• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 20:37:19
Алматы
+35°

Бүгінгі таңда  ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі құс шаруашылығымен айналысу.  Аз уақытта өнімнің өндірілуі  нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға жол ашады.

«Кетпен шауып өлгем жоқ, кемтаршылық көргем жоқ» деген сөздің төркіні  адам баласы қандай қиыншылыққа тап болса да еш мойымай алға ұмтылса ғана діттеген мақсатына жете алады .Ерінбей еңбек еткеннің  бүйiрі толып, несiбесі артады.

Жамбыл облысы Сарысу ауданында да  аула ішінен-ақ, тірлік етіп, отбасының керегін қамтып қана қоймай, табыс көзіне айналдырып отырған іскер жандар қаншама?

Осылай шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіп иесінің бірі – Сарысу ауданы Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылының тұрғыны Мәлік Мыңбаев.

Мәліктің үйіне жақындаған сәттен  құстардың дыбысы естіледі. «Бұл дауыстар жанымды жадыратады», –деген құс өсіруші таңмен таласа тұрып, тынбай еңбек етіп келеді.

Тәжірибе дегенің өмір ғой, осы тауықты асырауда көптеген кедергіге  тап болса да, сұрай жүріп, қыр-сырын меңгеріпті.

Құс шаруашылығынан нәпақасын тапқан  Мәлік Мыңбаев   3 жылдам астам уақыттан бері осы кәсіпті жанына нәсіп етіпті. Асырап отырған тауығының жұмыртқасын сатылымға шығарып келеді.

-Өзiне қажеттi тамағын даладан табатын тауықтың бір пайдасы  шегiрткенiң жауы.  Егістікке шегіртке жоламайды. Отбасындағылар күнделiктi тамаққа жұмыртқаны үй тауығынан қолданады.  Ақиқатында  еңбек адамды жоқшылықтан құтқарып, шаруаға бейімдейді.  «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай,  көзiн тапқанға тауық та табыс көзi.

Бұл шаруаның  қиыны балапан ашып шыққан соң,- дейді кейіпкеріміз.  Ол ең бірінші құстарын көріп, жағдайын қарамаса көңіл көншімейтіндігін айтып ағынан жарылды.

Расында   тауық жұмыртқасына деген  сұраныс бүгінде  жоғары. Өйткені, кім болса да химикатталған астан гөрі, таза, сенімді, сапалы өнімді қолданғысы келеді.

Күнделікті үй шығынын да өтеуге жарайтын табыс түрін мұнан әрі дамытып, үлкен тіршілікке айналдыруды жоспарлаған Мәліктің сөздерінен бұл іске деген қызығушылығын байқадық.

Қырықтан астам тауық асырап отырған ағамыз өткен жылы 70, ағымдағы жылы 100 балапанға дейін шығарып, жылдан жылға көрсеткіш арта түсуде дейді. 

Аталмыш кәсіпті кеңейтіп, тауық етін сатылымға шығаруды жоспарлаған кәсіпкердің ісіне береке, сәттілік тіледік.

Дариха Үмбетиярова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір