• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 17:24:47
Алматы
+35°

Жамбыл облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тапсырылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының баламалы нұсқасы жасалған. Онда облыстың әр қиырындағы бірқатар тарихи-мәдени, археологиялық нысандар тізімге алынған. Соның бірі Қордай батырға қойылған ескерткіш. Бүгінде жергілікті тұрғындар арасында тұтас бір ауданға аты берілген батырға қатысты аңыз-әңгімелердің бірнеше нұсқасы айтылады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақтың тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу тарихында ерен ерлігімен, көзсіз батырлығымен елдің есінде қалған тұлғалар жетерлік. Соның бірі де бірегейі Қордай батыр. Сонау біртұтас қазақ ұғымы пайда болмаған І-ІІ ғасырда өмір сүрген батыр Асиби деген ел билеушісінің сенімді серігі болғанға ұқсайды. Патша әмірімен Қордай батыр шығыстан келетін жауға тойтарыс беруді міндетіне алған. Қордай батыр секілді Аспара, Атар сынды қолбасшылар елдің іргесін басқан жау жолына қарсы тұра білген.

Аңыздарда Қордай батырдың дене бітімі өте ірі болғандығы айтылады. Батырдың тұлғалы, алып болғанын табанының көлемінен байқауға болады. Қазіргі таңда Қордай батырға орнатылған ескерткіш маңында оның ізі қалған тас бар. Бұл бас бетіндегі батырдың ізіне қатысты түрлі жорамалдар айтылады. Соның бірінде биік шоқының үстіндегі тасқа шығып, жауларының келе жатқанын көрген батыр ашуға булыққан сәтте тастың бетіне аяғының іздері қалғаны туралы баяндалады.

Қордай батыр өзінің жаужүректілігінен бөлек айлакерлігімен де жауға тойтарыс бере білген тұлға. Қазіргі Жамбыл облысының аумағындағы Хантау бөктерін жау шапқан кезде, Шудың батыс жағынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, жаудың қалың қолын қырып салған деседі. Қапияда қос батырға қарсы амал жасай алмаған жау әскерінің қып-қызыл қаны Хантау тауының бөктері мен сай-саласынан жосыла ағыпты. Осы бір оқиғадан соң сол таудың аты «қантау» аталып кеткен. Оны бүгінде халық Хантау деп атайды.

Ел басына күн туған шақта халқына қорған болып білектің күшімен, айлакерігімен амал жасаған Қордай батырдың ескерткіші қазіргі Қордай ауданы, Алматы-Қордай күре жолының 171 шақырымындағы Қордай асуына қойылған. Ескерткіш 2002 жылы қызыл гранит тастан көлемді етіп жасалып, тас тұғырдың үстіне орнатылған. Бұл ескерткіш ел аумағындағы тәуелсіздік пен азаттық жолында жанын пида еткен батырларға қойылған ескерткіштердің бір парасы ғана.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір