі бар. Біріншіден, кеңеске президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі төрағалық етеді. Екіншіден, ұлттық кеңестің құрылуы туралы президенттің сайлауалды бағдарламасында бар еді. Сондай-ақ ұлықтау кезінде де президент Ұлттық кеңес жайлы айтқан болатын. Енді қазір сөзінде тұрып, айтқанын іске асырып жатыр. Ұлттық кеңес құрамы да жан-жақты қамтылған. Кеңесте өңірлерде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген белсенділер де, тұрақты бір салада еңбек етіп, жұмыс істеп жүрген азаматтар да бар. Енді тек Ұлттық кеңес өз атына сай жұмыс істеу керек.
Ерлан Сайыров:
— Қоғамдық кеңестің мүшесі деген лауазым емес, бұл миссия. Қоғамдық кеңес ашық түрде жұмыс істейтін болады. Азаматтардың барлығы өзінің ұсынысын ашық түрде айтады. Яғни қоғамдық кеңестің мүшелері — халықтың ұсыныстарын билікке жеткізетін құрал ғана. Сондықтан қоғам болып бірігіп жұмыс істейтін болсақ кеңестің жұмысы өнімді болады деп ойлаймын.
Қайрат Жолдыбайұлы:
— Біріншіден, мен кеңестің жұмысына күмәнмен қарайтындарды сынай алмаймын. Өйткені осы уақытқа дейінгі кеңестер халықтың сенімін ақтай алмады. Көлеңкелі тұстар болды. Халықтың сенімін жоғалтып алған да азаматтар болды. Сол себепті де бұл кеңестің жұмысына күмәнмен қарайтындарға түсіністікпен қараймын. Екіншіден, мен не себепті бұл кеңестің мүшесі болуға келісім бердім? Себебі "бұл ән бұрынғы әннен өзгерек". Қазіргі халықтың саяси санасы оянды. Әлеуметтік желі арқылы сөз бостандығы деңгейі артты. Халық пен биліктің арасында диалогтың керектігін түсініп, қордаланған мәселелердің көп екенін сезінгеннен кейін билік осындай қадамға барып отыр. Бұған төрағалық ететін де жай адам емес, президенттің өзі. Сондықтан осындай кезеңде халықты алдап, оны қайтадан ашындырып, рөл ойнауға жол берілмейді деп ойлаймын. Көптеген мәселе қоғамдық кеңесте талқыланатын болады. Сондай-ақ президенттің өзі төрағалық ететін аты дардай кеңестің көлеңкелі тұсы көп болады дегенмен келіспеймін. Себебі бұл кеңесті халық өз назарында ұстап отыр. Сондай-ақ бұл факторлар кеңестің жүйелі жұмыс жасауына ықпал етеді деп сенемін. Сол себепті де мен кеңесті мүшесі болуға келісім бердім.
Айгүл Орынбек:
— Ең бірінші тіл мәселесі. 30 жыл бойы бүкіл ақпарат, бүкіл заң орыс тілінде таратылып келді. Қазіргі қазақ тілі қоғамының мәртебесі өте төмен. Сол себепті көптеген мәселелер жоғары жаққа жетпей жатады. Халық пен билік арасында қарым-қатынас жоқ.
Маған алғаш ұсыныс түскен кезде мен бірден қарсы болдым. Кейін ойланып қалдым. Себебі кеңестің құрамында орыс тілділер көп болды. Олар осындай ұйымдар мен кеңестерге кіріп алып, өздерінің ойларын, ұсыныстарын айтып жатады. Билік бір қадам жасап, ұсыныс жасағаннан кейін қазақ тілді белсенділер неге бас тартуы керек? Неге билікке де бір қадам жасамасқа?! Соңғы кездері маған халықтың тарапынан "барлық мәселелерді неге ғаламторда ғана көтеріп, жаза бересің" деген сұрақтар көп қойылып жүр. Сол себепті осы мүмкіндікті пайдаланып, халықты толғандырып жүрген мәселелерді Ұлттық кеңесте көтеріп, қазақ тілінде айтсам деп ойладым. Сол себепті ұсынысты қабылдадым. Халықтың мұң-зарын билікке жеткізуге мүмкіндік туған соң осы мүмкіндікті тиімді пайдаланайын дедім.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір